Сарыарқаның ұшы-қиырына көз жетпес сайын даласының қақ төрін көсіле алып жатқан, қойнауы құт қазынаға толы аймағымыздың өзіндік бір ерекшелігі –ол елімізге өндіріс лебі алғаш ескен, қазақстандық индустрияның қара шаңырағы саналатын өлке тұрғысында белгілі. Әрине, әр жайдың өз себебі бар. Қойшы бозбала Аппақ Байжанов тапқан Қарағанды көмірі, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев игілікке жаратқан Жезқазған мысы, Балқаш алтыны мен күмісі өнеркәсіпті дүр өркендетіп, даму өзегіне айналдырған еді. Құрылғанына 80 жыл тақап отырған облыс бүгінгі уақыт талабына сәйкес осы бағыттағы істерді жаңаша жандандырып, жасампаздықпен жаңғыртып келеді. Еңбек жолы Теміртаудағы алып өндірістің бел ортасында басталып, өңірдің тынысымен біте қайнасып шыңдалған, жергілікті экономика жай-күйіне жете қанық Елбасы тапсырмасының әрдайым нақтылығы әрі басты назарда болуы жауапкершілікті биіктетіп, талпынысты таудай етіп, алға ұмтылдырады.
ҚАЙРАТ ҚАЙРАЛҒАН КЕЗ
Сарыарқаның ұшы-қиырына көз жетпес сайын даласының қақ төрін көсіле алып жатқан, қойнауы құт қазынаға толы аймағымыздың өзіндік бір ерекшелігі –ол елімізге өндіріс лебі алғаш ескен, қазақстандық индустрияның қара шаңырағы саналатын өлке тұрғысында белгілі. Әрине, әр жайдың өз себебі бар. Қойшы бозбала Аппақ Байжанов тапқан Қарағанды көмірі, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев игілікке жаратқан Жезқазған мысы, Балқаш алтыны мен күмісі өнеркәсіпті дүр өркендетіп, даму өзегіне айналдырған еді. Құрылғанына 80 жыл тақап отырған облыс бүгінгі уақыт талабына сәйкес осы бағыттағы істерді жаңаша жандандырып, жасампаздықпен жаңғыртып келеді. Еңбек жолы Теміртаудағы алып өндірістің бел ортасында басталып, өңірдің тынысымен біте қайнасып шыңдалған, жергілікті экономика жай-күйіне жете қанық Елбасы тапсырмасының әрдайым нақтылығы әрі басты назарда болуы жауапкершілікті биіктетіп, талпынысты таудай етіп, алға ұмтылдырады.
Бұл ретте өлкеміздің биылғы даму қарқыны да осыған айғақ бола алады. Сөз орайында деректерге сүйенер болсақ, ең алдымен жыл басынан бері өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1 трлн. теңгені құрағанын атар едік. Егер былтырғы сәйкес мерзімдегі деңгеймен салыстырмалы түрде айтсақ, 1 пайызға артық деген сөз. Әлемдік экономикадағы қиындыққа байланысты өндіріс ырғағы тұрақсыздығына ұшыраған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы үлесінің кемдік етуіне қарамастан, өсу жолында іркіліс жоқтығын көрсетеді. Ішкі резервтерді барынша пайдалануға мүмкіндікті кеңейту, соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында атқарылған жобалар алға қойылған мақсаттан айнымауға, қайта қадамды қарыштатуға қайрат қайрауда дей аламыз. Аталған бағдарлама бойынша Индустрияландыру картасында қамтылған 75 жобаның 46-сы іске асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны пайда болды. Биыл ашылуы көзделген 11 өндірістің алды жұмыс істеуді бастаса, таяу араларда қатарға қосылмақтары өз алдына.
