"Adaldyq alańy" жобасы аясында бағаны көтеру фактілерін болдырмау мақсатында еліміздің дәріханаларында ақпараттық брошюралар орналастырылады. Оларда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін дәрілердің шекті құнын регламенттейтін нормативтік құқықтық актіге және уәкілетті органның Call-орталықтарының нөмірлеріне сілтемелер QR-кодқа орнатылған.
Бұл бастама дәріханалардың сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруінің тежеуші факторы болып табылады. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, арнайы мониторингтік топтар мен "Adaldyq alańy" жобалық кеңселерінің өкілдерімен бірлесіп 4500-ге жуық дәріхана, 300 медициналық бұйымдар қоймасы, 380 аурухана мен емхананың қызметіне мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде, негізгі бөлігі дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруге байланысты 280-нен астам бұзушылық анықталды. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша материалдар Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді. Бұдан бөлек, 66 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұл сомасы – 10 млн теңге.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.