• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2020

«Тойқұмарларға» тоқтам болса...

502 рет
көрсетілді

Әлеуметті шулатқан Әли Оқапов отау тігіп, әнші Төреғали Төрәлінің қарындасының ұзату тойы өтті» деген ақпарат «жұлдызды отбасылардың» салтанатты рәсімде түскен суреттері және бейнебаянымен қоса желіні шарлап кетті.

Ел іші індетпен күресіп, «малым – жанымның садағасы» деп жатқан кезеңде танымал әртістердің мұнысы несі деген жұртшылық әліптің артын бағып, алаңдасқан. Бұл ақпарат ресми органдардың назарына ілігіп, тексеру амалдары жүргізілгені белгілі.

Танымал шоу-бизнес өкілдерінің отбасына қатысты ақпаратқа орай Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Б.Қожахметов мәселенің министр А.Цойдың бақылауына алынғанын әрі Алматының бас санитар дәрігері Ж.Бекшинге де арнайы хабарланғанын айтқан болатын. Мәселенің мәнісін білмек мақсатта Алматының бас санитар дәрігеріне де хабарластық. Сауалдарымызға орай Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі жауап береді дегеннен кейін Ержан Байтанаевтан да жауап күттік. Бірақ сауалымызға әзірге нақты жауап жоқ.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексеру және нақты санитарлық норма­лардың бұзылғанын анықтау мақсатында Алматы қаласы Полиция департаменттің ресми өкілі С.Әзірбек әлеуметтік желіде тараған дерекке байланысты полиция ақпарат жинап, тиісті органдарға өт­кізгенін мәлімдеді. Анықталған мәлі­меттер бойынша учаскелік инспекторлар жинаған материалдарды тиісті органдар қарастырғаннан кейін Әкімшілік кодекстің 425-бабына сәйкес шешім қабылданады.

Десек те, халық әртісі Роза Рым­баева­ның өзінен мәсе­ленің мән-жайын ұғу үшін телефон соққаны­мыз­да, әлеу­меттік желідегі суреттер келінге сырға салу рәсіміне байланысты екен­дігін естідік. «Отбасы мү­шелері ғана қа­тыс­қан сыр­ға салу рәсімін дабы­ра­дай той өткізді» де­гізіп, желі­де шу­лат­қан бло­гер­лер­ге ренішін білдір­ген Роза Қуа­нышқызы Қазақ­стан­ның азаматы ретінде ел ішін­де белгіленген карантин режіміндегі тәртіп баршаға ортақ екендігіне тоқталды. Сондықтан да жалпыға ортақ талаптарды сақтай отырып, тойдың негізгі жоралғысын ел іші тынышталып, індеттің беті аулақ кеткеннен кейін, еліміз мамыражай тіршілігіне қайта оралғанда ғана жақын­дармен атап өтерміз деген ойын ортаға салды.

Ал ұзатылған Фариза Төр­әлінің от­ба­сымен сөйлесу­дің сәті түспеді. Әнші Төре­ғали Төрәлінің көмекшілері отба­с­ы­ның ресми ақпарат бермейтінін жеткізді.

Бұдан бұрын мәлім бол­ғанындай, Әділет министр­лігі тарапынан карантин тәрті­бін сақтамай той жасағандар­дың жазаланатындығы ескер­тілген еді. Мұндай жағдай­да тиісті заң бабына сәй­кес, ал­ғашқы жағдайда айып­та­л­у­шыға 83 мың теңге көле­мінде айыппұл салынады. Егер мұндай шаралардың барысында азаматтар жаппай вирус жұқтырса, айыппұлдың да көлемі айтарлықтай көп болады. Ал оқиғаның салдары жағымсыз жағдайға апарса, қылмыстық іс те қозғалуы ықтимал.

