• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Тамыз, 2020

«Гольфгейт» Үлкен Филдің соңына жете ме?

230 рет
көрсетілді

Еуропалық одақтың сауда жөніндегі комиссары Фил Хоганның басы дауға қалды. Ирландиялық саясаткердің карантиндік шектеу шараларына қарамастан гольф клубының жиынына қатысуы қызу талқыға түсті.

Өткен аптада Ирлан­диядағы гольф клубтардың бірі 50 жылдық мерейтойын тойлап, салтанатты рәсімге лауазымды қонақтарды шақырған-ды. Олардың қата­рында «Үлкен Фил» атымен танылған Хоган мырза да бар. Кейінірек мерейтойлық жиынға 80-нен астам адам қатысқаны белгілі болды. Ирландия билігі эпидемияны таратпау мақсатында көпшілік орындарда 50-ден артық адам жиылмауы тиіс деп шешім шығарған еді. Бірақ даулы іс-шарадан бір күн бұрын ғана індеттің өршуіне байланысты бұл шектеуді 6 адамға дейін қыс­қартқан.

Мерейтойға көп адамның жиналуы мен карантиндік шектеудің сақ­талмауы Ир­лан­дияда қызу талқыға түсті. Нараз­ылар Фил Хоган баста­ған шенеуніктерді қыз­меті­нен алуды талап етіп отыр. Өйткені лауазым­ды тұл­ғалар пандемия кезінде ара­қа­шықтық сақтап, себеп­сіз далаға шықпауға шақы­рып, өздері той тойлап жүруі қызуқанды ирлан­дия­лық­тарға ұнаған жоқ.

The Irish Examiner газеті іс-шара туралы жариялағаннан кейін әлеуметтік желілерде мерейтойға қатысқандарды сынаған жазбалар көбейді. Оған қоса, тыңдармандар радиоға қоңырау шалып, шенеу­ніктерге өкпесін жет­кізді. Осы оқи­ғадан кейін мере­келік жиын­ға қатыс­қан Ирландия ауыл шаруа­шы­лығы министрі Дара Гал­леари және бір­қатар лауазымды тұлға қыз­меті­нен кетті. Ал Хоганның «тағ­дыры» Еу­ро­палық одақтың қолында.

Ирландия парламентіндегі Жа­сыл­дар партиясы Ф.Хо­ганнан өз кінә­сін ашық мойындауды талап етіп отыр. Әлеуметтік теңдік жөнін­дегі министр, Жасылдар пар­тиясының мүшесі Роде­рик О’Горманның айтуынша, Хоган қоғамның пікі­ріне құлақ асуы тиіс. «Біз ше­шім қабылдап, халықтан күнделікті тіршілігінен бас тартып, үйден шықпауды сұрап отырмыз. Бұл қадамның қарапайым тұрғындар өміріне қалай әсер еткенін нақты айта алмаймыз. Сондықтан Дара Галлеаридің қызметінен кеткені дұрыс шешім. Ол қателік жасады», деді ол.

Сенатор Регина Доерти, Ф.Хоган­ның өзін ақтаудың орнына кешірім сұраға­ны дұрыс деп есептейді. «Ф.Хоган өзінің қателескенін ай­тып, мұндайды қайтала­мау­ға уәде беруі керек еді. Ол кешірім сұрауы тиіс», деді сенатор. Оппозициялық пар­­тия жетекшісі Мару Лоу Мак­­­до­нальд туиттердегі па­рақ­­ша­сында Ирландия пар­ла­­менті жазғы демалысынан ша­қы­рылып, оқиғаны май­шам­мен қараудың қа­жетін жазды.

Хоганның өзі іс-шараның каран­тиндік талаптарға сай келме­генін білмейтінін айтып, ақталып әлек. Оның сөзіне сенсек, ұйымдастыру­шылар мерекелік салтанат карантиндік шектеуге сай жасалғанына сендірген.

«Мен Оиреахтас (Парла­мент – А.А.) гольф қоғамы­ның жиынына ұйым­дасты­ру­шылар мен қонақ үй бас­шылығы Ирландия қонақ үй федерациясымен ке­лісіліп, мемлекеттің шек­теу шараларына сай жасалға­нына сендіргендіктен ғана қа­тыс­тым», деп жазды Ф.Хоган туиттердегі парақшасына.

Дегенмен, Ирландия қонақ үй феде­рациясы 50 адам­нан артық жина­латын бүкіл шараларға шектеу са­лын­ғанын айтады. Премьер-министр Микал Мартин жер­гілікті телеар­наларға бер­ген сұхбатында Хоган­ның ха­лықтан кешірім сұрауы тиіс­тігіне тоқталып, оны әр сөзіне мұқият болуға шақырды.

