Сарыарқаның батыс беткейін көмкеріп жатқан, бір жағы Торғай даласымен шектесетін, аңы мен құсы еркін көсілген, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Ырғыз топырағында болудың сәті түскен еді. Осы іссапар кезінде Ырғыздың ырысты өңір екеніне көз жеткізіп оралдық.
Өңірдің кешегісі мен бүгінін зерделеген өлкетанушы-журналист, архив қызметінің ардагері Рахымжан Өтемістің айтуынша, Ырғыздың тарихы – қалың тарих. Айталық, Ақтөбе қаласының құрылғанына былтыр 150 жыл ғана толған болса, Ырғыздың қала атануы, өркениет пен даму сатыларының пайда болуы бұдан да әрірек екен.
Ырғыз ауданы 50 мың шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр. Бұл осы топырақтың адал ұлы, ел мен жер тарихына байланысты артына мол мұра жазып қалдырған азамат Сейілхан Оразымбетовтің жазуынша, кеңестік кезеңде екі бірдей ауданға енші беріп, бөлшектеуден қалған алақандай аумақ қана екен. Әйтпесе ел ұғымында Ырғыз өзенінің 128 мың шаршы шақырымға созылып жатқан қос қапталы ежелден Ырғыз елі деп аталып келгеніне ешкім талас туғыза алмайды.
Ырғыз үкіметтен қаржылай көмек, яғни субвенция алатын аудандардың қатарына кіреді. Бұл ретте қосымша қаражат көздерін таба білудің орны ерекше. Осы орайда Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахинның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудағы алымдылығы мен шалымдылығын айта кеткен жөн. Айталық, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейінгі дерек бойынша оның көлемі 600 млн теңгеге жуықтайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 193,6 пайызға артық.
«Қазір ырысты Ырғызда аудандық және облыстық бюджеттер есебінен 11 жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 11 нысанның құрылысы қолға алынған. Бұған бөлінген қаражаттың игерілу деңгейі – бүгінде әртүрлі сатыда. Әрі осы арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері жасалды», деді аудан әкімі Аққанат Шахин.
Ырғызда сауықтыру спорт кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғын үй құрылыстары бой көтермек. Жергілікті маңызы бар автожолдар күрделі жөндеуден өткізілмек. Әрі аталған салаларға қатысты инженерлік-коммуникациялық желілер өркен жаймақ. Аталған жобалар аясында аудан орталығындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары одан әрі жалғасып келе жатқанына куә болдық.
Соңғы бір-екі жылда аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамту ісінде ауқымды іс атқарылды. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 85,3 пайызы орталықтандырылған ауызсу желісін пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда бұл істі соңына дейін жеткізу жұмыстары одан әрі жалғасып келеді. Бұл бағытта Жарма ауылында ауызсумен қамтудың құрылысы басталса, Шеңбертал мен Жанысби ауылдарында топтық су құбыры құрылысына Су ресурстары комитеті арқылы қажетті қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысында бұл істі атқару «КөлсайСтрой» ЖШС-ның еншісіне тиіпті.
Облыс орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан, әрі аумағы өте кең, сондай-ақ елді мекендері бір-бірінен алыс Ырғыз ауданының ауылдарын көгілдір отын құбырына қосу оңай іс емес. Оның қаржылық тұрғыдан тиімсіз тұстары да жетерлік. Әйтсе де ауданда әлеуметтік мәні жоғары, тұрғындардың тұрмыстық деңгейін көтеруге көмектесе алатын іс – газбен қамтудың кешенді іс-қимыл жоспары жасалған. Оның алғашқы нәтижесі туралы айта кетсек, аудан орталығындағы тұрғын үй иелерінің тоқсан пайыздан астамы көгілдір отынды қолдануға көшкені ауызға бірінші оралады. Мұндағы коммуналдық тұрғын үй мекемелері де газ құбырына қосылған. Бұған қоса қазір Жаныс би елді мекеніне газ тарату бекеті құрылысы аяқталып келеді. Сонымен бірге жыл аяғына дейін Ақши, Құрылыс және Шеңбертал ауылдарына тартылып жатқан газ құбырларының құрылысы аяқталмақ. Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту ісі осылайша ілгері баса бермек.
