Қазақстандық «Астана» велокомандасының ресейлік шабандозы Александр Власов бір күндік «Джиро д’Эмилия» жарысында бас жүлдені олжалады.
1909 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әйгілі веложарыс жыл сайын Эмилия-Романья бағытымен басталып, Болонья қаласында мәресіне жетеді. «Джиро д’Эмилия» Италиядағы ең беделді жарыстардың бірі саналатын дода 2005 жылдан бастап UCI еуропалық турының күнтізбесіне енген.
199,7 шақырымға созылған биылғы жарыста «Астана» өкілі Александр Власов жеңімпаз атанды. Бір қызығы, бұған дейін бұл турнирде «Астананың» бірде-бір өкілі жеңіске жетпеген. Екінші орынды португалиялық Жоау Алмейда (Deceuninck-Quick Step) иеленсе, үздік үштікті италиялық велошабандоз Диего Улисси (UAE) түйіндеді. Ал «Астананың» даниялық капитаны Якоб Фульсанг мәре сызығын бесінші болып кесті.
Айта кетейік, 24 жастағы Власов бұған дейін Франция тас жолында өткен бір күндік «Мон Ванту Челлендж» жарысында да алдына жан салмаған еді.