Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға жұмыс сапары жалғасуда. Женевада Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры қызметін аяқтауына байланысты бірқатар шаралар өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға жұмыс сапары жалғасуда. Женевада Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры қызметін аяқтауына байланысты бірқатар шаралар өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаевтың құрметіне «Виктория Хол» концерт залында Швейцария Федералдық үкіметі мен Женева Кантоны билігінің атынан салтанатты концерт болды. Шара сондай-ақ жыл сайын 24 қазанда атап өтілетін БҰҰ күніне арналды.
Шарада Қазақстан өкілінің жетекшілігі кезінде Женеваның халықаралық рөлі БҰҰ еуропалық штаб-пәтері тұрғысында ғана емес, көптарапты дипломатияның жаһандық орталығы ретінде де арта түскені атап көрсетілді. Сонымен бірге, бұл күндері Қ.Тоқаев Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы уәкілеттігін де тоқтатты. Оның басшылығымен конференциядағы ядролық мәселелер жөніндегі пікірсайыстарда ілгерілеушілік айқындалды.
Кеше Ұлттар Сарайында Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Женева бөлімінің ұжымы үшін ресми қабылдау берді және кеңсенің аға қызметкерлерімен қорытынды кеңес өткізді. БҰҰ күні аясында Қ.Тоқаев Ұйымның ардагерлеріне адал қызметі үшін медальдар табыс етті.
БҰҰ-ның Женева кеңсесінде әлемнің 115 елінен 1500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бөлім БҰҰ жүйесінің 90-нан астам түрлі құрылымдарын қолдау ісін қамтамасыз етеді, Иранның ядролық бағдарламалары, Сириядағы жағдай, Африкадағы аумақтық дауларды реттеу және басқа да мәселелер жөніндегі келіссөздерді қосқанда жыл сайын кеңсе өткізген конференциялар мен кездесулердің саны 10 мыңнан асқан.
Швейцариялық бұқаралық ақпарат құралдары, дипломатиялық корпус, сондай-ақ, жергілікті қоғам Қ.Тоқаевтың Женевадағы жұмысы туралы ыстық ықыластарын білдіріп, ол өзінің белсенді және кәсіби қызметімен БҰҰ-ның әмбебап сипаттағы баламасыз ерекше халықаралық ұйым ретіндегі ең үздік келбетін паш еткенін атап өтті. Белгілі дипломат, елші Франсуа Нордманн танымал швейцариялық «Le Temps» газетінде Қ.Тоқаев туралы «Ұлттар Сарайындағы күнделікті істерді басқаруда және БҰҰ-ның Женевадағы әкімшілік органдарының жұмыстарына жетекшілік ете отырып, үнемдеу және жаңашылдық бағдарламасын іске асыруда шын мәніндегі менеджерлік қабілет-қарымын көрсетті», деп жазды. Мақала авторының пікірінше, Бас директор БҰҰ-ның Женева және Швейцария билігімен арадағы қатынастарын нығайту жөніндегі жұмыстарды табысты жүзеге асырып, жергілікті қоғамдық өмірге белсенді түрде қатысты.
Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы Бөлімі жанындағы Тұрақты өкілдігі женевалық дипломатиялық қоғамдастыққа БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының елге оралу рәсіміне байланысты ресми қабылдау берді.
Женевада, сонымен бірге, Қ.Тоқаевқа «ММХҚИ (МГИМО) түлектері ассоциациясының құрметті мүшесі» кеуде белгісін табыс етудің ресми салтанаты болды. Одан басқа, Халықаралық Жасыл Крестің президенті Александр Лихоталь Қ.Тоқаевқа осы ұйымның мақсаттары мен міндеттерін іске асырудағы зор үлесі үшін диплом және күміс медаль табыс етті.