Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ», дейді. Ұялмайтынымыз – Ұлы дала төсінде ұлттың ұятын түгендеп, өмірлік ұстанымын шегендеген өз жолымыз болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» еді Қазақ елінің қайнар бұлағы.
Алаш баласын аттан түсірген алағай да бұлағай заманда сол жолымыздан жаңылып, қайнар бұлақтың қайда қалғанын білмей қалып едік. Қош! Азаттықтың алтын таңы атқанда ата жолын Ата Заң жалғады. Ақиқаттың алдаспанына айналған сол құнды құжаттың қабылданғанына да, міне ширек ғасыр толып отыр.
Иә, осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын ел болып екшеп, халық болып қалап алған Конституциямыз қабылданды. Егемендіктің ең үлкен белгісі де, ең құнды сыйы да осы болды. Жетпіс жыл сергелдеңге салған алып империяның іргесі қаусап, өз алдына отау құрған жас мемлекеттің жолы айқындалды. Сондықтан болар, Ата Заң десе, ауызға алдымен «Алаштың айбары, қазақтың қайрағы» деген сөздер түседі. Айбарымыздың аспандап, түндігіміздің түрілгені – Алаш рухының тірілгені! Кеңес өкіметінің керзі етігіне тапталған қайратымыздың қайта түлегені!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан.
Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді», деген еді. Сол негізден айырылуға болмайды. Себебі Ата Заң – тәу етер тәуелсіздігіміздің айқын айнасы, Мәңгілік елдің мәуелі бәйтерегі іспетті. Онда сүйем жер үшін сүйегін беріп, азаттықты аңсап өткен балалардың мұраты, аталардың аманаты бар. Баянды болашаққа деген селкеусіз сенім де, кемел келешекке деген үкілі үміт те осы Конституцияда көрініс тапқан.
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз». Ата Заңда жазылған алғашқы сөйлем осылай басталады. Түзеп те, күзеп те отырғанымыз жоқ. Қаз-қалпында беріп отырмыз. Неге? Себебі Ата Заң дегеніміз халықтың сөзі, халықтың өзі! Одан үнемі ұлттың үні естіліп тұрады! Ең құнды құжатымыздың елдің сөзімен басталу сыры да – осында!
Ел Конституция – егемендігімізді ерекшелеп, азаттығымызды айқындап тұр! Оған дау жоқ. «30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Кез келген елдің басты заңы бір күнде пайда болмайды. Республикамыздың даму жолында Конституцияның алар орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің Негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, адамзаттық құндылықтарды орнықтыруға зорықпал етті. Оған тағылымды тарих пен өмір таспасындай болып өткен ширек ғасырлық уақыт куә», дейді Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми.
Оның айтуынша, Ата Заңды білу, оған бағыну, оны құрметтеу – әрбір демократиялық мемлекет үшін әрқашан өзекті міндет болып қала бермек. Конституция – еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, біздің барша табыстарымыздың бастауы. Қоғам мен мелекеттің болмыс-бітімін, ішкі-сыртқы бағытын айқындайтын, азаматтардың мүдделері мен құндылықтарын қорғайтын басты құжат. «Бүгінде қанаты қатайған, арманы асқақ Республикамыздың Конституциялық келбеті 1995 жылы 30 тамызда болған бүкілхалықтық референдумда анықталды. Сол уақыттан бастап Елбасы ұсынып, халық мақұлдаған қолданыстағы Конституцияның негізінде тыныс-тіршіліктің барлық салаларында реформалар жүргізіліп, қоғамдық құндылықтар жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын тапты. Азаматтар конституциялық еркіндікке ие болды. Еркін өмір сүру, кәсібін таңдау бостандығына жетті. Ширек ғасыр ішінде қолданыстағы Конституция өзінің өміршеңдігін және дамудың жоғары қарқынын қамтамасыз ете алатын әлеуетін дәлелдеді», деп түйеді Қ.Мәми.
Елбасы ұсынған еліміздегі ең негізгі құжатты қалың бұқара қолдады. Ата Заңға атүсті қарамайтын арда халқымыз оның жазылуы мен әзірленуінде Тұңғыш Президентіміздің тағдыршешті рөл атқарып, ерен еңбек сіңіргенін де жақсы біледі. Конституцияны қабылдаудағы Елбасының еңбегін шетелдік сарапшылар да мойындап, жоғары бағалайды. Мәселен, халықаралық сарапшы, Грузияның Конституциялық Сотының бұрынғы төрағасы, Әділет министрі Георгий Папуашвили «Грузияның Конституциялық Сотының төрағасы, кейін Еуропа кеңесі венециялық комиссиясының мүшесі лауазымдарын атқарып жүрген кезімде қызмет бабына байланысты халықаралық конференциялар мен кездесулерге жиі қатысып тұрдым. 2017 жылы венециялық комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстан Конституциясын реформалау жұмысына сарапшы ретінде қатысып, Үкімет пен Парламент Сенатына және Мәжіліске ауқымды құзырет беру, Сот билігін жетілдіру, Конституциялық Кеңестің рөлі мәселелері қаралған еді. Сол кезде венециялық комиссия Қазақстан Конституциясын реформалау жұмысына өте жоғары баға берді. Себебі реформа кезінде жасалған әр қадам, қабылданған әр шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің жемісі екені айқын аңғарылып тұрды», деп ағынан жарылады.
Бұл ойды Конституциялық Кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский де қуаттап отыр. «Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен көшбасшылық қасиетінінің арқасында Қазақстанда конституциялық үрдісті жүзеге асыра алатын жүйелі жұмыс қалыптасты. Республикалық референдумда Қазақстан Конституциясының қабылдануы арқылы Елбасы халқымызды түрлі келеңсіздіктен қорғай алатын тағдыршешті шешім жасады. Тұңғыш Президентіміз өзінің шешімдері мен бастамалары арқылы Қазақстаның Конституциясына деген адалдығы мен жанашырлығын танытып келеді», дейді ғалым.
Тәуелсіз еліміздің тамырын тап басып, тағдырын таразылаған осынау 25 жылда Ата Заңның артықшылығы айрықша айқындалды. Әлі де айқындала түсері ақиқат. Себебі ширек ғасырда уақыт тезінен өтіп, замана шындығында шыңдалған бүгінгі ел Конституциясына ең үлкен бағаны болашақ ұрпақ береді!