• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 20 Тамыз, 2020

Оқу жылына дайындық ойдағыдай ма?

269 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысындағы білім саласының бюджеті 314,2 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 108 млрд теңгеге артып отыр. Жалпы облыста әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаражатының 65 пайызы білім саласына бағытталған. Ал санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылында 426 мыңнан астам бала білім бұлағына бас қоймақ. Демек, Жетісудағы оқушы саны 2019 жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп отыр. Ал 1 сыныпқа 48 мың бала қабылданады екен.

Еліміздегі эпидемиялық жағ­дайға байланысты балаларды төрт бағытта оқыту жоспарлану­да. Яғни, оқушылардың 70 па­йы­з­ы немесе 299 653 оқушыға бі­лім беру платформасы интернет желісі арқылы жүргізіліп, оқумен қамтылатын болады. Ал 20 пайыз немесе 84 471 оқушы «Әл Фараби», «Еларна» республикалық телеарналары мен облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білім алмақ. Бұған қоса шалғайдағы елді мекендерде орын тепкен шағын жинақты 138 мектеп­те санитарлық талаптарға сәйкес оқыту жүргізілмек. Нақтысы, облыс бойынша 7721 немесе 2 пайыз оқушы штаттық ре­жімде оқиды. Сондай-ақ ата-ана­лар­дың өтініші негізінде 5214 кезек­ші сыныптар ашылып, бас­тауыш сыныптарда 34 792 бала білім алатын болады.

Биылғы оқу жылында Жеті­су жеріндегі мектеп саны да көбей­мек. Қазір мемлекет қол­дауының нәтижесінде облыста 32 білім нысанының құрылысы жүруде. Оның ішінде 23 мектеп бар. Әрі 4 жатақхана салынуда. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде жалпы сомасы 27 млрд теңге болатын 1500 орындық  тағы 6 мектептің құрылысы жос­пар­ланған. Осы тізімдегі Талды­қорған қаласында 288 орындық жатақхананың, Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы 1200 орын­дық мектептің, Кеген ауданы Саты ауылындағы А.Түр­ке­баев атындағы мектептің спорт және мәжіліс залдары мен ас әзірлейтін бөлігінің құры­лысы толық аяқталды. Ал 1 қыр­күйекте аймақта су жаңа 6 мектеп есігін айқара ашпақ. Атап айтқанда, Жамбыл ауда­ны Жай­саң ауылындағы 2600 орын­дық білім ошағы, Іле ауданы Түймебаев ауылындағы, Қарасай ауданының Шамалған стансасы мен Әйтей ауылындағы, Кербұлақ ауданының Қосағаш ауылындағы, Көксу ауданының Қызылтоған ауылындағы мектептер пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданының Қасымбек ауылында және Ескелді ауданының Абай ауылында 480 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталады. Сөйтіп, Жетісудағы жаңа мектеп саны биыл сегізге жетпек.

Айтпақшы, облыс бойынша 91 743 оқушы қашықтан білім алу үшін компьютерлік құралдарға мұқтаж. Демек жұрт көңілінде «Қашықтан оқуға қаншалықты дайынбыз?» деген заңды сауал туады. Осы сұрақты облыс әкіміне жолдаған едік. Мәлім болғандай, әкімдік мәселені шешуге білек сыбана кіріскен. Әсіресе, аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынып, уақытша пайдалануға берілмек. Сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үшін 12,5 млрд теңге қаралған. Қосымша мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынуда. Бұл іске меценаттар да көмек көрсетуге ниет білдіріп отырған көрінеді. Мәселен «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстың аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін бермек.

