• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Тамыз, 2020

Төрт жерлесіміз айқасады

1487 рет
көрсетілді

Әйгілі АСА (Absolute Championship Akhmat) промоушенінің ұйымдастыруымен 19 қыркүйекте Мәскеуде аралас жекпе-жектен халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Дүбірлі додада Қазақстанның төрт бірдей өрені өнер көрсетеді. Олар – Асылжан Бақытжанұлы, Артем Резников, Нұрберген Шәріпов және Георгий Кичигин.

Асылжан Бақытжанұлы мен Артем Резников Алматыда ірге­тасы қаланған «Алаш Прайд» клу­бының мүшелері. Екеуі де біраз уақыттан бері өрелі өнерімен көз­ге түсіп жүр. «Сақ» деген лақап атпен октагонға шығып жүрген 30 жастағы қандасымыз Алатау бау­райында дүниеге келді. Асылжан бұрындары таэквондомен шұғылданды. Аралас жекпе-жекпен айналысқанына бес жылдан асты. Сол уақыт аралығында 11 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана ұтылды. 2018 жылдың мамыр айында Бақыт­жанұлы ресейлік Мүсілім Ма­гомедовке есе жібергені есіміз­де. Соңғы үш бәсекені Санкт-Пе­тербург, Грозный және Алма­ты қалаларында өткізіп, Васи­лий Бабич, Алексей Стоян және Да­ниэль Толедо сынды саң­лақ­тарға сан соқтырды. Қазақ спорт­­шысы өзінің 10 жеңісінің сегі­зінде қарсыластарын есінен тандырды.

Мәскеуде Асылжан ресейлік Алексей Буторинмен айқасады. 34 жастағы Санкт-Петербург қала­сының тумасы кезінде тайбокс, кикбокс және ушу-саньдамен шұғылданған. 2009 жылдан бері аралас жекпе-жектен 19 кездесу өткізіп, 15 рет жеңіс тойын тойлады. 14 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Жар­тылай ауыр салмақтың (93,0 кило) рейтингінде қос спортшы қатар тұр. Үздіктер тізімінде Буто­рин үшінші орынды иеленсе, Ба­қытжанұлы төртінші сатыға жайғасты.

– Бұл өте шиеленісті бәсеке болатыны сөзсіз. Себебі, Асыл­жан да, Алексей де тік тұрып ай­қасу­дың шебері. Байқап қарас­аңыздар, олардың соңғы секунд­тарға дейін айқасқан сәтте­рі сирек. Қос спортшы да өз бә­се­ке­лерін мерзімінен бұрын аяқ­тап жүр. Олай болса, Мәс­кеу­де біз нағыз жан алысып, жан бе­­ріс­кен айқастың куәсы боламыз, – дейді «Алаш Прайд» клу­бының президенті Данияр Қас­қарауов.

Жеңіл салмақтағы (70,4 ки­ло) Артем Резников Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында туып-өсті. Жасы 28-де. 2011 жылдан бері осы спорт түріне мықтап ден қойды. Барлығы 27 мәрте айқас алаңына шыққан ол 21 рет мерейі үстем болды. 17 бәсекеде айқын ба­сымдық танытты. Соңғы үш жылда жеті кездесу өткізген Резников солардың барлығын өз пай­дасына шешті. АСА рейтин­гін­де Артем алтыншы орында тұр.

Ресей астанасында Артем каратэ мен жауынгерлік самбоны еркін меңгерген чешенстандық Юсуф Райсовпен күш сынасады. Грозныйдағы «Ахмад» клубында жаттығатын 28 жастағы спортшы 17 бәсекенің тек біреуінде ғана ұтылды. Осыдан төрт жыл бұрын Райсов өзінің отандасы Марат Балаевқа ұпай санымен есе жіберген еді. Қалған кездесулерде оның мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. 10 кездесуді ол мерзімінен бұрын аяқтады. Үздіктер тізімінде Юсуф екінші орынға табан тіреді.

– Бұл менің көптен күткен жекпе-жегім. Сол себепті де айтулы жарысқа тыңғылықты даярландым. Сөз жоқ, Юсуф Райсов өте мықты спортшы. Бірақ мен барымды саламын. Бәсеке тағ­дырын шешуді төрешілердің құзырына қалдырмай, қарсы­ласымды айқын ұтуға тырысамын, – деп Артем алдағы жоспарымен бөлісті.

Сол кеште Нұрберген Шәрі­пов пен Георгий Кичигин де өз өнерлерін ортаға салады деген ақпарат бар. Аса жеңіл салмақта күш сынасып жүрген Атыраудың арланы спорттың бұл түрін 2014 жылдан бері серік етуде. Сол аралықта 11 мәрте айқас алаңына шығып, 9 рет басымдық танытты. Төрт кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Ол Samara MMA Federation, Titan FC және TKFC додаларында бақ сынады. Соңғы жекпе-жегін былтырғы жылдың қыркүйек айында әзербайжандық Кенан Жафарлиге қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жетті. Бұл – Нұрбергеннің АСА-дағы алғашқы бәсекесі. Ал Георгий Кичигин Ре­сейде туып-өсіп, Қазақ­станға қоныс аударған спорт­шы. Ол 25 кез­десудің 15-ін өз пайдасына шешті.

Мәскеудегі АСА 111 тур­ни­рінің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы (70,4 кило) чешен­стандық Абдул-Азиз Абдул­вахабов пен омбылық Александр Сарнавский арасында өтеді. Грозныйдың тумасы кезінде осы ұйымның чемпионы болған. Өзінің 19 кездесуінің тек екеуінде ғана жеңіліс тапты. Бұл жарыста қазақстандықтар Сар­навскийге жанкүйер болатыны сөзсіз. Себебі, 31 жастағы айтулы спортшы біздің елде туып-өсті. Анықтап айтсақ, ол Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Айқас алаңына 44 мәрте шыққан Александр 37 рет жеңіске жетті.