• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Тамыз, 2020

Кеселі асқынған дүниенің кейпі

146 рет
көрсетілді

Финляндия үкіметі COVID-19 ауруы толас­тамай тұрған 10 елмен барыс-келісті қайтадан шектеді.

Елдің Ішкі істер министрлігі 24 тамыз­дан бастап Норвегия, Дания, Ислан­дия, Германия, Грекия, Мальта, Ирлан­дия, Сан-Марино, Жапония және Кипрмен арада барыс-келістің шек­телетінін мәлімдеген. Сонымен бірге Солтүстік Македония мен Турку қаласын жалғаған әуе байланысы да тоқтатылуы мүмкін. Себебі суоми жұртына осы елдерден келген 40 адамнан вирус анықталған.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, шілдеге қарағанда тамызда финдіктер арасында ауру көрсеткіші ұлғайған. Пандемия жария етілгелі бұл елде 7752 адам ауырып, 334 жан көз жұмыпты.

 * * *

Кәрі құрлықтағы Германия мен Франция Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржылан­дыруды жарна есебінен ұлғайтуды жөн көреді.

Екі елдің билігі бұл ойды ДДҰ-ны реформалау турасында дипломат­тар арасында таратқан құжатта көрсеткен. Жеті беттен тұратын құжатта ұйымның өкілет­тілігін кеңейтумен қатар қаржылық қолдау қажет екені баса айтылған.

Бүгінде ДДҰ-ның екі жылдық жалпы бюджеті 5 млрд долларды құрайды. Оның бесін­ші бөлігін мүше елдер ешқандай шарт­сыз түрде жарна есебінде аударып келе­ді. Ал қалған бөлігі тұрақты емес, негізі­нен мақсатты түрде бір реттік немесе мемлекеттер ерік­ті жағдайда төлеп тұратын қаражаттан құралады. Мұ­ның ДДҰ жұмысын өркендетуге қолбайлау екені, сондықтан тұрақты жарна енгізу туралы пікір айтылған.

 * * *

Жарты миллион колумбиялық індет құр­сауын­да. Бұл туралы елдің денсаулық және әлеумет­тік қорғау министрлігінің Twitter-дегі парақ­шасында жазылды.

Бір тәулікте Колумбияда вирус жұқ­тырған 13 056 адам тіркеліпті. Осы­лайша Колумбия жұртында COVID-19 тырнағына іліккендер саны 502 178 адамды құраған. 20 тамыздағы мәліметке қарағанда 360 пациенттің дәм-тұзы таусылып, ел көлемінде жалпы 15 979 адам дүние салыпты. Ал 326 298 адам ауруды жеңіп шыққан.

 * * *

Аргентинаның денсаулық сақтау министрлігі 24 сағат ішінде 6693 адамнан COVID-19 диагнозы анықталғанын мәлімдеді.

Пандемия алқымынан алған Арген­тина аурумен күресіп-ақ жатыр. Алайда індет күшіне мініп, біраз жұрттың өмірін жалмаған. Бір тәулікте 282 адам қайтыс болса, жалпы КВИ кесірінен 6330 арген­тиналық ажал құшқан.

COVID-19 індеті 3 120 659 ел азаматына жұғып, мемлекетке зор зардабын тигізіп жатыр.

 * * *

Мексикада коронавирус инфекциясы қарқын алып, жарты миллионнан аса халқы дертті болды.

Мексиканың денсаулық сақтау министрінің орын­басары Уго Лопес-Гатель Рамирес Twitter-де бір күнде 5792 адамнан вирус табылғанын жазып, алаң­дау­шылық танытты. Осылайша бұл елде де індетті жұқ­тырғандар жарты миллионнан асып, 537 031 адамды құрап отыр. Ал індет тырнағынан құтыла ал­май, көз жұмғандардың жалпы саны 58 481 адам екен.

 * * *

Германияның Роберт Кох атын­дағы институтының 20 тамыздағы дерегі бойынша тәулік ішінде 1707 адамнан COVID-19 табылған.

Италия, Испания елдері тәрізді Германия да вирустан аз зардап шегіп отырған жоқ. 228,6 мың адам індет жұқтырып, 9253 пациенттің өмірін сақ­тап қалу мүмкін болмаған.

