• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Тамыз, 2020

Оқушылар сарайында "Әл-Фараби әлемі" оқу-тәрбие орталығы ашылды

653 рет
көрсетілді

Орталық әйгілі ойшылдың зияткерлік және шығармашылық мұрасын зерделеп, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында құрылған. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралары аясында Әл Фараби атындағы Оқушылар сарайында "Әл-Фараби әлемі" оқу-тәрбие орталығының ашылу салтанаты өтті.

"Орталықтың ашылуы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына баға жетпес үлес қосқан орта ғасырдың ұлы ойшылы, энциклопедист және философ Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасына деген құрметімізді көрсетеді. "Екінші ұстаз" атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің философияға, логикаға, метафизикаға, жаратылыстану ғылымына қосқан үлесі орасан", делінген хабарламада.

Оқу-тәрбие орталығын құрудағы мақсат – жер жаһанға әйгілі ойшылдың зияткерлік және шығармашылық мұрасын зерделеп, ұрпақ санасына сіңіру.

Оқу-тәрбие орталығында ғалымның сан түрлі қырын анықтайтын "Әл-Фараби және ғылым", "Әл-Фараби және грек ойшылдары" (Аристотель, Платон), "Әл-Фараби және өнер", "Әл-Фараби және тәрбие", "Әл-Фараби және Поэзия", "Әл-Фараби және шешендік өнер" бөлімдері бар.

"Бұл бағыттар бойынша оқушылар ғалымның медицина, астрономия, математика, геометрия, логика, пәлсапа, яғни, барлық ғылым саласында еткен еңбектерін жинақтап, ізденеді. Келешекте Әл-Фараби туралы деректі фильмдер, танымдық дүниелер дайындап, оның өмір сүрген кезеңіне қатысты тың деректерді осы орталыққа жинақтап, әйгілі ойшылдың қалдырған мол мұрасын насихаттау бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз", дейді Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.

Тұсаукесер аясында ғалым бюстінің ашылу рәсімі де өтті. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының аспаптық музыка бөлімінің оқытушылары белгілі композитор К.Күмісбековтің "Фараби сазы" туындысын орындады.

  Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.