Жалпы алғанда, басты макроэкономикалық көрсеткіштер соны серпінмен дамуды танытар тағы бір дәлел екенін алға тартып өтсек артықтық етпес. Мәселен, негізгі капиталға инвестиция көлемі 1,5 есеге артса, сыртқы сауда айналымы 12,5 пайызға ұлғайды. Соңғы жылдарда өндірістік саламен деңгейлесе ілгерілеу үстіндегі ауыл шаруашылығының өңірлік өнімдегі көлемі есепті мерзімде 83,5 млрд. теңгені құрап, былтырғыға қарағанда 2,2 пайызға өсті.
Өлке өміріндегі өзгерістер туралы тоқтала кеткенде, соның жарқын нышаны «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының құрылуын атап айтар едік. Бүгінде оған алыс-жақыннан 53 қатысушы тіркелген. 12 компания жобалық және құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұлардың 3-уі жыл аяғына дейін толық іске көшеді. Сондай-ақ, көршілес елдер іргелі салалас құрылымдарымен, әсіресе, Кеден одағындағы серіктестермен өзара тиімді экономикалық байланысты қалыптастыру жолға қойылды. Мысал үшін, облыста бұл күнде шетелдік капиталдың қатысуымен 450 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың тарапынан өткен айларда 70 млн. доллар инвестиция тартылды. Жыл басында облыстың іскер топтары Беларусь Республикасында болып, өзара әріптестікті нығайтуға арналған бірнеше келісім жасады. Бұл жобалардың қатарында «ҚазБелаз» кәсіпорны өздігінен аударғыш кеніш жүк көліктерін шығаруы және машина жасау «Геомаш» ЖШС базасында белорустық техникаларға сервистік қызмет көрсететін орталық ашу іске асырылуда. Ішкі өңіраралық кооперацияны да өрістетуге басымдық берілуде. Көршілес Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының жетекші өндіріс орындарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы 16 келісімге қол қойылды. Мұның өзі металлургияға, құрылысқа, басқа да буындарға қажетті қарағандылық компаниялардың түрлі өнімдері көптеп өткізілуіне кең мүмкіндік бере түсті.
Елбасы тапсырмасына орай бұған дейін өндірілмеген өнім өндірісіне баса назар аударылып отыр. Солардың бірнешеуін таныстыра кетсек, ағымдағы жылда «Жакко Қарағанды», «Қазтехфильтр», «Айқын жол», «Қазметиз» ЖШС-лар сыртқы кәріз үшін иілген құбырлар, автокөлік және өзге техникаға арналған сүзгіштер, металды-гоффирлі қондырғылар, болат арқандар мен арматур сымдарын өндіруді қолға алды.
Аймақ экономикасын қуаттандыруда аграрлық сектордың да үлесі сүбелі. Дәнді дақылдарды өсірудің түр-түрі көбеюде. Мал тұқымын асылдандыру бағытына толық бет бұрылды. Биылғы күз астық, картоп, көкөніс өнімі мол берекеге бөледі. Жиын-теріннің күтілген қорытындысы рекордтық көрсеткіштерге үміттендіреді. Айталық, 271 мың тонна картоп жинау бұрын-соңды болып көрмеген жетістік.
Кең-байтақ аймағымыздың үлкен бір бөлігі Жезқазған өңірі саналады. Кезінде мыс өндірудің алғашқы ошағы болған Қарсақпайдан бастау алған іс бұл жақтың негізгі даму көзіне айналды. Алайда, жер алшақтығына, инфрақұрылымның талапқа сай еместігіне, кен қорларының азаюына байланысты өзекті мәселелер туындаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жасап, бүгінгі таңда сол бойынша орасан зор жұмыстар жүріп жатыр. Жезқазғаннан Сексеуілге тартылған теміржол Бейнеуге жалғастырылады. Шұбаркөл-Арқалық теміржолының құрылысы да қызу. Елдің батыс, орталық аймақтарымен, одан әрі асып, халықаралық күрежолдарға қосылу өңір келешегіне бұрын-соңды болып көрмеген ғажайып өзгерістер әкелгелі отыр. Мұндай жаңарулардан өзге де шеткері қалалар тыс қалмайды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасына облысымыздан 8 шағын шаһар енді. Алдағы үш жылда 36 млрд. теңге игерілуге тиіс. Жылу жүйелері жаңартылуы, жолдар жөнделуі, көшелер мен аулалар абаттандырылуымен бірге, болашағы өрісін кеңейтетін маңызды іс-шаралар – жаңа өндірістер құру, өңдеу кәсіпорындарын ашу, кәсіпкерлікті белсендіру екінші тыныс ашады.
Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту шеңберінде айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында аурудың алдын алу мен емдеудің соны технологиялары енгізілуде. Сырқаттың ауыр түрлері жүрек пен қан тамырларына жыл сайын 2,5 мыңнан астам күрделі отаны өз дәрігерлеріміз жасайды. Онкологиялық науқастарды емдеу бойынша медицинадағы жаңа тәсілдер қолданылады. Айта кетерлігі, өңірде 9 айда балалар шетінеуі 18 пайызға кеміді, аналар өліміне жол берілмеді. Жасыратыны жоқ, білікті жас мамандар тапшылығы баршылық. 200-ге тарта дәрігер қажет. Осы мәселені мектеп түлектері арасында кәсіптік бағдар беруді күшейту, дәрігерлік қасиетті мамандықты қалағандарға қолайлы жағдай жасау арқылы шешуге тырысудамыз.
Бұған дейін ата-аналарды алаңдатып келген түйткіл жайлардың бірі, сәбилерін балалар бақшасына орналастырудағы қиындықтар еді. Қазір мұндай мәселе келмеске кетті деуге болады. «Балапан» бағдарламасының көңілдегідей атқарылуы нәтижесінде облыс бүлдіршіндерінің 98 пайызы мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылды. Осы соңғы үш жылда пайдалануға берілген 22 балабақша қатарын жақында тағы 2-уі және 2 шағын орталық пен 4 қосымша топтар толықтырады. Алдағы екі жылда 1900 орындық 12 балалар бақшасы есік ашады.
Жергілікті жұртты қуаныш пен ризалыққа бөлеуші жағымды жайлар аз емес десек, баспаналы болушылардың ұлғая түсуі соның біріне жатады. Жыл сайын қарқынды жүргізілген тұрғын үй құрылысы биыл да жобаланған межеден асыра орындалып келеді. Жыл басынан бері 257,6 мың шаршы метр үй сән түзеп, жүздеген отбасы жеке отау көтерді. Ал осынау мерейлі іс шапағат-шуағын одан сайын шаша беруі үшін жағдай жасала түсуде. Осы ай басында іске кіріскен Саран қаласындағы үй құрылысы комбинаты темір-бетон бұйымдарын тұтынушылардың жылдық сұранысын толық қамтамасыз етеді. Жалпы, түрлі бағыт бойынша салынатын 3 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы құлашын жайдыруға мүмкіндік кеңейтетін осындай тірекші кәсіпорындар алдағы уақытта аз болмайды.
Бұлар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайту бағытында алға қойылып, атқарылып жатқан сан алуан істердің бір парасы ғана десек, осының өзі аймақ тынысын айқын сездіреді деп ойлаймыз. Мұндай қат-қабат жұмыстарда олқылықтар да болмай тұрмайды, әрине. Кемшіліктерді білеміз. Аяққа оралғы кедергілердің бәрін бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Кезең-кезеңімен шешімін табуға барынша күш салынады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қуатты Қазақстан дегеніміз, бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуына байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет», деген болатын. Бұл талап, әсіресе, біздің облысқа зор жауапкершілік жүктейді. Ел индустриясының жүрегі саналатын, әлеуеті мықты аймақ осынау міндетті іске асыруға лайықты үлес қосатындығын сеніммен айта аламын.
Бауыржан ӘБДІШЕВ,
Қарағанды облысының әкімі.
