• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Тамыз, 2020

Індет абдыратқан алмағайып әлем

205 рет
көрсетілді

Үндістандағы індеттің таралу қар­қыны күшейіп тұр. Айналдырған екі аптаның ішінде COVID-19 жұқтыр­ғандар саны 1 миллионға өскен.

Онсыз да кедейі көп түбек тұрғындары індет қырсығынан арылар емес. 23 тамызда Үндістанның денсаулық сақтау және отбасы әл-ауқаты министрлігі бір тәулікте 912 адам ажал құшып, жалпы қайтыс болғандардың саны 56 706-ға жеткенін мәлімдеді.

 

Елде күнделікті 65-70 мың шамасында вирус жұқтырғандардың тіркелуі эпи­демиялық ахуал бойынша алдыңғы қатардағы АҚШ пен Бразилияның көр­сет­­кішін қосқанмен бірдей болып тұр. Бұл қарқын бәсеңдемесе, Үндістан жалпы ін­деттің таралуы жөнінен көш бастауы­ мүмкін.

 * * *

Германиядағы федералды аймақ – Солтүстік Рейн-Вестфалия үкіметінің премьер-министрі Армин Лашет жыл сайын өткізілетін дәстүрлі карнавалдың биыл болмағанын дұрыс деп есептейді.

«Карнавалдық ассоциациялармен бірге осындай ұйғарымға келіп отырмыз. Себебі 11 қарашада дәстүр бойынша халық ойын-сауық қуып, далаға лап қойса, COVID-19-дың қармағына ел болып түсіп, салдарынан ес жия алмай қалуымыз мүмкін», дейді А.Лашет WDR телеарнасына берген сұхбатында.

Аталған мәселе бойынша нақты шешім 2-3 аптаның ішінде қабылданбақ. Бұған дейін Германияда жаздың күні тойланатын дәстүрлі «Мергендер мерекесіне» тыйым салынды.

 * * *

АҚШ-тың Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қарасты дәрі-дәрмек са­па­сын қадағалау басқармасы (FDA) індет жұқтырып, жазылғандардың қан плаз­масын COVID-19-ға қарсы емге пай­далану жөнінде шұғыл рұқсат берді.

CNN агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысы Дональд Трамп плазманың ықтимал қаупінен емдік артықшылығы әлдеқайда басым екенін атап өткен. «Мен бүгін коронавируспен күрес бойынша тарихи мәлімдеме жасап, қуанып тұрмын. Бұл – сансыз адамды ажал тырнағынан құтқаратын шара», дейді Д.Трамп.

Дәрі-дәрмектің сапасын қадағалау басқармасы плазмаға қатысты клиникалық зерттеулердің толық аяқталмағанына қарамастан, оның 70 мың пациентті емдеуде қолданылып, оң нәтиже көрсеткеніне қарай шешім қабылданғанын мәлімдеген.

 * * *

АҚШ-та кейбір теңіз сүтқоректілері мен жойылып кету қаупі бар примат­тардың COVID-19-ға шалдығуы жайын­дағы зерттеулер жарық көрді.

Калифорниялық ғалымдар Proceedings of the National Academy of Sciences басылымында адамдар мен түрлі жануарлардың геномдық талдамалар арқылы вирустың жасушалық рецепторларына жасаған зерттеулері бойынша мақала жариялаған. Онда адамдардың мұрын және ауыз қуыс­тары мен өкпеде және көптеген жасушаларында болатын ACE2 ангиотензин конверсиясындағы 25 аминқышқылының араласуымен ағзаға өтетін вирустың жа­н­уар­ларға да әсер ететіні жайлы жазылған.

Ғалымдар COVID-19 енді ағзасында осындай тізбек түзетін жануарлар өміріне де қауіп төніп тұр деп есептейді.

 

Дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»