• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Тамыз, 2020

Өкпесі 88%-ға зақымданған алматылық жазылып шықты

171 рет
көрсетілді

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері өкпесінің 88 проценті зақымданған сырқатты емдеп жазды. Коронавирус инфекциясы салдарынан 59 жастағы науқас өздігінен тыныс алу қабілетінен айырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Алматылық Владимир Шестаков қауіпті вируспен бір айдан астам уақыт күресті. Екі өкпесі бірдей қабынған пациент екі аптасын жан сақтау бөлімінде өткізген.

Науқастың қызы  Ольга Чистякованың сөзінше, әкесі биылғы жылдың 25-маусымында сырқаттанған. Бастапқыда дәрігерлер өткір респираторлық вирустық инфекция жұқтырды деген диагноз қойыпты. Бірақ тағайындалған емненеш нәтиже болмаған соң, компьютерлік томография жасалған. КТ нәтижесі өкпенің 88%-дан астамы зақымданғанын растаса, ПЦР-тест сырқаттың COVID-19 вирусын жұқтырғанын көрсеткен.  

«Әкемді бірден ІІМ госпиталіне жатқызды. Бірақ беті бері қарай қоймаған соң, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Аурухана дәрігерлері әкемді емдеп жазамыз деген сөзінде тұрды. Ол өз аяғымен ауруханадан шықты. Орталық қалалық клиникалық ауруханада алтын қолды дәрігерлер жұмыс істейді. Солардың білімі мен біліктілігінің арқасында әкем ауыр науқастан құлан-таза айықты», - деп жазды Ольга Чистякова Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында.

Емдеуші дәрігер Мыңжан Меңлібековтің айтуынша, пациент ОҚК ауруханаға ауыр халде түскен.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттің өкпесі зақымданып, вирусты пневмонияға шалдығады. Бұл пациенттің өкпесі оттегі аппаратына қосқанға дейін 97 процентке дейін зақымданып үлгерді. Бірден тиісті дәрі-дәрмектер бердік, оттегіге қосқаннан кейін жағдайы едәуір жақсарды», - дейді М.Меңлібеков.

Жыл басында іске қосылған Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы халық арасында үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Азаматтар Qoldau 24/7 арқылы шағым ғана емес, емдеген дәрігерлер мен медицина мекемесі атына алғыстарын да жолдай алады. Қаңтар айынан бері қосымша арқылы 700-ге жуық алғыс хат келіп түскен.