Ырғыздың облыстың өзге аудандарымен салыстыра қарағанда басты өзгешелігінің бірі – табиғи су көздері мен ресурстарына аса бай. Нақтырақ айтқанда аудан аумағында 4 өзен мен 80-нен астам көл тіркелген. Алайда соңғы жылдары оның тең жартысына жуығының арнасы тартылып, кеуіп қалғанын жергілікті тұрғындар бізге үлкен өкінішпен жеткізді. Ең бастысы, биыл өңірдегі аудан атауымен қатар аталатын, бастауын Мұғалжар тауының жотасы Өтеш үстіртінен алатын Ырғыз өзені тасымай қалыпты. Бұған өзіміз де куә болдық. Мұның басты себебі, өткен күз айларында жаңбыр жаумай, ылғал аз түсті. Бұл жағдай тоң қабаттарының түзілмеуіне әсер етті. Ырғыз өзенінің суы ылғал мол болған жылдары 51600 шаршы шақырымға дейін жайылады. Соңғы жылдары нәр оның ширегіне дейін жетпей қалды. Бұл туралы жолбастаушымыз, Ырғыз өңірінің шежірешісі Рахымжан Өтеміс айтып берді.
Сондай-ақ бұдан 24 жыл бұрын, яғни 1996 жылдың 7 тамызы күні өмірден өткен өлке тарихының тамыршысы Сейілхан Оразымбетов көзі тірісінде жазған жазбаларының бірінде Ырғыз, Торғай, Телғара, Өлкейек өзендерінде көктемде 25-30 мың тонна балық және 100-ден астам құс түрлері бар екенін көрсетіпті. Әрі келешекте барлау жасай білетін зиялы жан суландыру мен гидротехникалық-мелиорациялық шараларды жүзеге асырған жағдайда балық шаруашылығын өркендетудің таптырмас мүмкіндіктері ашылатынын айтқан. Сондай-ақ ол шамамен алғанда тоқсаныншы жылдарға дейін жыл сайын Ырғыз аумағындағы өзендерден 1000-1200 тонна балық ауланатынын жеткізген. Мұның өзі Ақтөбе облысында өндірілетін балықтың тоқсан пайызы екені жазылған.
Қандай істің де бағамы салыстырмалы түрде айтқанда айқындала түсетіні белгілі. Осы арада ауданда балық шаруашылығының бүгінгі жай-күйі қандай деген сауалға да жауап бере кеткен жөн. Яғни аудан әкімдігінен алынған деректерге сүйенсек, соңғы төрт жылдың аралығында 20 су айдыны 9 ауыл шаруашылығы құрылымы мен 7 жеке кәсіпкерге бекітіліп берілген. Сондай-ақ төрт жыл бұрын балық аулау көлемі 60 тонна болса, биыл оның мөлшері 124 тоннаға өсіпті. Әйтсе де 1 қаңтар мен 15 сәуір аралығында небәрі 22500 тонна балық ауланған. Себебі балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес келді. Әйтсе де қыркүйектен бастап су айдынын пайдаланушылар қалған 124 тонна балық аулау жұмыстарын жүргізетінін аудан әкімінің орынбасары Алмас Тұртаев айтты.
Біз балық өндіру ісі жолға қойылған Нұра ауылдық округі аумағында болған едік. Балық аулауды кәсіпке айналдырған аудандағы жеті кәсіпкердің алтауы Нұрада болып шықты. Биыл Ырғыз өзені тартылып қалса да, Торғай мен Телғара өзендерінде су қоры бұрынғы деңгейге жетеғабыл. Бұл балық өндіру мен өңдеуге оң әсерін тигізіп отыр. Аумақта табиғи тепе-теңдіктің әзірге бұзыла қоймағанының шапағаты шығар, тіпті «НаурызСим» ЖШС жетекшісі Ибрагим Сәрсенбаев жылына 100 тонна балық өңдеуге қуаты жететін цех ашуға бел буған. Ол бұл жоспарын «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2025» бағдарламасына сәйкес жүзеге асыруды көздеп отыр.
Қалай дегенде де бүгінде Ырғыз ауданында суы тартылып қалған 40-тан астам көлдің суын толтыру және қалпына келтіру ісі өз шешімін күтіп тұрғаны анық. Бұл балық шаруашылығы ғана емес, өзен-көлдер маңындағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің қайта жандануына да оң септігін тигізбек. Осы ретте облыста 8 реттегіш бөгеттің техникалық-экономикалық негіздемесін жасақтау қажеттілігі туындап отыр. Егер жоба қаржылық тұрғыдан оң шешімін тапса, тұтас Ырғыз-Торғай резерватының жай-күйін жақсартуға жол аша алар еді. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов аталған резерват Үкіметтің құзырында болғандықтан, оған бөлінетін қаражат республикалық бюджет арқылы шешілгенін жөн көретіндерін жеткізді.
Халқымыздың қасиетті қонысының бірінде қолға алынған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жобалардың қай-қайсы да Ырғыздың ырысы ортаймауын көздеген қамқор көзқарастан туындап отыр. Ырғыз ауданында қалыптасқан берекелі бірлік пен тату-тәтті тірлік оның алдағы даму жолы да баянды бола беретініне берік сенім туғызады. Ал адамды сенім ешқашан алдамайтыны ежелден белгілі емес пе?!
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы