• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Білім 26 Тамыз, 2020

Қашықтан білім алу тиімді ме?

510 рет
көрсетілді

Дүние жүзіне таралған пандемия бүкіл әлем үшін күрделі сынаққа айналды. Өмірдің барлық салалары, әсіресе медицина мен білім берусаласы қатты зардап шегуде. Осыған байланысты Қазақстан тұрғындарының көпшілігі өзін-өзі оқшаулап, «қамауда» қалған сияқты. Көптеген жұмыс берушілер де өз бизнестерін қашықтықтан жүргізу режиміне ауыстырды. Сарапшылардың болжамы бойынша, еңбек нарығы өзгереді. Ал өзгерістер енгізіп, оларға бейімделу үшін, сарапшылардың пікірінше, кем дегенде бір жылдан астам уақыт кетеді, деп хабарлайды Egemen.kz

"Қашықтан жұмыспен қамту – бұл біздің зор болашағымыз. Біріншіден, бұл халық үшін белгілі бір артықшылықтар жасайды, атап айтқанда: еркін жұмыс істеу режимі, киім іздеудің қажетсіздігі, отбасымен қарым-қатынас жасауға уақыттың молдығы және т.с.с. Оның үстіне болашақта адам жасайтын қиын жұмыстарды орындайтын технологиялардың пайда болуы да сөзсіз, ал кеңседегі зияткерлік жұмыстарды орындайтын қызметкерлер міндетті түрде қашықтан жұмыс жасау режиміне ауысады. Алайда технологиялардың дамуы, төртінші өнеркәсіптік революция, цифрландыруға көшу білікті мамандардың рөлін жоғарылатуды қажет ететінін түсіну керек", дейді Георгий Остапкович, "Экономика жоғары мектебі" Ұлттық зерттеу университетінің директоры.

Бүгінгі таңда мамандардың көпшілігі жұмысынан айырылды немесе қашықтан жұмыс істеуге көшті, ертеңгі күні жағдайдың қалай өзгеретінін болжау қиын. Алайда пандемия – сіздің өмірге деген, таңдаған мамандығыңызға деген көзқарасыңызды қайта қарастыруға, барлық үйренген дағдыларыңызды сараптап шығуға немесе жаңа тәжірибе жинақтауға, сөйтіп карантиннің соңында сұранысқа ие мамандық бойынша қайта даярлануға мүмкіндік беретін кезең.

Өзін-өзі оқшаулау уақытын қалай тиімді пайдалануға болады? Мұның ең басты шешімі – өздігінен білім алу, яғни жоғары білімі мен мамандығы бар түлектер үшін де, колледжді биыл бітіргендер үшін де тамаша шешім болуы мүмкін. Қашықтықтан жұмыс істейтіндердің көпшілігінде біршама бос уақыт пайда болды, ал жаңа білім болашақта кәсіби жетістікке жетуге және мансаптық өсуге жақсы көмек болатыны сөзсіз. Ол үшін Сізге бірнеше нұсқаларды қарастыру керек: интернеттегі тәлімгерлік онлайн-курстары, университетте онлайн режимінде оқу және қашықтықтан өздігінен оқу.

Пандемияға байланысты жуық арада университеттерде кез келген оқу қашықтықтан басталатыны белгілі. Егер сіз колледж бітірген болсаңыз немесе жоғары біліміңіз бола тұра, басқа мамандық алуды ойлап жүрсеңіз, онда бакалавр дәрежесінің орнына екінші жоғары білім алу оңтайлы болатынын қарастырғаныңыз жөн, ең бастысы – бұл қаржылық жағынан тиімдірек.

Екінші жоғары білім алу арқылы сіз, бір жағынан, қаражатыңыз бен уақытыңызды үнемдейсіз, екінші жағынан, қашықтықтан білім берудің реттелген жүйесі бойынша сапалы білім аласыз. Бірнеше жылдан бері екінші жоғары білім алу негізгі қызметке еш кедергі жасамай, қашықтықтан оқу форматында жүргізіліп келе жатқанын айта кету керек. Сондықтан бұл процесс өте оңтайландырылған және дұрыс жолға қойылған,  яғни оқу бағдарламасында ешқандай кемшіліктер немесе кәсіби мұғалімдер мен басқа ресурстардың жетіспеушілігі байқалмайды. Триместр форматында 1,5 немесе 2,5 жылдық оқу мерзімі уақытты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді, сөйтіп оқу уақытын қысқартуға және оның процесін басқаруға мүмкіндік береді.

"Жұмыс істей отырып, білім алу және алған білімді тәжірибеде қолдану арқылы біліктілікті арттыру өте ыңғайлы. Қашықтықтан оқу – оқитын пәндерге әрқашан да еркін түрде қол жеткізу, таңдалған мамандық бойынша карантин кезінде біліктілікті арттыру мүмкіндігі, ал тіпті кейбіреулер үшін – қаржылық мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында басқа мамандықты таңдау мүмкіндігі", деп түсіндірді екінші жоғары білім алу бойынша екінші курста оқып жүрген студент Серік Оспанов.