• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 28 Тамыз, 2020

Жолдау: Көзделген мақсатқа қол жетті ме?

588 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 2 қыркүйекте ел дамуына ерекше серпін берген Жолдауын жариялаған-ды. Содан бері де бір жылдың жүзі болыпты. Ауқымды жұмыс атқарылып, ілкімді істер қолға алынды. Ел Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты бұл Жолдауы көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді таразы-талқыға салып, оның шешу жолдарын ұсынды. Бұл ретте біз жүктелген жұмыстар мен маңызды міндеттердің, талапты тапсырмалардың орындалуын, оның жемісі мен нәтижесін саралап көрген едік. Сонымен...

 

Ең алдымен, Жолдауда саяси жаң­ғы­рудың алғышарты ретінде белгіленген, заман талабына сай тиімді мемлекеттің негізі саналатын «күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» тұжырымдамасы туралы айтпасқа болмас. Мемлекет басшысының өзі елде қоғамдық сананы жаңғыртпай, қоғам­дық-саяси өзгерістер енгізбей табыс­ты экономикалық реформаларға қол жет­кі­зудің мүмкін еместігін баса айтты.

Осы орайда Президент азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын іске асыруды ортақ міндет деп бекіткен еді. Осыған байланысты азаматтық қоғамды қолдау, халықты тол­ған­дырған мәселелерді кеңінен талқы­лау мақсатында құрылған Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің жұмысы жандана түсті. Президент Кеңестің отырыстарына қатысып, Кеңес мүшелерінің пікірін тың­дап, ой қосты. Нәтижесінде, былтырғы Жолдауда айтылған саяси жүйені реформалауда маңызды қадам болып есептелетін рұқсат етілген митингілерді ұйымдастыру бойынша заң жобасы қаралды. Жиында Мемлекет басшысы қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келгенін айтып, қоғам да, мемлекет те өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті деген пікірін жеткізді. Биыл қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң негізінде жиын өткізу үшін бұрынғыдай рұқсат сұраудың қажеті қалмады. Бұдан былай митинг ұйымдастырамын деушілер жергілікті әкімдікке алдын ала ескертсе жеткілікті. Сонымен қатар әр аймақта бейбіт жиын өткізетін арнайы орындар белгіленді. Олардың саны Нұр-Сұлтан қаласында 12, Алматы қаласында 24, Шымкентте 12, Қарағандыда 6-дан кем болмайды деп бекітілді. Ал басқа облыстардың орталықтарында жиын өткізетін орын үшеуден кем болмауы керек.

Ал үйлесімді мемлекеттің негізі – азаматтық қоғамның әлеуетін нығайту мақ­сатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғамды дамы­тудың 2025 жылға дейінгі тұжырым­дамасын дайындады. Құжат жобасы 600-ге жуық азаматтық қоғам өкіл­дері­мен, әсіресе қоғамдық қорлардың мүше­лері, кәсіп иелерімен талқыланды. Мемлекеттік ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары еске­ріліп, тұжырымдамада қамтылды. 5 бө­лімнен тұратын құжатта азаматтық қоғам туралы жалпы түсініктен бастап, халықаралық тәжірибе де қарастырылған. Тұжырымдамада азаматтық қоғамды дамыту жолдары, оны іске асыру мерзімдері мен күтілетін нәтижелер көрсетілген. Онда еліміздегі бүгінгі азаматтық қоғамның дамуына қатысты талдаулар мен ұсыныс-сындар да көрініс тапқан.

Жолдауда Мемлекет басшысы «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деген-ді. Халықтың талап-тілектерін билікке жеткізуші көпір – Парламент жұмысында да өзгерістер аз емес. Жақында Парламент Сенатының сайлауы өткені бәрімізге белгілі. Ал ең негізгісі – 21 мамырда Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң аясында партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота қарастырылған. Бұл ретте қоғамда қызу ұйымдастырылып жатқан праймеризді де атап өтпеске болмас. Президент Жолдауда елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді міндеті деп санайтынын да жеткізді. «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгертулер нәтижесінде, саяси партияны тіркеу үшін міндетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартылды. Бұл саяси партиялар құру тәртібін жеңілдетіп, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізбек.

Былтырғы Жолдауда қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне де ерекше мән берілді. Президент саяси үдерістерді саралап, ел бірлігін нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов Ассамблея жұмысының жандана түскенін айтады. «Жолдауда этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру мәселесіне көп көңіл бөлінген. Сәйкесінше, былтыр және биыл Ассамблея аталған мәселелерге қатысты көптеген шараны қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейе түсті. Былтыр желтоқсанда өткізілген «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы жұмыстарымыздың айқын көрінісі десек болады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған түрлі этнос өкілдері қазақ тілін жетік меңгергенін, оның бүгінгі қоғамдағы маңызы арта түскенін көрсете алды деп ойлаймын», дейді Ш.Пулатов.

Президенттің бастамасымен 2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осы орайда Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі ретінде волон­терлік қызметті дамыту қажеттігін атап көрсетті. «Еріктілер қызметіне азамат­тардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңей­ту, олардың бойында белсенді өмір­лік ұстанымдарға қатысты дағды қалып­тастыру – маңызды міндет», деді Мем­лекет басшысы өз сөзінде.