Елдің қайткенде әлеуетін әлсіретпей­міз деген билік түрлі қадамдар жасауда. Соның бірі – төрт күндік жұмыс кес­те­сіне көшу. Елдің еңбек министрі Ху­бертус Хайль «жұмысшыларға ішін­ара уақыт қысқаруына байланысты өтемақы төлеумен пандемияның эко­номикаға кері әсерін азайтуға болады» деген. Негізінде бұл ойды билік назарына IG Metall өндіріс кәсіподақтары көшбасшысы Йорг Хофман ұсынғанын айта кеткен жөн.

 * * *

Дүниежүзілік азық-түлік бағдар­ламасының басшысы Дэвид Бисли COVID-19 кесірінен Інжілде жазыл­ғандай алапат аштық қаупі бар екенін айтты.

Пандемиядан бұрын азық-түлік тапшылығын 140 млн адам сезінсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 80 пайызға өсіп, 270 млн адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Дэвид Бисли бұл адамзат баласы үшін нағыз апат екенін атап өтті.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Оңтүстік Африкадағы 45 млн адам індетке қоса құрғақшы­лықтан, су тас­қын­дарынан аштыққа ұшырауы әбден мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, сәт сайын жұмыс орындарының жабылуы, адамдардың босып, табыссыз қалуы қауіпті одан бетер күшейте түседі.

 * * *

Еуроодақ Венесуэлаға індетпен күреске медициналық көмек жіберді. Бұл туралы Венесуэланың сыртқы істер министрі Хорхе Арреаса Twitter-де жариялады.

Хорхе Арреаса ЕО елдеріне, соның ішінде жанашырлық танытқан Испа­ния мен Португалияға алғысын айтып, пандемия басталғалы достық көңілден жәрдем ұсынған елдер мен халықаралық ұйымдар арқылы 1,5 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілгенін мәлімдеді.

Қазір мұхиттың арғы бетінде індет өршіп тұр. Әсіресе АҚШ пен Бразилия – әлем бойынша коронавирустың көршеңгелінен көп зардап шеккен елдердің қатарында.

 * * *

Неміс ғалымдары COVID-19-дың таралу табиғатын тануды зерттеу үшін қызықты тәжірибе жасапты.

Лейпциг қаласында 22 тамызда танымал әнші Тим Бенджконың бір күнде қатарынан үш концерті ұйымдастырылған. Тәжірибенің мәні сол, үш концертте тыңдаушылар түрлі қалыпты ұстанған. Бірінде белгілі арақашықтық қатаң сақталса, енді бірінде, тіпті ескерілмейді.

Галле-Виттенберг университетінің ғалымдары тәжірибеге қатысқан 1400 адамнан алдын ала вирусқа тест алып, барлығына беттерін тұмшалауды тапсыр­ған. Әр көрерменге арнайы жүріс-тұрысын бақылап отыратын шағын құрылғы берумен қатар олар­дың қолдарын флуоресцентті дезин­фек­циялық ерітінділермен зарарсыз­дандыған. Осылайша 1400 адамның қолдары тиген жерлерді де анықтап отыруға мүмкіндік алған. Сонымен бірге ауада вирус­ты алып ұшатын ағындарды да зерттеп, нәтижесінде КВИ-дің таралу жолының математикалық моделін жасамақ. Жоба жетекшісі Стефан Моринц бұл тәжірибенің қорытындысы осы күзде айқын болатынын айтады.

 * * *

ДДҰ мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 12 жасқа толған балалардың мас­ка тағып жүруі керек екенін ескертті.

ДДҰ таратқан ақпараттық бюллетеньде жарияланған ұсынымда 12 жасқа жеткен және одан үлкен жеткіншектер ересектермен қатар сақтық шараларын ұстанып, маска тағуы қажет екені көрсетілген. Әсіресе арақашықтық сақтал­майтын кезде қауіпсіздік үшін маска тағу қатаң ескертілген.

Сонымен қатар 6 жастан 11 жасқа дейінгі бала­ларға да маска тағудың зияны жоқ. Ал 6 жасқа дейін­гілер үшін маска тағу міндеттелмейді. Аталған ұсы­ным­да спорттық ойындар мен дене қимылы кезінде маска тағу тәртібін сақтамауға болатыны айтылған.

 

Дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»