ДӘРУ ДАРЫТҚАН ДӘРІЛЕР
Бүгінде осылай деп айта алуымызға болады. Елбасының тәуелсіздіктің бастапқы қиын кезеңінде отандық фармацевтикалық өндірісті қалыптастыруға талап қойып, өңірге келген жұмыс сапарларында ғылыми ізденістеріміз бен игі істерімізді қадағалап, ұдайы қамқорлық жасауы арқасында бұл мерейлі мақсатқа да қол жетіп отыр. Бұдан 17 жыл бұрын жергілікті табиғи өсімдіктерден ауыр сырқаттарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер дайындап, шығару ол кезде алыс армандай көрінсе, қазір шындыққа айналды. Содан беріде өндіріске енгізілген 40-тан астам бірегей фитопрепараттардың қатарында қатерлі ісікке қарсы қолданылатын «Арглабиннен» бастап «Салсоколлин», «Саусалин», «Атеролид», «Экдифит» дәрілік заттар 6 мемлекетте, соның ішінде Ресей Федерациясында тіркеліп, шипалық қасиеттерімен танылып, үлкен сұранысқа ие болып келеді.
Денсаулық сақтау саласын бәсекеге қабілетті төл препараттармен қамтамасыз ету, олардың маңызды түрлерін жасау, игеру және өндірілуін ұйымдастыру үшін заманауи фармацевтикалық ғылыми-өндірістік негіз құру алға қойылған болатын. Бұл міндет іске асырылды. «Фитохимия» халықаралық холдингі жанынан «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС ірге көтеріп, инновациялық жобалардың аясында жаңа фармакологиялық өндірістерді салу, бұрынғы жұмыс істеп тұрғандарды жаңарту жүргізілді. Алдағы жылы халықаралық GMP стандарттарын енгізу, импортты алмастыруға жағдай жасау аяқталады. Осы күндері аталған серіктестік өтімді дәрілік препараттардың жылына 1 миллион ампуласын, 120 миллион түйіршік және капсула түрлерін шығара алып жүр. Таяу арада ампулалау, субстанцияларды шайғындау және синтездеу цехтары пайдалануға берілген соң, өнімді сапалы әрі молынан өндіруге одан сайын мүмкіндік кеңейеді. Мұның өзі экспорттық әлеуетті де арттырады. Шығарылатын тізімдемеде адамның иммунитет тапшылығы вирусы ауруларын, қант диабетін, сирек кездесетін дерттерді емдеуге арналған, ісікке қарсы препараттар, барлығы 80 дәрі-дәрмектің атауы бар.
Айта кету керек, біздің ғалымдарымыз бен мамандарымыздың өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді қосылыстардың негізінде бірегей отандық дәрілерді алу технологиясын жасаудағы жетістіктері біраз жерге мәлім. Мәселен, Қазақстан аумағында өсетін өсімдіктердің 500-ге дейін түрі зерттелсе, 260-ын емдеуге пайдалануға болатындығы танылды. Осынау бағыттағы ізденістерді сабақтай түскенде 1 мыңнан астам табиғи қосылыстар алынып, сәйкестендірілді, бұлардың негізінде терпеноидтар, флавоноидтар, стероиодтар және алкалоиодтар қатарына жататын жаңа туындылардың осыншасы синтезделді. Бірқатары айқын антимикробтық, вирусқа, қышымаға қарсы, антихолестеринимиялық, анальгетикалық, фагоцитозынталандырушы белсенділіктің басқа да түрлерін көрсетті.
Холдингте ғылыми-зерттеу жұмыстары бір сәт те бәсеңдеп отырған жоқ. Қайта Мемлекет басшысының осы саладағы ізденістерді жетілдіру, отандық дәрілер түр-түрін жасауды жандандыру тапсырмасына сәйкес талпыныс таудай. Бұған білім мен тәжірибе жеткілікті. «Қазақстанда табиғи сесквитерпендік лактондар химиясы бойынша зерттеулерді дамыту, олардың негізінде жаңа дәрілік заттарды әзірлеу мен жасау, бірегей отандық фитопрепараттардың өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» атты жұмыстар циклі үшін Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болған бір топ ғалымдарымыздың бастамашылығымен сырқаттарға емдік заттарды тауып, жасау жолында бірлескен іс-әрекетті мақтанышпен айтып өте аламын. «Фитохимия» холдингінің биологиялық белсенді қосылыстардың республикалық банкін бірінші болып ұйымдастыруы да атауға тұрарлық жайт. Мұнда 3600 табиғи қосылыстың және олардың туындылары бойынша мәліметтердің ақпараттық базасы, дәрілік заттардың стандартты үлгілері қойылған.
