Коронавирус пандемиясы кино саласына едәуір соққы жасағаны анық. Елімізден бөлек, әлем бойынша қаншама кинотеатрлар қаңырап, өз көрермендерін әлі де сарыла күтуде.
Не істемек керек? Елордалықтар бұл мәселені ашық аспан астындағы кинотеатрмен шешуге талпынады. Бұдан былай астыңызда көлігіңіз болса, жаңа фильмдерді далада тамашалауға болады. Алайда авто-кинотеатр аумағына келушілер барлық санитарлық норманы қатаң ұстануы тиіс.
Нұр-Сұлтан қаласында көпшіліктің көңілінен шыққан ашық аспан астындағы кинотеатр жобасы көрермендермен осылай қайта қауышуда. Жуырда даладағы авто-кинотеатр форматында болатын Nur-Sultan Auto-cinema Festival қайта жанданып, қала тұрғындары мен қонақтары кинотеатрдан шетелдік немесе отандық кино картиналарды тегін тамашалай бастады.
Ұйымдастырушылар эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, адам қатынасынсыз тіскебасарлар мен салқын шырындар жеткізуді де ойластырғанын айта кеткен жөн.
«Авто-кинотеатр аумағына келушілер барлық санитарлық нормаларды ұстануы тиіс, өзімен бірге медициналық бетберде мен қолғаптардың болуы, әлеуметтік арақашықтықты ұстанғаны жөн», дейді ұйымдастырушылар.
Аталған нысан «Astana Arena» стадионының Қабанбай батыр даңғылына қарайтын көлік тұрағында орналасқан.