Коронавирус инфекция­сынан қорғанудың басты талабы – оқшаулану мен жеке бас гигенасын сақтау екен­­дігін ескеретін болсақ, жұрт­шы­лық көп шоғырланған аумақтарда сани­тар­лық-эпи­де­миялық ереже­лер­ді қатаң сақтау міндетті. Елі­мізде блок-бекеттер алынып, дәмхана мен мейрамханалар ашылғаннан кейін де той-томалақ өткізуге рұқ­сат беріл­мейтіндігін елі­­міз­дің бас сани­тар дәрі­гері А.Есмағамбетова да мәлім­­­деген болатын. Онда отба­сы­лық шараларды өткізу­ге тыйым салын­ған­­ды­ғын жеткізіп, дәмхана-мейрам­­ханаларға, тіпті 20-30 адам да шақы­руға рұқсат болмайтынын атап өткен-ді. Қатаң талаптар карантиннің екінші кезеңінде жеңілдегенімен де, жаппай ұжымдық шараларды өткізуге болмайтындығы тағы да ескертілді. Еліміздің бас санитар дәрігері сонымен бірге елдегі эпидемиялық жағдай той-томалақ, діни және отба­сылық шаралар­ды өткізуге мүмкіндік бермей­тінін де атап өткен болатын.

Алайда тойқұмарларға тоқтам болмай тұр. Алматы қаласы Полиция департа­менті тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланың сегіз ауданында көшеде және қо­ғам­дық орындарда құқық бұзу­шылық пен қылмыс­тың уақ­тылы алдын алу және жолын кесу мақсатында ағым­дағы жылдың 25-27 та­мыз күндері «Құқық тәртібі» жедел алдын алу іс-шарасын қолға алды. «Құқық тәртібі» алдын алу іс-шарасына бар­лық аудандардың полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан­ның әскери қызметшілері, сон­дай-ақ полицияның қо­ғам­дық көмекшілері жұмыл­дырылған. Күндіз де, түнде де патрульдік бағыттар жұмыс істейді. Жедел алдын алу іс-шарасының міндеттері – есеп­те тұрған адамдарды тексеру, заңсыз пәтер жал­­­дап тұрған адамдарды анық­тау, қару иелерін тек­серу­ді мақсат етеді. Де­пар­таменттің таяудағы ақ­па­ратына жүгінсек, арнайы мониторинг тобы 3423 адамды әкімшілік жауапқа тартып, рейд кезінде бірқатар заң­сыз істеген нысандарды анық­таған. Оның ішінде 5 сауна, 7 түнгі клубы, 32 кафе, 17 мей­рамхана, 12 массаж бөлме­сі және 7 караоке клубы бар. Қазіргі кезде олардың ие­леріне қатысты әкімшілік кодекс бойынша 236 айлық есеп­тік көрсеткіш ретінде 39 млн теңге айыппұл салынған.

Бүгінде мұндай деректер Алматы ғана емес, еліміздің басқа да өңір­лерін­де анық­талып, жасырын той өткізіп жатқандардың әрекеті әш­кере болуда. Түркістан облы­сында карантинде жасы­рын жасалған 12 той тоқтатылып, той өткізгендерге 30 ай­лық есептік көрсеткіш көле­мінде айыппұл салынса, Қызыл­орда облысында да 13 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тар­тылғаны белгілі. Мұндай деректер Петропавл қаласы мен Батыс Қазақстан, т.б. бір­қатар өңірде де тіркел­ді.

Мемлекет басшысы атап өткенін­дей, халқымыз­дың тағдыры тарих тара­зы­сында тұрған сәтте, той тойлап жүретін уақыт емес. Бірақ тыйым-шектеулерді елемей жүргендерді ел мен жұрт­тың жайы толғандыра қой­май­­тын тәріз­ді. Іргемізден ін­дет­тің ауылы әлі алыс­таған жоқ. Әлем әбігерге түсіп әлек. Бірақ карантиннің келесі кезеңі келгенше той жасап алайық деп жүгірген жұрт­қа тоқтам болмай тұр.