Аймақ фармацевтикалық өндірісінің дамуына Кеден одағы үлкен ықпал етуде. «Мемлекетаралық ынтымақтастық және халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар» аясында холдингіміз Беларусь Республикасының ҰҒА биоорганикалық химия институтымен бірлесе табиғи брассиностериодтың негізінде антихолестеринемиялық препаратты жасау және оның сынақтық өндірісін ұйымдастыру бойынша жобаны жүзеге асыруда. Екі тарап арасында дәрілік препараттарды тіркеу және оларды ұсыну, қос ел аумағында сату үрдісін үйлестіру келісіміне қол қойылды. Өзара мамандар алмастыру, дәрі-дәрмектер дайындау технологиясын сынақтан өткізу жүргізіледі.
«Фитохимия» холдингі бірқатар іргелі зерттеулерді жалғастыра береді. Отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті мемлекеттік дамыту бағдарламасына қатысушылар күштерінің бірігіп, жұмыстары жемісті болуына жетекшілік міндетін жетілдіре түспек.
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік
холдингінің басқарма төрағасы.
ЫРЫЗДЫҚ БІЗДЕН, ЫРЗАЛЫҚ ЕҢБЕККЕРЛЕРДЕН
Біздің серіктестік қана емес, астық өндірумен айналысатын облыстағы барлық шаруашылықтар үшін биылғы күз өте берекелі болуымен есте қалғалы тұр. Көктемде тұқым себілген 600 мың гектар егістік алқапқа бітік өнім бітіп, 700 мың тоннадан астам алтын дән бастырылды. Ескі көз диқандардың айтуы бойынша, мұндай мол ырыс соңғы 43 жылда жиналып көрмепті. Осы істі еңбек жолыма серік еткелі ширек ғасырға тарта уақытта менің де даламыздың асып төгілген сыйын бірінші рет көруім болды. Сый дегеніммен, бұл ең алдымен маңдай терімізді аянбай бұршақтатқан қажырлы жұмысымыздың мәуелі жемісі екендігі әрине, талассыз.
Аймақтың астықты өңірлері саналатын Нұра ауданында басты байлықты жылма-жыл тасқындатушы «Шахтер», «Пржеваль» ЖШС қатарында «Қайнар» аталатын серіктестігіміздің орны бір бөлек деуіме болар еді. Әр маусым сайын бірден 38 мың гектар жер дәнді дақылдар толқынымен тербеледі. Егуден бастап жаз бойғы бел жазылмастан оны күтіп-баптап, өсіруге арналған іс-шаралар қаншама десеңізші. Бірде-біреуі назардан қалыс қалмайды. Осы күз әр гектарынан 12 центнерден өнім алынуы соның арқасы.
Өтпелі кезеңде бірқатар шаруашылықтар ыдырай бастаған шақта іргетасын сақтай білуіміз, қазір қарасақ, дұрыс ұйғарым болған көрінеді. Уақыт талабына сәйкес еңбекті жаңаша ұйымдастыру, диқандардың өз міндетіне жауапкершілігін көтеру, заманауи агротехникалық талаптарды бұлжытпай қолдану, тиімді әрі алымды техникаларды толықтыру арқылы салыстырғысыз деңгейге көтеріліппіз. Мысал үшін, бұрын егін орағында жан-жаққа жалынып-жалпайып қосымша күш шақырылып, жұмылдырылғанның өзінде жиын-терім айдан астам уақытқа ұласып, кейде қар түскенде де аяқталмай жататын. Бүгінде айналасы 10-15 күн ішінде тап-тұйнақтай жинап, қырманға үйіп-кептіріп, қамбаға құйып алатын болдық. Өз қаржымызға сатып алынған соңғы үлгідегі комбайндарды ұршықша иіруші механизаторлар науқанды бір демде атқарып шығады.
