Елордалық "Астана" велокомандасының канадалық спортшысы Уго Уль LaPresse басылымына коронавирус жұқтырып алғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Уго "Польша туры" деп аталатын жарыстың алдында екі мәрте тест тапсырған. Бірақ екі мәрте де вирус анықталмаған. Сосын ол өткен аптада тағы бір рет тест тапсырыпты. Сол тесттің қорытындысы бойынша спортшының коронавирус жұқтырып алғаны анықталған. "Шамасы мен қонақ үйде жұқтырып алсам керек. Ол жерде асхана барлық спортшыларға ортақ. Менде вирустың ешқандай симптомдары жоқ.Температура да байқалмайды. Жөтеліп те жүрген жоқпын. Енді екі апта емделіп, оқшауланамын", - деді спортшы. Cyclingnews басылымының ақпараты бойынша, "Астана" командасынан басқа ешкім вирус жұқтырмаған екен.