• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Тамыз, 2020

2021 жылы даму бюджетінің көлемі 900 млрд теңге сомасында жоспарланған

123 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы қаралды. Отырыс барысында Қаржы министрі Е. Жамаубаев жобаның негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады, - деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобасы экономикалық өсімнің баяулауы және әлемдік тауар нарықтарында қолайсыз конъюнктура жағдайларында ел экономикасының 2025 жылға дейінгі даму болжамы негізінде әзірленді. Бюджет жобасын қалыптастыру кезіндегі басым міндеттер — мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету және мемлекеттік инвестициялардың қолайлы деңгейін сақтау.

Е. Жамаубаевтың айтуынша, 2021 жылға түсімдер 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Ұлғаю негізінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша күтілуде. Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4%-нан 2023 жылы кезең-кезеңмен жалпы ішкі өнімнің 2,1%-на дейін төмендеуімен жоспарланған. Министрдің айтуынша, шығыстар 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 13,1 трлн теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр.

Е. Жамаубаев атап өткендей, жобада бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ды құрайды. Осылайша, әлеуметтік салаға 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд теңгеге өсіммен 7 трлн теңге жоспарланды. Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге көзделді.

Сондай-ақ педагогтер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолымен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған.

Экономиканың нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн теңге көзделді. Осы қаражат аясында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы – 2025» және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасады.

Министр атап өткендей, 2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 27%-ын құрайды. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттері — 1,4 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд теңге көзделді.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.