• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Әлем чемпионаты: қазақ боксының келбеті көрінген күн

630 рет
көрсетілді

Сонымен, Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының ең бір шешуші шегіне, ерекше толқулы төріне жеттік. Кеше ол жартылай финалдық айқастар түрінде кереге керіп, алтын медаль үшін шайқасуға тиісті тарландар тобын топтастырып берді. Бұл күн сонымен бірге, қазақ боксының келбетін көрсетіп, келешегіне көз жүгірткізіп кеткен кезең де болды. Осы күні 1/2 финалда айқасқан 8 жігітіміздің алтауы алтын жүлде үшін күресетін 20 сайыпқыранның қатарынан табылды.

Сонымен, Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының ең бір шешуші шегіне, ерекше толқулы төріне жеттік. Кеше ол жартылай финалдық айқастар түрінде кереге керіп, алтын медаль үшін шайқасуға тиісті тарландар тобын топтастырып берді. Бұл күн сонымен бірге, қазақ боксының келбетін көрсетіп, келешегіне көз жүгірткізіп кеткен кезең де болды. Осы күні 1/2 финалда айқасқан 8 жігітіміздің алтауы алтын жүлде үшін күресетін 20 сайыпқыранның қатарынан табылды.

Дәл сайыстар басталар алдында ғана бізге 75 килоға дейінгі салмақтағы ағылшын боксшысы Энтони Фоулердің жарақаттанып қалуына байланысты шаршы алаңға шыға алмайтыны белгілі болды. Бұл оның қарсыласы Жәнібек Әлімханұлының финалға ұрыссыз жолдама алғанын айғақтап берген еді. Сол қуанышты хабардың соңын ала алаңға 49 килоға дейінгі салмақтағы Біржан Жақыпов пен кубалық Йосвани Сото Вейтиа көтерілді. Бірден байқалғаны, біздің құраманың ардагері ұрысты барынша байсалды бастады. Ол өзін біріншілікте үш рет жеңіске жеткізген тәлімді тактикасынан бұл жолы да айныған жоқ. Ақырын жүріп, анық басты. Керекті жерінде жанартаудай бұрқ етіп көтеріліп, әбжіл әріптесін жұдырықтың астына алды. Ең бастысы, ол өзіне өте сенімді көрінді. Мұның алдындағы әлем чемпионатында әдепкі қарсылас болып кезігіп, өзін 1/32 финалда жолдан тайдырған жас періден қалайда қарымта қайтару қамымен аптықпады. Осы қимыл ақырында талассыз жеңіске де апарды. Келесі жұпта алжирлік Мохаммед Флисси костарикалық Да­вид Родригесті 3:0 етіп ұтып, Бір­жан­ның ақтық сындағы қарсыласы болып шыға келді.

Бұдан кейін Балуан Шолақ ке­ше­ніндегі жанкүйерлер 56 килодағы Қайрат Ерәлиев пен әзербайжан Джа­вид Челебиевтің текетіресін тамашалады. Жасыратыны жоқ, біздің бағланның визавиі халықаралық арена тұрмақ, өз елінде де пәлендей салиқалы салмағы жоқ сайыскер еді. Бұл үшін оның әлі Әзербайжанның да чемпионы болып көрмегенін, бар жетістігі биылғы ұлттық біріншілікте алған қола медаль екенін айтсақ та жеткілікті. Ұрыс барысында біздің боксшы шеберлік жағынан да, соққыларының дәлдігі жағынан да озық көрінді. Әріптестің бар артықшылығы өңмендеп алға ұмтыла беру болды. Сондай айырым болғанына қарамастан, неге екені түсініксіз, төрешілер кейінгі екі раундтарды деңгейі мен өресі төмен спортшыға берді де жіберді. Әлбетте, Қазақстанның бір рет қана чемпионы атанып, күні кеше Азия чемпионатынан құрқол қайтқан Қайрат үшін жаһандық жарыста үшінші жүлделі болудың айтарлықтай зор табыс екенін бәріміз де білеміз. Бірақ, осының алдында ғана турнирдегі жалғыз Олимпиада чемпионы, кубалық қабылан Робейси Рамиресті тербелтіп ұтып, мүлде медальсіз қалдырған оғланымыздың белгісіз біреуге белбеуін босатып беріп қойғаны еріксіз өкіндірді.

