• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Тамыз, 2020

Мал бағудың жаңа ережелері

5019 рет
көрсетілді

«Жайылымдар туралы» Заң күшіне енгеннен бері биыл СҚО-да соның негізінде қолдағы малды бағудың жаңа ережелері өз күшіне енді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Полицейлер бұл ережелерді мал ұрлығына жол бермеудің профилактикасында маңызды қадам деп отыр. Ережелерде тұңғыш рет заңды түрде «қаңғыған мал» түсінігі енгізілді. Енді қаңғыртып жіберген малы үшін иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан былай малды тек ұйымдастырылған түрде ғана бағу қажет. Егер иелері малдарын бақташы жалдап баққызса, онда жергілікті басқару органыны, мал иесі және бақташы үш жақты шарт жасасуға міндетті. Бұл бақташының мал иесі алдындағы міндеттемесіне кепіл де бола алады.

Жаңа принциптерді енгізуде Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері белсенді жұмыстар атқарып келеді. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың қаражатына кәсіпкерлердің қолдауымен 11 арнайы орын жасалды, бұл жерлерге қаңғырып, иесіз жүрген малдар қамалады. Басқаша айтқанда бұл малдың «айып тұрағы» іспеттес.

Жуырда полицейлер Меңкесер көлі маңында жайылып, бақташысыз, иесіз, бос жүрген 12 бас жылқыны көріп, қуып әкеліп осындай орындардың біріне қамады. Өйткені, иесіз мал суық қолды адамдардың қолды қылуына жол беріп, қылмыс жасалуы мүмкін еді.

Мамлют ауданы ПБ бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуына қарағанда бұл малдардың ен таңбасы да болмаған. Мұның өзі олардың иелерін іздестіруде қиындық туғызады. «Жануарлар ұрланған не жоғалған жағдайда иелік құқығын дәлелдеу қиынға соғушы еді»,- дейді ол.

Ауылдастардан хабар алған жануарлардың иелері кешке жақын келіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша айыппұл төлеген соң, жылқыларын алып кеткен. Олардың бәрі Меңкесер ауылының тұрғындары екен.

«Бақташысыз еркін жайылған мал ұрылардың олжасы болады, сонымен бірге жануарлар автомобиль жолдарына шығып кетіп, апатты жағдай тудырып жатады. Сөйтіп, полиция бөліністерінің күштерін барынша жұмылдыруға, басқа қылмыстарды тергеп-тексеруіне кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай құбылыстарды тоқтатқан жөн», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.

Қазір бақташылар және жергілікті әкімдіктермен үш жақты шарт жасасқан шаруашылықтардың басым бөлігінде мал ұрлығы күрт азайған. Сонымен бірге жаңа ереже бойынша малдарды міндетті түрде таңбалау мен биркалау керек. Бұрын мұндай талап тек ұсынымдық сипатта болатын. Кейбір шектеулер де енгізілген, мәселен, ауру малды жайылымға жіберуге тыйым салынады. Сондай-ақ, мал айдау, малды суару сияқты мал жаюдың басқа да шарттары реттелген. Қазір облыста қаңғырған малдарды уақытша қамайтын, жергілікті атқарушы орган есебінен ұсталатын, 54 орын әзірленген. Оларға осы уақытқа дейін 88 тұяқ мал қамалған.