Таяуда Мемлекет басшысы елдегі экологиялық мәдениеттің ақсап тұрғанын сөз еткені белгілі. Осы орайда мектептерде экологиялық сауаттылық пәні енгізілу керегі айқындалса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халық арасында экологиялық мәдениетті дәріптеуді міндетіне алды. Президент сенім білдіріп құрылған кадрлық резерв резервшілерінің қатарында да экология мәселесін зерттеп, оны дамытумен айналысатын мамандар бар. Солардың бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген Зульфия Сүлейменова бар күш-жігері мен білімін елімізде дұрыс климаттық саясат қалыптастыруға жұмсамақ ниетте.
З.Сүлейменова Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалаврда, одан соң магистратурада білімін толықтырған. Университеттен кейін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтында еңбек жолын бастаған.
– Сәті түсіп, шетелге жұмысқа аттандым. Таиланд астанасы Бангкогте Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты аймағы үшін әлеуметтік және экономикалық комиссиясында қоршаған ортаны қорғау және даму дивизионында қызмет атқардым. 2016 жылы халықаралық қатынас бойынша білімімді тереңдету мақсатында Жапонияның саяси зерттеу институына докторантураға түстім. Докторантурада оқып жүріп БҰҰ-ның түрлі агенттіктерінде жұмысымды жалғастырдым. Соның ішінде БҰҰ-ның Қазақстан мен Түрікменстанға бағытталған даму бағдарламаларымен жұмыс істедім. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдармен және жеке секторлармен тығыз байланыста болдым, – дейді Зульфия.
Шетелде жүргенінде елге оралуды жоспарлаған Зульфия Президенттің жастар кадрлық резерві туралы бастамасын естіп, мұның мүмкіндік екенін түсінеді.
– Ақпарат алғаннан кейін жобаға құжат тапсырдым. Іріктеудің алғашқы кезеңдері цифрлы және вербалды тестілерден тұратыны белгілі, көбі осы кезеңнен өтпей қалғанын естідім. Интернеттен ұқсас тестілер тауып, дайындалдым, кітаптар оқыдым. Алғашқы кезең аса қиын болмады, дегенмен қызу дайындықты қажет етеді. Үшінші кезеңде өзіме жақын жобаны таныстырдым. Докторлық диссертациямның тақырыбы – Сырдария бассейніндегі трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелері. Жобамды Қазақстандағы су және трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелерін шешуге бағыттадым. Эксперттік комиссиямен сұхбатты ең қызық кезең дер едім. Жаныңа жақын, өзің білетін тақырыпты талқылаудың қандай керемет екенін айтпасам да түсінікті. Соңғы кезең сынақ емес, шын мәнінде сұхбат ретінде өтті. Өз ойымды, жоспарларымды білімді, білікті, жоғары лауазымдағы тұлғалармен бөлісу де мен үшін мәртебе болды, – дейді сыннан сүрінбей өткен резервші.
Бүгінде Зульфия Сүлейменова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары болып қызмет етеді. Құрылым еліміздің климаттық саясатын іске асырумен, қалыпастырумен, озон қабатын сақтаумен, сонымен қоса жасыл технологияларды ілгерілету мәселелерімен айналысады.
– Қызметтегі негізгі мақсатым – Қазақстанның климаттық саясатын жақсарту. Бәріміз естіп, біліп жүргендей, экология мәселелері дүниежүзі бойынша өзекті. Бұл бейжай қарайтын жайт емес. Климат мәселелері экономика және әлеуметпен тығыз байланысты. Жақында Еуропалық одақ парниктік газдардың шығарындыларына шекаралық салық енгізуді қарастыра бастады. Егер бұл саясат жүзеге асса, экономикамызға әсер етеді, ал ол әлеуметке де оң әсер ететіні сөзсіз. Бұған жауапты министрлік осы саладағы ахуалды, жаһандық трендтерді жіті қарап, дұрыс талдап, еліміздің мүддесіне сай келетін саясатты қалыптастыруы керек. Осы бағыттағы сұраққа жауап іздеуі міндет. Менің басты мақсатым – климат мәселелері бойынша аналитиканы нығайту, сонымен бірге жаңа әрі дұрыс экологиялық саясат қалыптастыруға атсалысу. Бізге ең бастысы халықтың өмір сапасын арттыратын саясат қажет, – дейді ол.
Жалпы, Мемлекет басшысы айтып кеткендей, жастар кадрлық резервінің негізгі мақсаты мемлекеттік қызмет саласында транзакциялық лидер емес, трансформациялық лидерлер қалыптастыру. Зульфия ендігі кезекте қалыптасып жатқан трансформацияны жүзеге асыруға мүмкіндік берілсе деген ойын да жасырмады.
– Халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп жүргенде саралап, ойыма тоқып жүрендерім көп болды. Экологиялық саясат пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында шетелдер өкілдерімен бірлесіп қызмет еттік. Кейбір үдерістердің шетелде қалай жүзеге асатынын байқадым. Мемлекеттік қызметке келгелі де жүйені оңтайландыруға қатысты біраз ой қалыптастырып үлгердім. Алда соларды жүзеге асыра аламын деген ойдамын, бұған дейінгі тәжірибемді, білімімді пайдаға жаратамын деп сенемін. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – елімізде үстемдік ететін дұрыс заң мен саясат қалыптастыру, адамдарға өздерінің мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Сол тұрғыдан қарағанда, өзімнің оқығанымды, тәжірибемді тиімді қолдана аламын деген ниеттемін», дейді жас маман.
Ол қазіргі ой жарыстыратын, армандарға қол жеткізуге мүмкіндік мол заманда жастардың өз алдарына биік мақсаттар қоя білуі маңызды екенін жеткізді.
– Жастар тек баға үшін емес, «білсем» деген ынтамен оқуы керек. Белгілі бір тақырыпқа қызығушылық болса, оны дамыта түскен абзал. Өйткені біздің қоғамның, мемлекеттің тағы бір мәселесі – кадр жетіспеушілігі. Елімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер арасынан көрігіміз келсе, сапалы кадрлар дайындау керек. Жастар өздері қалаған, ертең меңгеріп кете алатын мамандықты алуға ұмтылуы тиіс. Ал одан кейін өзіне сенуі керек. Өзіне сенбеген адамға ешкім сенбейді. «Армансыз адам – қанатсыз құс» дегенді жиі естиміз, алайда оның мәніне үңіле берейміз. Бізді алыс жолдарға да, биік асулардан өтуге де жетелейтіні – арман. Сондықтан үлкен адам болу үшін үлкен армандарға қол созу керек-ақ, – деп түйіндеді сөзін жас ғалым.