• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2020

Айласын асырмақ болған жұп қолға түсті

520 рет
көрсетілді

Петропавлда бірнеше дүкеннен ұйымдасқан түрде заттар ұрлаған екі адамдық алаяқтар тобы ұсталды. Олар бетпердені беттеріне баса киіп дүкендерге кіреді екен де қолдарындағы пакеттеріне азық-түлік пен арақты толтырып салады екен. Сосын біреуі дүкеншіні алдастырып тұрғанда екіншісі есіктен сып беретін көрінеді. Дүкенші байқап қалып, айғай салып соңынан қуса екінші алаяқ оған болысқансып, бірге қуған сыңай танытады екен.

Тойымсыз жандар осылай бір күнде үш дүкенді тонапты. Полицияға түскен арызда барлық үш қылмыстың да сценарийі бір болған. Бірақ күдіктілердің айласы іске аспады. Олар бетпердені бетін жасыра кигенімен бақылау камераларындағы сұлбаларын үлкейтіп, нақтылағанда кімдер екені бәрібір көрініп қалды. Оргтехниканың мұндай мүмкіншілігі барын күдіктілер сезбеген сияқты.

Петропавл қаласы екінші полиция бөлімінің қызметкерлері ұрылардың бірі бұрын сотталған «Жұмысшы кентінің» 30 жастағы тұрғыны екенін анықтаған. Оның қайда, кіммен жолдас болып жүргені анықталған соң полиция оларды екінші сыбайласының вокзал маңындағы пәтерінен ұстады. Қазір олардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Тонау» атты 191 бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.