Волонтерлер жылы аясында ізгі ниетті азаматтар қарқынды жұмыс жүр­гізді. Төтенше жағдай кезінде еріктілер ізгі амалдарымен ерекше көзге түсті. «Biz Birgemiz» акциясы басталып, 6 мың­нан астам азамат жақсы іске жұмыл­ды. 250 мыңға жуық отбасы азық-түлік­пен қам­тылды. Негізгі бағыттар айқында­лып, волонтерлер рухани-мәдени құнды­лық­тарды дәріптеуге де үлес қосып жатыр.

Тағы бір айта кетер жайт, халықпен тиімді кері байланыс орнату көбіне әкім­діктердің жұмысына қатысты. Мем­лекет басшысы айтқандай, азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр. Осы ретте мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында салаға арнайы дайын­дығы бар жас кадрларды тарту сөз болды. Сонымен бірге биылдан бас­тап мем­лекеттік қызметшілердің санын қысқар­ту қажеттігін де ескертті. Мемлекет бас­шысы 2024 жылға дейін олардың санын 25 пайызға азайту тапсырмасын берді. Ұлттық экономика, Әділет, Қаржы министрліктері мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері кадр­лар санын 2020 жыл бойынша 20 пайызға қысқартуға бағытталған жоба жұмысын бастады. 2021 жылға қарай жалақы жүйе­сін де өзгерту жолға қойылған. Жаңа жүйе қызметкердің жұмысын балл бойынша есептейді.

Нұрсұлтан Назарбаев қорына қа­рас­ты Әлемдік экономика мен саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова әлемде орын алған коронавирус пандемиясы Президенттің бұл шеші­мінің маңыздылығын айқындай түсті деген пікірде. «2019 жылғы Жолдауда белгіленген міндеттердің амбициясы жақ­сы еді. Дегенмен коронавирус пандемиясы мемлекет жұмысын біраз өзгертуге, жүргізіліп отырған саясатты қайта қарауға мәжбүрледі. Алайда Жолдауда көрсетілген көптеген міндет маңызды мәселеге айналып, қоғамның бақылауында болды. Бұл, шыны керек, бұған дейін болмаған жағдай. Әсіресе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуы, халықпен тиімді кері байланыс орнату көпшіліктің назарында болды. Қазір белгіленген міндеттердің шешімі қаншалықты тиімді болғанын нақты айту қиын. Дегенмен жақсы өзгерістер баршылық. Бұл үдерістің бір сәттік емесін, уақыт қажет ететінін естен шығармаған жөн. Дәл қазіргі дағдарыс Президенттің Жолдауда көрсеткен мемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметкерлері санын 2024 жылға дейін 25 пайызға қысқарту тапсырмасының маңызын айқындап берді. Өйткені пандемия мемлекеттік аппараттың шектен тыс бюрократияланғанын көрсеткендей болды. Бұл да өз кезегінде белгіленген мақсаттарға жетуге кедергі екенін түсінген абзал», дейді ол. 

Сот және құқық қорғау жүйесі де реформасыз қалмады. Жолдауда айтылғандай, сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған бірнеше шара қабылданды. Атап айтар болсақ, Жоғарғы сот 3 нормативтік қаулы шығарды. Оның ішінде Жоғарғы соттың қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнама қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен бірге сот төрелігінің экономика саласындағы қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысты заңнаманы қолдануына қатысты нормативтік қаулының жобасы дайындалып жатыр.

Сонымен қатар Президенттің «Сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет» деген тапсырмасы бойынша «Сот тәжірибесін цифрлы талдау» электронды сервисі жасалуда. Бүгінге дейін 1,2 млн-ға жуық сот актілері мен 120 мың арыз жиналып, цифрлы форматқа көшіріліп, база жасалды. Сот өкілдеріне арналған «Сот тәжірибесін цифрлы талдау» модулі әзірленді. Жолдауда атап айтылған жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату сияқты қылмыстарға қатысты жаза қатайтылды. Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған браконьерлік проблемасы да жолға қойылды. Былтыр қарашада Қылмыстық кодекстің 337-бабына енгізілген түзетулер нәтижесінде, браконьерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен бірге браконьерлік іс-әрекеттердің алдын алу, оған қарсы күресу мақсатында заңсыз аң, балық аулау орта деңгейдегі қылмыс қатарына жатқызылып, кінәліні 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Арыстағы жарылыстың еліміздегі қорғаныс саласындағы түйткілдердің басын ашқаны мәлім. Осы ретте Президент өз Жолдауында әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кездің келгенін ескертті. Оған қоса Қ.Тоқаевтың азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 млрд теңге бөлуді тапсырғаны да белгілі. Осы саладағы жауапты ведомстволардың ақпаратына сүйенсек, Қарулы Күштердің шығысын сапалы жоспарлау мен реттеу мақсатында жүргізілген ревизия нәтижесінде бірқатар шара қолға алынған.

Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысы ұсынған ұтымды бастамалардың басым көпшілігі өзінің оң нәтижесін берді. Алайда кейбір бастамалардың нәтижесін көру бір емес, бірнеше жылдарды қажет етеді. Болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болуы үшін де бұл жұмыстарды алдағы уақытта барынша тиімді әрі тиянақты атқару маңызды.