Алматы қаласында жалған ақша өткізушілер ұсталды. Бұл туралы ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне Egemen.kz сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Алматы қалалық Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында номиналы 10 000 теңгелік жалған ақша белгілерін дайындаумен және оны өткізумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тексеріс барысында қылмыстық топ алдын ала сөз байласып, ҚР Ұлттық банкінің банкноттарын жасырын цехта әзірлегені анықталды.
Осылайша, жасырын цехты тінту кезінде ноутбук, түрлі-түсті принтер, су белгілері бар арнайы қағаз, бояулар салынған ыдыстар және 10 000 теңкелік купоралардың суреттері бар файл табылды. Сондай-ақ кеңсе заттары, банкнот пен ою-өрнек белгілері бар қағаздар және 220 мың теңге сомасындағы жалған купюрлар тәркіленді.
Сот үкімі бойынша айыпталушылар ҚР ҚК-нің 231-бабының 2-бөлігімен (жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, орнын ауыстыру немесе өткізу) кінәлі деп танылды. Жасырын цехты ұйымдастырушылардың біріне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, ал екіншісі жазасын 3 жыл 6 ай түрме қамағында өтейтін болады.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.