Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі суында уыттылығы жоғары химиялық заттардың жоғары шоғырлануы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінt сілтеме жасап.
"Қазгидромет РМК мамандары көлдегі судың, түп шөгінділердің және жағалаудағы топырақтың сынамаларын алды. Көбейтұз көлі суының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілген.
Түп шөгінділерде кадмий, марганец, мыс, күшәла, никель, қорғасын, хром мөлшері табылды. Жағалаудағы топырақта кадмий, мыс, мырыш, қорғасын, хром бар екендігі белгілі болды.
Ал жер үсті суларының сынамаларында уытты, уыттылығы жоғары элементтер мен металдардың жоғары шоғырлануы - күшәла (20,7 мг/дм3), қорғасын (73,8 мг/дм3), кадмий (0,19 мг/дм3), мырыш (15,7 мг/дм3), хром (2,3 мг/дм3), мыс (1,4 мг/дм3), никель (0,4 мг/дм3), молибден (6,2 мг/дм3) анықталды. «Макро-микроэлементтердің жер үсті суларына түсуінің ықтимал көзі - жер асты топырақтарынан шайылуы.
Ерейментау ауданының жер қойнауы алтын, сүрме, тас көмір, боксит, гранит, әктас және басқа да қорларға бай. Судың, түп шөгінділердің, жағалаудағы топырақтың физика-химиялық көрсеткіштерінің нақты шоғырлануы бойынша нәтижелер ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жіберілді.
Көбейтұз көлінде уыттылығы жоғары химиялық заттардың жоғары шоғырлануының болуын ескере отырып, Көбейтұз су айдынының халық үшін қауіпсіздігін белгілеу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органды тарта отырып, арнайы зерттеулер жүргізу қажет деп санаймыз», - делінген таратылған ақпаратта.
Еске сала кетсек, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдірген еді.
Оған халықтың көлге көптеп келіп, тұзын қазып, маңайын қалдыққа толтырып кетуі себеп. Тіпті әлеуметтік желіде Көбейтұздың тұзын келісін бес мың теңгеге сатқандар да пайда болды. Айта кетейік, елордадан 170 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көліне карантин біткенше баруға тыйым салынған.