Осы кеткен есені кейінірек 64 кило салмақтағы Мерей Ақшалов жақсы қайтарды. Оның үстіне оның әріптесі әлгіндегі секілді бозым емес, талай жылдардың таңын талас­ты күреспен айырған тарлан еді. Басқасын айтпағанда, ол осының алдында Бакуде өткен әлем чемпионатында бас бәйгені алған. Бұдан да әрі кетсек, Бразилияның чемпионы деген атаққа сонау 2006 жылы-ақ қол жеткізген жұлындай жігіт бүгінге дейін оның санын 5-ке толтырған. Панамерика ойындары мен Латын Америкасы ойындарының әрбірінде екі дүркіннен, Панамерика чемпио­натында бір мәрте жүлде таққан. Міне, сол чемпионды біздің Мерей өзінің керемет өнерімен тақтан тайдырды. Бұған дейін қарсыластар бір-бірімен екі рет кездескен екен. Оның біріншісі Бразилияда өткен әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігі кезінде болды. Екіншісінде Бүкіләлемдік бокс серия­сы матчы аясында жұдырық сілтесті. Нәтижелері тең – 1:1. Кімнің қайда жеңгенін түйсігі түрік оқырмандар пайымдап отырған шығар. Сол ежелгі еңкулестердің ендігі ерен ұрысын біздің бағлан бастады. Олай етпеске әдді де жоқ еді. Бұл жекпе-жекті Мерейдің өз үйінің төрінде өткізгенінен бөлек, тап сол күні оның отбасында көл-көсір қуаныш орын алып, дүниеге Амира есімді қызы келіп жатқан-ды. Сондықтан шаттығы шашасына сыймаған шандоз өзінің бұл жеңісін туған республикасы мен қызына қатар арнады. Ал Мерейге финалда Куба боксшысы тап келіп тұр. Бір қызығы, еліміздің қазіргі құрамасында Бостандық аралының гүрзі жұдырықшы жігіт­тері­мен төрт рет кездесіп, соның төр­теуінде де жеңіске жеткен одан басқа ешкім жоқ. Ол осы кезге дейін тап осылай Йорденис Угасты 2 рет, Лондон Олимпиадасында чемпион атанатын Росниель Иглесиас пен Юденис Таурасты бір-бір мәртеден тізерлеткен. Ендігі қарсыласы – әлемнің 2011 жылғы күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының сол жылғы жеңімпазы, 2010 жылғы Панамерика чемпионатының алтын жүлдегері, 2009 жылғы Боливар ойындарының бір мәрте және Кубаның 4 дүркін чемпионы Ясниер Толедо Лопес! Әрине, біз бүгін де сол ізі қаланып қойылған же­ңіс­ті үрдістің жалғасқанын қалай­мыз.

Қазақстандықтар үшін осымен күндізгі сессия ұрыстары аяқталды. Ара­ға екі сағаттық үзіліс салып, қай­та жалғасқан келесі бәсекелерді қазақ­стандықтар қатарынан 60 килоға дейінгі салмақтағы Берік Әбді­рах­манов бастады. Біз оның куба­лық тәжірибелі тарлан Лазаро Аль­варес Эстрадамен шайқасын тым «табан­даттыға» санамас едік. Бірақ, бұл жолы да оған қолының қысқалығы біраз қиындық келтірді. Сондықтан қаншама қайтпас қимылмен атойлап алға шапқанымен, кубалықтың қаша жүріп салған ұрысы ұпайды көбірек жинап кетті. Рас, соңғы раундта Берік керемет соққылар сериясының сілтеуін жазды. Әйткенмен, жалпы жеңіс үшін мұның өзі аздық еткен сияқ­ты. Сол себепті де осыдан соң өте тә­жірибелі итальян Валентино Доме­никодан айласын асыра білген бразилиялық Робсон Конкейкаоға кубалық боксшы ақтық айқаста қарсы шығатын болып шешілді.

