Майкрософт компаниясы Apple мен Epic Games арасындағы дауға араласып, кейінгісін қолдайтынын мәлімдеді.
Дау былай басталды. Танымал Fortnite ойыны бағдарламасын жасаған Epic Games компаниясы Google және Apple-дің төлем жүйесіндегі комиссиялық ақының қымбат екеніне наразылық танытып жүрген. Қазіргі таңда бұл үстемеақы 30 пайызды құрайды. Кейіннен компания өзінің төлем жүйесін жасап шығарды. Сөйтіп, Epic Games екі компанияны тақырға отырғызып кетті. Бұған қарсы қадам ретінде Apple өзінің дүкенінен Fortnite ойынын мүлдем өшіріп тастады.
The Guardian басылымының хабарлауынша, Microsoft-тың басшылық қызметіндегі Кевин Гаммил арнайы мәлімдеме жасап, Epic Games-ді қолдайтынын жеткізген.
«Epic Games-тің Unreal Engine технологиясы көптеген ойын жасаушылар үшін маңызды. Олардың қатарында Майкрософт та бар. Apple-дің компаниямен келісімді бұзуы және технологияны қолдамауы келешекте ойын жасаушыларға да, ойнайтын тұрғындарға да кері әсерін тигізеді», деп жазды К.Гаммил.
Apple-дің ашуы қатты. Компания 28 тамыздан бастап Epic Games-дің App Store-дағы аккаунтын жойып тастауды жоспарлап отыр. Бірақ екіжақты келіссөз жүргізіп, мәмілеге келсе, Apple басшылары ұстанымдарын өзгертуі мүмкін.
Жалпы, Microsoft-тың ресми түрде Apple-ға қарсы шығуы бекер емес. Таяуда «Эппл» басшылығы «Майкросфотқа» тиесілі xCloud стримдік қызметін бұғаттап тастаған еді. Бұл әрине, Билл Гейтстің компаниясына ұнаған жоқ. Қысқасы, IT саласындағы алпауыт екі компанияның арасынан қара мысық жүгіріп өтті.