Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Іле Алатауы Ұлттық саябағының жанынан құрылған қоғамдық кеңес «Аюсай визит орталығы» жобасының жұмысымен танысты.
Алатау баурайындағы әсем Алматы тағы да бір тамаша демалыс орнымен толығады. Экотуризмді тұрақты дамыту жұмыстарының барысын тексерген мамандар көркіне көз тоймайтын тұмса табиғатты демалыс үшін тиімді пайдаланумен қатар қоршаған ортаға залал тигізбеу жайын баса назарға алуымыз керек деп есептейді. Ұлттық саябақ жанындағы қоғамдық кеңеске құрамында – туристік ұйымдар өкілдері, ғалымдар, спортшылар, кәсіпкерлер, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері бар 19 адам енген.
Ұлттық саябақ жанындағы қоғамдық кеңес орталықтың құрастырылу сатыларымен танысты. «Туранга групп» командасы таяу арада «Тамыр» табиғат аясында болу мектебімен бірге екі жаңа соқпақты қалыптастыруды жоспарлап отыр. «Жас кайың» деп аталған бірінші соқпақта ата-аналар балаларымен бірге, сондай-ақ егде адамдар жүре алады. Екінші соқпақ қимыл-қозғалысы шектелген жандар үшін арнайы құрылмақ. Келешекте жүріс мүмкіндігі арттырылған мүгедек арбалар алу да ойластырылыпты.
Алматы экология департаментінің басшысы Қонысбек Байдинов: «Экотуризмді дамыту жобасы өте қажет. Әсіресе өскелең ұрпақ үшін керек. Балаларды экологиялық мәдениетке жастайынан баулу, қоршаған ортаның құндылығын ұқтыру аса маңызды», дейді.
Жобаның басты артықшылықтарының бірі таудағы «жабайы» миграцияны өзгерту талпынысы екенін атап өткен жөн. Ұлттық саябақ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Расул Рысмамбетов осыған қатысты қолдау пікірін білдірді.
– Мен қоғамдық кеңеске аталған жүйенің тиімділігі қызықтырғасын, бұл жоба келешекте қандай сомаға жүзеге асып, қандай табыс әкелерін білгім келгендіктен кірдім. Себебі Қазақстанда бір емес, он үш ұлттық саябақ бар. Сондықтан экобизнестің жеке жоба үлгісінде дамуын бақылау қызықты болмақ. Оның үстіне тауға жиі келетін Алматы қаласының тұрғыны ретінде бұл жоба қандай өзгеріс әкелетінін көргім келеді, – дейді ол.
Жоба аясында 155 шақырым жаяу соқпақ салу мен абаттандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ келушілерге ұлттық саябақ туралы ақпарат беретін 7 визит орталық орнату қарастырылған. Келешекте этноауыл, кемпинг, шатыр лагерь, 10-15 орындық глэмпинг (тау баспанасы) және бір караванинг (автоүймен саяхат жасайтындарға арнап жабдықталған тұрақ ) пайда болмақ.
АЛМАТЫ