Біздің бұл жерде Рио-де-Жанейро ұланына арнайы тоқтап өтуіміздің тағы бір себебі, ол осы күні өзінің 25-ке толған туған күнін тойлады. Тап осындай қуанышты сәтті бұл күні, сондай-ақ біздің даңқты боксшымыз Серік Қонақбаев та бастан кешірді. Ал ертең туған күні жетіп, 25-ке толғалы тұрған ресейлік боксшы, қазақтың жиені Артем Чеботарев болса, күндізгі сессияда күтпеген жерден Джейсон Куиглейге есе жіберіп алды. Сөйтіп, Жәнібек Әлімханұлы финалда ирланд марғасқасымен кездесетін болды. Бір ғажабы, осыдан кейін рингке көтерілген боксшыларымыздың қай-қайсысы да бізге шаттықтың шашуын шашып тұрды. Сол жолды 69 килоға дейінгі салмақтағы Данияр Елеусінов түзу жолға салып жіберді. Оның Германия құрамасы атынан түсіп жүрген армян жігіті Араик Марутянмен ұрысы бокс оқулықтарына ойланбай енгізетіндей үзірлі үлгі болып шықты.

Тап осындай сауатты да салауатты сынақты 81 килоға дейінгі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов те өткерді. Ең тәуірі, осыдан екі ғана ай бұрын, Амман рингінде өткен құрлық біріншілігінің финалында өзбек боксшысына кетіп қалған есенің ерені қайтты. Бұл жолы саңлағымыздың оқ бойы алда болғаны айдай анық көрініп тұрды. Бұған оның тасқамал қорғанысты ұстай отырып, ұрандата ұрып шығатын соққылары дәлел болады. Соның негізінде Ойбек Мамазулунов бірінші раундта-ақ екі рет арқанға керіліп барып, құлаудан аман қалды. Ал соңғысында ақыры айналып барып, жерге ұшып түсті. Енді финалда Әділбек 2011 жылы Бакудің финалында кездескен тағы бір қарсыласы, кубалық Хулио Сезар де ла Круспен ұшырасады. Ол бұл кезде ирланд Джой Уардтан басым түсті. Егер Олимпия ойындары мен әлемнің күміс жүлдегері алдыңғы жаһандық жарыста кеткен есені де тап кешегідей етіп қайтарар болса, ол тек өзі үшін ғана емес, оның өнерін барынша бабымен бағалайтын мыңдаған жанкүйерлері үшін де таптырмас тарту болып шығар еді.

Жартылай финалдық айқастардың ең соңғы гонгы біздің Иван Дычконың жеңісін паш етіп соғылды. Ол бұл сәтте германиялық Эрик Пфайфферді тұралатып жатыр еді. Бұған дейін Олимпиада мен әлемнің бір-бір қола медальдарын алып қалған айбынды азаматымыз үшін финалға шығудың өзі табыс. Соңында Ваняның өзі де осыны мойындай отырып, ақырғы сында аянбай айқаса­тынын айтып салды. Ал онымен соң­ғы тірек басында осы жолы итальян Роберто Каммареллені теңселіп жү­ріп ұрып шығып, Бүкіләлемдік се­риядағы жеңілісінің жетегін қайтар­ған әлемнің 2011 жылғы чемпионы, әзербайжандық Магомедрасул Мед­жидов кездеспекші. Біздің бағлан одан Бакудегі жартылай финалда жеңілген. Жалпы, осы кезге дейін дағыстандық дауылпаз үш қазақстандық атлетпен кездескен екен. Солардың ішінде тағы Қамшыбек Қоңқабаевты ұтқанымен, Жан Кособуцкийге есе жіберген. Демек, тиегін тапса, Иванға да екі жыл бұрынғы ұтылыстың ұстынын қайтарудың орайы келіп қалар деп шамалаймыз.

Сонымен, жартылай финалдық айқастар аяқталды. Ол бүгін өтетін ақтық айқасқа Қазақстанның 6 бокс­шы­сынан бөлек, Кубаның – 4, Ресей­дің – 3, Әзербайжанның – 2, сондай-ақ Алжир, Ирландия, Италия, Өзбекстан және Бразилия елдерінің бір-бір был­ғары қолғап шеберлерін алып шықты.

«Егемен Қазақстанның» әлем

Чемпионатындағы көшпелі редакциясы.

Соңғы жаңалықтар