• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Тамыз, 2020

Алматыда көпбалалы аналарды қолдау және жұмысқа орналастыру мақсатында әлеуметтік тігін цехы іске қосылды

538 рет
көрсетілді

Алматы қаласы, Алмалы ауданында әлеуметтік тігін цехы өз жұмысын бастады. Бұл әлеуметтік жоба "Іскер ана" бағдарламасы аясында іске қосылып, көпбалалы аналарға арналған "Бақытты отбасы" орталықтарында жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Іскер ана" бағдарламасы қала басшысының бастамасымен, көпбалалы және аз қамтылған аналарға түрлі мәселелерде қолдау және көмек көрсету мақсатында жұмысын бастаған.

Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанованың айтуынша, бүгінгі таңда цехта тігу және пішу курстарынан өткен 15 ана жұмыс істей бастады. Жоба — бизнес негіздерін дамытуға, көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыруға бағытталған.Цехта көпбалалы аналар тігін ісінің техникасы мен технологиясын үйренеді. Сұраныстағы тауарларды шығарып, оны нарықта қалай сату керектігін үйрететін маркетингтің негіздерін меңгеретін болады.

"Жобаның мақсаты - аналарды нарық талаптарына баулу. Тігін ісін негізгі мамандық етіп, табыс таба алу. Аналар цехтағы жұмыс кестесін өздеріне ыңғайлы етіп жасап алуына болады. Осылайша олар отбасына уақыт бөлуге мүмкіндігі болады. Мұнда олар тігін ісін одан әрі дамытып, жетілдіріп, нарықта сұранысқа ие өнім шығара алады", - деді ол.

Сонымен қатар, ол әйелдер үшін басты мақсат — жинақталған тәжірибені қолдана отырып, өз ісін ашуға және дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

"Цехта "Бастау" кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында мемлекеттен 500 мың теңге көлемінде грант алған әйелдер де жұмыс істейді. Төтенше жағдайға байланысты олар өз ісін аша алмады. Сондықтан олар қазір осында жұмыс істеп, бизнес құруды үйренуде", - деді А.Бекжанова.

"Жібек-жолы" БО ғимараты тігін цехына қайта жабдықталды. Оны ауданның кәсіпорындары мен ұйымдары әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне ала отырып, демеушілік жасап, тегін жабдықтап берді.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.