– Облыстағы санитарлық эпидемиялық жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталады. Бірақ қашықтан оқыту жас ұрпаққа білім беру, оны тәрбиелеу ісіне ешқандай кедергі болмауы тиіс. Ол үшін біз барлық қажетті жағдайларды жасадық. Штаттық режімде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Кіреберістерде залалсыздандыру төсеніштері, тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қам­та­масыз етіледі. Бұл мақсат­қа 226,9 млн теңге қаржы қа­ралған. Сондай-ақ оқушы­лар мен мұғалімдердің компью­тер­лік құралдарға қажеттілігіне, со­нымен қатар интернет же­лісі тартылған елді мекен­дер­ге қатысты да мониторинг жүр­гізілді. Облыста компью­тер­лік техникамен қамтамасыз етіл­ген оқушылар үлесі 61 па­йыз, яғни 242,7 мың шамасында. Ал мектептердегі 23 678 компьютер балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Ал аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында қо­сымша 75,6 мың компьютер сатып алынып, уақытша пайда­ла­нуға беріледі. Сатып алу жұ­мыс­тарына 12,5 млрд теңге қарал­ған. Оған қосымша мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясын­да 5 млрд теңгеге 20 мың компью­тер сатып алынады, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Әрине, осы жерде білім са­ла­сындағы цифрландыруға қатыс­ты мәселеге назар аудару қажеттігі күн тәртібіне шығады. Қазір Алматы облысындағы білім беретін 41 625 мұғалімнің 96,4 пайызы жаңа технологияны толық меңгерген екен. Яғни, ұс­таз­дардың компьютер мен ин­тер­нетке қолжетімділігі осы шама­да. Ал 3,6 пайыз мұғалімге бұл ар­­ман болып отыр. Және облыс­та 498 пән мұғалімі жетіспейді.

– Цифрландыру бағыты бү­гінгі даму процесіне ерекше әсер етіп отыр. Бұл талап қазір­гі жағдайда барлық салаға ен­гі­зілуде. Соның ішінде білім беру саласы да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Bilimland.kz цифрлы ресурсы облыстағы 737 мектепте қолжетімді. Кең жолақты интернетке 752 мектеп, «Күнделік» жүйесіне 704 мектеп қосылған. Ал облыстағы 732 елді мекеннің он тоғызында интернет желісі жоқ. Жаңа оқу жылында аталған ауылдарда тұратын 886 оқушының ішіндегі 730 бала телеарна арқылы білім алып, қалған 156 бала штаттық режімде оқымақ. Интенеттің қолжетімділігі де назардан тыс қалған жоқ. «Қазақтелеком» компаниясы арқылы 98 мектептің интернет жылдамдығы 4 Мбит-тен 8 Мбит-ке дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутер құрылғысын сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы облыста жаңа оқу жылында балаларды компьютер және интернет желісімен қамту мәселелерін шешу үшін барлық жағдай жасалуда, – дейді облыс басшысы Амандық Баталов.

Қалай болғанда да қашықтан оқу шалғай аудандарға оңай болмайтын түрі бар. Әсіресе, білім алуға қажетті құрылғы­лар­мен қамту және интернет байланы­сының нашар болуы ауыл ұстаз­дары мен оқушыларына сын болғалы тұр. Өкінішке қарай, дәл осы мәселе Алматы қала­сы­ның іргесіндегі Іле ауданы аума­ғындағы мектептерде де кездесіп отыр. Мәселен, Ащы­бұлақ ауылдық округіне қарас­ты №44 орта мектептің мұға­лімдері ерекше алаңдаулы. Өйт­кені, бұл мектепте негізінен сая­жай тұрғындарының балалары білім алады екен. Әрі бала саны жоғары. Мектеп 600 орындық бол­ғанымен, оқушы саны 2 мың­ның үстінде екен.

 – Жаңа оқу жылында оқушы саны 2600 балаға жетеді деп отыр­мыз. Қазір 1 сыныпқа 355 бала онлайн өтініш білдірді. Жаңа оқу жылында мектепте 145 бала кезекші сынып­та оқу­ға өтініш білдірді. Нақты­лап айтсақ, 1 сыныптарда 130 ба­ла, 2 сыныптарда 15 ба­ла кезек­­ші сыныптарда оқи­тын болып отыр. Ал қалған оқушылар қа­шық­тан оқиды. Қашық­тан оқи­тын оқушылар үшін сая­жай­лар­дағы интернет байланы­сы­ның нашарлығы қиындық туғы­зуда. Мектептен көпбалалы, аз қамтылған отбасы бала­ларына компьютер берілуде. Алай­да, интернет нашар болса, компью­терден не пайда? Кезек­ші сыныптарға кабинеттер дайындалып, мұғалімдер бекітілді, – дейді мектептің оқу ісінің меңгерушісі Ақылбек Солтанқұлов.

 

Алматы облысы