Астық мол болуына орай тұрмыс та жақсы. Тұрғындар ересектерінің дені «Қайнар» құрамында еңбек ететін ауылымыз облыстағы бақуатты да, көрікті де елді мекен саналады. Мәдениет үйі, медициналық қызмет орталығы, спорт ошағы серіктестік қамқорлығы құшағында. Еңбек ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті қарттарға отын-су, жемшөп тегін таратылып берілуі қалыпқы дәстүр. Озаттарға тұрғын үй, жеңіл көліктер тарту ету үрдісі де бар. «Игілікке сүйгілік» дейді ғой халқымыз қайырымдылық қайыры берекелі еңбек, берік бірлікке ұйыстырып келеді.
Шаруашылық саласын әртараптандыруға бағыт ұстау табысты еселеуге мүмкіндікті кеңейткелі отыр. Асыл тұқымды мал басы ұлғайтылуда. Осылайша, қолда барымызды бағалап, даму жолын жаңғыртуға ұмтылыс іркілмек емес. Мұның бәрі ауылдастарымыздың мүддесі үшін көзделудегі қадам. Ырыздық бізден, ырзалық еңбеккерлерден – міндет-мақсатымыз осы.
Сейітжаппар НЫҒМЕТОВ,
«Қайнар» ЖШС жетекшісі.
Нұра ауданы.
ӨНІМІМІЗ ӨТІМДІ
Осынау саланың бел ортасында жүрген жан ретінде ондағы әрбір жаңарулар мен өзгерістерге қуанып қаламын. Бір тәуірі, көңілге жағымды мұндай жайлар соңғы уақытта аймағымызда жиі ұшырасады. Соның бір жарқын мысалына біздің «Kazmetiz» ЖШС жанынан да үлкен, кең тынысты жаңа істің іргетасы қаланып, қанаттануын айтар едім. Ол қандайлық сипатымен ерекшеленеді десек, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, энергетика мен құрылыс саласы үшін болат арқандар, арматур сымдарын шығаратын өміршең өндіріс буыны екендігімен елеулі саналады.
Расын айтқанда, бұл әзірге елімізде осындай өнімдерді өндіруге бейімделген алғашқы кәсіпорын болып отыр. Халықаралық стандарттарға сай келетін болат арқандар мен сымдар өндірісін жолға қою біраз жылдар бойғы ойдағы жоба болатын. Индустрияландыру картасы аясында оны іске асыруға бұдан үш жыл бұрын мүмкіндік туды. Мемлекеттік көмек-қолдаудың арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құрал-жабдықтар сатып алуға, заманауи технологиялармен жасақталуға жағдай жасалуы көптен бергі мақсатымызға жетуге септігін тигізді.
Осы жақында жұмысын бастаған кәсіпорнымызда аталған бұйымның жылына 5 мың тоннасын шығару жобаланса, едәуір бөлігі отандық тұтынушыларға, сондай-ақ, көршілес елдерге жөнелтіледі. Бұған дейін еңбек етуші 200 жұмысшы-қызметкеріміздің қатары 50 адамға толықты. Алдағы уақытта өндіріс тынысын одан сайын кеңейту көзделуіне орай қатарымызға қосылушылар ұлғая түспек.
Өндіріс дамудың өзегі болып табылатындығын кім-кім, ең алдымен, соның басы-қасында жүрушілер жақсы біледі. «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасында табысты еселеудің көзі ретінде 7 бағыттың ішінен «Қуатты экономиканы» ерекше атар едім. Өйткені, экономикаға басымдық беру арқылы күш-қуат та нығая бермек. Индустриялық өңір тұрғысында облыста бұған қолайлы мүмкіндіктер бар. Соны пайдаланушылардың көбеюі осы салаға деген мемлекеттік қамқорлық әсері деп білемін.
Дмитрий МАЛАХОВ,
«Kazmetiz» ЖШС директоры.
«ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН – ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР»: ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?
Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»
Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.