Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы фармацевтикалық компанияның өкілдерімен кездесті. Іс-шара барысында олар медициналық мекемелердің және провизорлық орталықтардың қызметкерлерін дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ, қорғану бұйымдарымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттар өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізу кезінде Шымкент қаласындағы 60 медициналық мекеменің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға тапсырыс беру мақсатымен осы жыл үшін 465 келісімшарт жасасқаны анықталды. Оның жалпы құны қосымша өтініштерді бірге есептегенде 6,9 миллиард теңгені құрайды. Қазірдің өзінде жеткізуші тарап 4,15 миллиард теңгенің медикаментін жеткізген.
Осыған орай Сенат депутаттары фармацевтикалық хабтың қоймасын арнайы барып тексерді. Бұл жерден дәрі-дәрмектер Шымкент шаһарымен бірге Түркістан, Қызылорда және Тараз қалаларына да жеткізіледі. Тексеріс кезінде Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қоймада медициналық препараттар мен басқа да қажетті бұйымдардың екі айлық қоры бар екеніне көз жеткізді. Қыркүйек айында тағы да қосымша медикаменттер жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Фармацевт мамандар сенаторларға осы саладағы түйткілдер жөнінде айтып, Шымкентте Ұлттық медициналық өнімдер мен қызметтерді сараптау және сертификаттау орталығының филиалын ашу мәселесін көтерді. Қазіргі таңда олар сараптама жүргізу үшін өзге қалалардағы мамандарға жүгінуге мәжбүр. Мұның өзі айтарлықтай уақыт алатыны белгілі. Соның салдарынан пандемия кезінде дәрі-дәрмек жеткізуде мәселелер туындаған. Осыған орай шымкенттік фармацевттер аталған орталық қаланың өзінде болса, сараптауларды жедел жүргізуге және қажетті препараттармен қысқа мерзімде қамтамасыз етуге жол ашылатынын жеткізді.
Сонымен қатар сенаторлар Қоғамдық кеңестің өкілдерімен кездесіп, Шымқалада медицина саласының дамуына тың серпін беретін басымдықтарды пысықтады.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.