Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде кеңес өткізгені мәлім. Жиын барысында түйткілді мәселелер төңірегінде кеңінен әңгіме қозғалды.
Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлық азаймай тұрғаны рас. Өкініштісі, Transparency International рейтингінде Қазақстан жемқорлық бойынша 180 мемлекеттің ішінде 113-ші орынға жайғасқан.
Дегенмен, кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары өз жемісін беріп келеді десек, қателеспейміз. Мәселен, жоғарыда айтылған ұйымның 2013 жылғы тізімінде 140-орында тұрған еді. «Мұсылман болу әсте-әсте» демекші, қоғамды жегідей жеген індетпен күресудің де саты-сатымен жүргізілетіні түсінікті.
Осы орайда, Мемлекет басшысының мына сөзі ойға оралады: «Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпыұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок-бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған. Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын», деген еді Қ.Тоқаев таяуда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиында.
Президент сөзінің жаны бар. Пандемия кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талай «қызығына» куә болдық. Мәселен, сәуірде бір топ қымбат көліктің елдегі төтенше жағдай мен карантинге қарамастан Алматыдағы блок-постан емін-еркін өткені, мейрамхананың бірінде той өтіп жатқаны көрсетілген видео әлеуметтік желіде жарияланған-ды. Кейіннен бұл тәртіп бұзғандардың Алматы қаласы криминалды полиция департаменті басшысының туыстары екені айтылды.
Көп ұзамай Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы оқиғаны сынға алып, төтенше жағдай режімін бұзуға жол бергені үшін Алматы қаласы криминалды полиция департаменті басшысы Жанболат Зиадинді қызметінен босатты. Сондай-ақ Ақмола облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің карантин режімін сақтамай, моншада жүргені көрсетілген видео таралды.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері пара алудан да алдына жан салмайды. Мәселен, 2019 жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа байланысты 1002 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, солардың 297-сі Ішкі істер министрлігінің және оған қарасты органның өкілдері екен.
Биылғы тізімде де Ішкі істер министрлігі сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны бойынша көш бастап тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сай ішкі істер органдарының 77 қызметкері жауапқа тартылған.
Осындайда, Мемлекет басшысы айтпақшы, «азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырғанда» істелініп жатқан жұмыстың еш тиімділігі болмайды. Сондықтан түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу секілді әрекет келмеске кетіп, қоғам болып жемқорлықтан жаппай жиренуіміз керек.
Президент қоғамдық бақылауды күшейту ісін де басым міндеттердің бірі ретінде атады. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуге тиіс. Яғни мемлекеттік органдар қоғамның қолдауынсыз жемқорлықтың жегіқұртын жеңе алмайды. Сондықтан халқымызда адалдық идеологиясы қалыптасуы тиіс.
2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданғаны есімізде. Құжатта қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы айтылған. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру үшін жүйелі іс-қимыл қажет екенін Мемлекет басшысы да атап өтті.
«Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғалы көп жылдың жүзі болды. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты», деді Қ.Тоқаев.
Президент айтып өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамдық бақылау тетігі жұмыс істеуге тиіс. Бұл шараны атқаруға үкіметтік емес ұйымдар зор үлес қоспақ. Сондай-ақ олар нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыса алады.
Негізі, елімізде бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Волонтерлер жылы аясында азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «ADAL KÓMEK» жобасы іске қосылды. Онда азаматтық және қылмыстық құқық саласындағы заңгерлер, адвокаттар мен нотариустер кеңес береді. Бүгінге дейін осы платформа арқылы әлеуметтік осал топтардан шыққан 11 мыңнан астам азамат танымал заңгерлерден тегін кеңес алды. Сонымен қатар қоғам мүшелерімен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, наразылық туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады.
Бұдан бөлек, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Адалдық алаңы» жобасының аясында түрлі саланы қамтитын «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Сапалы жол», «Адал жол», «Protecting Business and Investments» жобалық кеңселері, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағарту топтары жұмыс істейді.
Мәселен, «Protecting Business and Investments» жобасының аясында отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 12,1 трлн теңге болатын 421 бизнес-жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге ие болып отыр. Инвестициялық жобалардың 28 пайызы шетелдік инвесторлардың үлесінде. Кәсіпкерлер мен инвесторлардан келіп түскен шағымдардың 90 пайызы (684 шағымның 625-і) олардың мүддесіне шешілді.
6 мыңнан астам мектепте 1 млн-ға жуық мүшесі бар «Адал ұрпақ» мектеп клубы жұмыс істейді. Осы клубтар арқылы былтыр 25 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы өткізілді. Бұған қоса «Transparency Internatioanal Kazakhstan»-ның қолдауымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер» мен парасаттылық мектептері өткізіліп келеді. Скандинавия елдерінің тәжірибесі бойынша «Адалдық дүкендері» (Integrity Shop) ашылды.
Жалпы, еліміздің барлық өңірінде халықты ішкі мәдениет пен парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған 5 мыңға жуық сатушысыз дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ былтыр «Адалдық алаңы» жобасы қоса ұйымдастырушы ретінде өткізген «Халық заңгері» акциясында 18 мың азаматқа тегін құқықтық кеңес беріліп, оған 2 500 сарапшы қатысты. Акция бір уақытта 176 елді мекенде өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық бақылау мен үкіметтік емес сектордың белсенділігі артуына байланысты, мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық азайды.
Қорыта айтқанда, еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың азаймай отырғанына қарамастан, оң өзгерістер жетерлік. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қоғамның жегіқұртымен күрес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана адал қоғам құруға болады.