Әлемдегі ең ыстық ауа температурасы өткен жексенбіде тіркелді. АҚШ-тың оңтүстік-батысында орналасқан Калифорнияның Мохаве шөліндегі Ажал алқабында ауа температурасы 54,4 градусқа жеткен.
Лас-Вегастағы метеорологиялық қызмет бюросының метеорологы Дэниел Берктің айтуынша, ылғалдылық 7 пайызға дейін төмендеп, құрғақ ыстық болған. Тұрғындарға сыртқа шықпауға, шыққан жағдайда ыстықтан қорғануға кеңес берілді. Д.Берк сондай-ақ АҚШ-тың батыс бөлігіндегі ыстық ауа райы апта бойы жалғасатынын хабарлады.
Сарапшылар мұндай көрсеткіштің соңғы жүз жылда, тіпті ешқашан тіркелмегені мүмкін екенін айтады. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым тарихта бұдан да жоғары ауа температурасының болғанын мәлімдеген. Дегенмен, ауа райы маманы Кристофер Берт өз зерттеуі негізінде әлгі мәлімдемеге күдік келтірді. Оның айтуынша, ескі жазбаларда бақылаушының қателігі болуы ықтимал...
Климаттың өзгеруі жаһандық температураны жаңа деңгейге көтерді. Еуропада Солтүстік Испания шілдеде жергілікті ауа температурасының рекордын тіркеді, ал Францияда бидай алқаптары өртенді. Ресейде Сібір ормандарында бұрын-соңды болмаған орман өрттері орын алды.