«Халықтың ашулану себебін жақсы түсінемін. Бірақ Хоган Еуро­па­лық ко­мис­сияның мүшесі. Сон­дық­тан ол Ирландия билігінің юри­с­дикциясына кірмейді», деді М.Мартин.

The Irish Times газетінің хабар­лауынша, салтанатты рәсімге қатыс­ты полиция іс қозғаған. Жалпы, Ир­ландияда карантиндік талаптарды сақтамай, мұндай жиынға қатысу қылмысқа жатпайды. Әйтсе де, ұйымдастырушы тарапқа қарсы қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін.

Жалпы, бұған дейін Хоган бір­неше рет дауға қалған болатын. 2011-2014 жылдары Ирландияда қор­шаған орта, қоғам және жергілікті үкімет министрі кезінде жергілікті салыққа реформа жасауға талпынған. Оның бұл ұсыны­сы тұрғындар арасында сын­ға ұшырады. Сондай-ақ оның Дүниежүзілік сауда ұйы­мының директорлығына өз кандидатурасын ұсынуы Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерге ұнаған жоқ.

Фил Хоганның «гольфгейт» оқиға­сына қатысты басы дауға қалғаны­мен, оның қызметінен кетуі екіталай. Бірін­шіден, Еуропалық одақ­тың кез келген мүшесі ұйым­дағы өз елінің лауа­зымды азаматын қызметінен алып тастауға құқылы емес.

Екіншіден, лауазымды тұлғаны қызметінен кетіру үшін ЕО-ға мүше мемлекет оның өз еліне қастандық не опасыздық жасағанына ша­ғым­дануы тиіс. Сонда ғана комиссар орынтағын босатады.

Үшіншіден, Фил Хоган­ның қазіргі тағдыры Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Ляйеннің қолында тұр. Алайда Урсула ханым­ сауда-саттық жөнінде бір­қатар келіссөздер жүргізіп жатқан ЕО-дағы беделді ше­неунікті орнынан алып тас­тайды дегенге сену қиын.

Бұған дейін Еуропалық комиссия тарихында бір ғана комиссар қызметінен кетірілген. 2012 жылы Мальтаның өкілі Джон Даллиға темекі өнді­рісіне қатысты заң жобасына түзету енгізу үшін бірқатар компания­дан пара алды деп айып тағылған еді.

Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, Фил Хоганды ко­мис­сарлық лауазы­мынан айы­ру екіталай. Ол гольф ұйы­­мы­ның мерекелік кешкі асына қатысу үшін пара ал­ған жоқ. Қызме­тін жеке басына пайдаланбады. Тек карантиндік шектеу шараларына мән бермеді.

Еуропалық комиссияның өкілі Дана Спинант ұйымның оқиғаны жіті бақылап отыр­ғанын жеткізді. Оның ай­туын­ша, комиссардың қан­ша­лықты кінәлі екенін анық­тау үшін жан-жақты зерттеу қажет.

«Президент Урсула вон дер Ляйен комиссар Хоган­нан нақты есеп беруді талап етіп отыр. Ол қосымша мәлі­меттерді сұратты, өйткені оқиғаны егжей-тегжейлі білу қажет», деді Д.Спинант.

Қазіргі таңда Еуропа­лық одақ АҚШ және Ұлы­бри­таниямен сау­да-эконо­микалық байланыс жөнінде келіссөздер өткізіп жатыр. 2018 жылы Вашингтон билігі «қарт құрлықтан» келетін бірқатар тауарға салықты ұлғайтқан еді. Бұған жауап ретінде ЕО мұхиттың арғы бетінен келетін өнімдерге салықты күшейтті.

Оның үстіне, Ұлы­брита­ния биыл­ғы қазанда Еуро­палық одақтан толық­­қан­ды шығады. Яғни сол кезге дейін бүкіл құжат, туындаған мәселелер шешілуі тиіс. «Тұманды Альбион» мен ЕО арасында бұған дейінгі жасалған келісімдерді қайта қарау қажет.

Осындай қиын-қыстау кезеңде Еуропалық комиссия сауда-саттық жөніндегі комиссарын ауыстыру оңай­ға соқпайды. Өйткені Фил Хоган қызметінен кетсе, ұйым­да ауыс-түйіс басталады. Мұның бәрі Еуропалық комиссияның абыройына нұқсан келтіріп, АҚШ және Ұлыбританиямен жүргізіліп жатқан келіссөздерді тоқта­тады. Сондай-ақ пандемия­мен арпалысып жатқан «қарт құрлықтың» елдері­не кедергі келтіреді. Енде­ше, Еуропалық комиссия Ирлан­диядағы саяси жағдайды тұрақтандырудан бұрын өз ішінде қиындық тумауын ойлайтыны анық.