• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2020

"Ауыл" партиясы мен "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" меморандумға қол қойды

738 рет
көрсетілді

Меморандумға "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев пен "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz

Меморандум аясында тараптар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы саласы мен ауыл еңбеккерлерінің өзекті мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қатысушыларына мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау жүйесін жетілдіруге жәрдемдесуге бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу туралы келісімге келді.

"Қазақстан фермерлері қауымдастығы" - Қазақстанның барлық облыстарының 40 мыңнан астам фермерін біріктіретін іргелі қоғамдық ұйымдардың бірі. Аталмыш қоғамдық бірлестікпен ортақ мүдделеріміз көп. Бұған дейін де республикалық және аймақтық деңгейде әріптестік қарым-қатынаста болдық. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына қатысты мәселелерде қауымдастық пен партияның ұстанған бағытының ортақ екеніне көз жеткіздік. Бүгінгі ынтымақтастық меморандумы арқылы «Ауыл партиясының» әлеуеті артып, ауыл шаруашылығының дамуына қосар үлесіміз еселене түседі деп үміттенемін», - деді "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев. Партия төрағасының айтуынша, әлемді жайлаған коронавирус індеті аграрлық сектордың, азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын айқындап берді.

Салтанатты жиын аясында өткен "Аграрлық саланы дамыту – ортақ мүддеміз" атты бірлескен отырыста сөз алған "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" РБК басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев: «Бүгінде еліміздегі әрбір ауданда фермерлер қауымдастығы жұмыс істейді. Негізгі мақсатымыз – ауыл әлеуетін көтеру. Менің айтайын дегенім, соңғы жылдары «Келешегі жоқ ауылдар» деген халыққа жағымсыз шешім қабылданды. Кейбір деректерге сүйенсек, 1100 ауыл келешегі жоқ деген желеумен оңтайланып, ірі ауылдарға, қалаға көшіріліп жатыр. Бұл дұрыс емес. Біздің қазақтың тамыры ауылда. Екі отбасы тұратын ауыл болса да, сол ауылдың жағдайы жасалуы керек. Осы мәселені қолға алсақ па деп отырмыз. Ауылды көркейтпей, мемлекеттің жағдайы оңалады деп айту қиын. Ауылда тұру үшін ауыл еңбеккерлеріне тиянақты жағдай жасалуы керек. Білім, мәдениет, спорт сынды қай саланы алсақ та, қаладан кем тұрмауы керек», - деді.

Меморандумға қол қою рәсімінде «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев «Қазақстан фермерлері қауымдастығынан» қабылданған партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттерді табыстады. «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» басқарма төрағасы мен орынбасарлары, атқарушы директоры және аймақтық филиалдарының төрағалары салтанатты рәсіммен «Ауыл» партиясының қатарына қабылданды.