• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2020

Той туралы ой

2059 рет
көрсетілді

«Той – халықтың қазынасы» деген сөз бар. Тойға тыйым салып, қазынасынан айыруға болмас. Естуімізше, біздің қазақ сонау сұрапыл соғыс тұсында да қиюы келсе тойдан тартынбаған көрінеді.

«Бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз» дегенді әже­лері­міз айтып отыратын. Бірақ бүгінгі той сол бұрынғы тойлар­дың дәстүрін бұзып, ұлтымыздың үрдісінен асып-тасып шығып, бетімен кетіп, сыңарезу аттай бой бермей, беталды лаға бастады. Зіңгіттей жігіттердің шалбарын шешіп билеуі, әп-әсем қыздардың тыржалаңаштанып бұраңдайтын көргенсіз көріністері көбейді. Келе-келе бүгінгі тойлардағы ондай жүгенсіздіктер белең алғаны сонша, қазіргі қазақты Абай атамыз айтқандай «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең, наданның» кейпіне жеткізуге жақындады.

Ал осы қалыптасып қалған тойдың форматын қалай өзгерту керек дегенде бәріміз басымызды қасимыз. Дегенмен «вело­сипедті қайта ойлап таппасақ та» ой жүгіртіп көрейік. Көп­тің пікі­р­інің ұштаса келе тоқайл­аса­тын тұсы бар. Ол – тойды аста-төк ысырапшылдық, даңғаза дырду, дарақы мақтан, елірме музыка, бөспе бәсеке, даурықпа, көпір­ме көп сөзден арылту керек деген пікір. Жаттанды, желік­пе жел сөзбен жортақтап, бей­бас­тақ, анайы әзіл айтып, құр­метті қонақтарды қылжаққа айнал­дырып, қолжаулық қылуға тырысатын, тілі мен жағы­на сүйен­ген әдепсіз асабалар­дың астам­шы­лығын тыю керек. Қонақ­тар бірнеше сағат бойы бітіп бер­мейтін, бірін-бірі қайта­лай­тын ұзын-сонар тост-тілек­тер­ден, мән-мағынасыз, қыз­дыр­ма қызыл сөздерден құлағы сар­сы­лып, асқазандарын аямай нығар­лаудан қалжырап-шаршап қайт­пай, көңілі де көтеріліп, бір жа­сап, сергіп, серпіліп қалатын­дай, әрі ғибратты әсер алатын­дай берекелі мерекеге айнал­дыр­­сақ деймін. Той – ұлттық салт-дәс­түрі­міздің салтанат құра­тын, ұлт­тық өнеріміздің өрге жүзетін күні болуы керек. Тойды рефор­малауға білімді этнографтар мен білікті мәдениет-өнер қай­рат­керлерін және жаңаша ой­лай­тын дарынды жастарды тарт­қан жөн. Жаңа форматты жоба көптің көңі­лінен шығатындай болуы керек. Тізеге басып той өткізуге де бол­майды. «Халық қазынасы» бол­ған­нан кейін, оның тағдырын халықтың талқысына салып алған теріс болмас.

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы