Бүгін Алматы облысының әкімдігінде короновирустың екінші толқынына дайындық мәселері пысықталды. Бұл туралы Алматы облысының баспасөз қызметі хабарлайды, - деп жазады Egemen.kz
Жиында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов өңірдегі ауруханалардың COVID-19 инфекциясын емдеуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы, кадрлық жасақталуы, дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру, ПЦР-зертханалардың қызметі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, КВИ мен пневмония көрсеткіші бүгінгі күні едәуір төмендеген. Қазіргі кезде облыс көлемінде 42 адам КВИ, ал 401 адам пневмониядан ем алуда. Бүгінгі күні індетпен күрес шаралары үшін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, екінші толқынына дайындық шаралары үшін облыстық бюджеттен 6,6 млрд. теңге бөлінген. Дайындық шараларының ішінде компьютерлік томограф, пульсоксиметр, виброакустикалық аппарат, рентген аппараты, ИВЛ, концентратор сияқты құрал-жабдықтар сатып алу жоспарда бар.
Сонымен қатар КВИ-ді емдеуге тартылған медициналық ұйымдардың жанынан кислородтық стансалар қойылады. Және 140 жедел жәрдем автокөліктерін сатып алу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған 8 ПЦР зертханасында күніне 1500 зерттеу жүргізілсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3500-ге жеткізуге мүмкіндік бар. Сол сияқты Б. Байжұманов облыста 1 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар екенін айтты. Оған қоса тағы екі айлық қор болатын дәрі-дәрмекке тапсырыс берілген.
Облыс әкімінің орынбасары Талдықорғанда жаңадан салынып жатқан инфекциялық аурухананың жабдықталуы, кадрлық қамтылуы жайлы да айтып өтті. Аталған ауруханада 452 штаттық бірлік белгіленсе, соның біраз бөлігі облыстағы медициналық ұйымдардан, 143 медперсонал жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылатын болады. Сонымен бірге еліміздегі медициналық жоғарғы оқу орындарымен де келісімшарттар жасалып, жас мамандар тарту көзделіп отыр.
Облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған көп салалы ауруханасы мен Алматыдағы облыстық көп салалы клиникалық аурухананың КВИ емдеуде өңірдегі негізгі екі орталық болатынын баса айтты. Сондықтан осы екі ауруханада індетті емдеуге қажетті аппараттардың санын, қажеттілігін түгендеуді, және соған сәйкес сатып алынатын аппараттардың түрлері мен көлемін анықтауды тапсырды.
– Өңірдегі екі аурухана КВИ-дің екінші толқынына толық дайын болуы үшін барлық қажетті құрал-жабдықтары түгел болуы тиіс. Коронавирус инфекциясы әсіресе, созылмалы аурулары бар сырқаттарға ауыр тиетіндіктен бізде инфекционистер ғана емес, басқа да маман дәрігерлер ем шараларына әзір тұруы тиіс. Әсіресе, ауыр науқастарды емдеп, өлім-жітімді болдырмауда мұның маңызы зор. Сондықтан құрал-жабдықтар бойынша жасаған талдау-есептеріңді қайта қарап, толықтырып, нақтылап келуді тапсырамын. Жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы, оған қажетті қаржысы, жабдықталу мәселесі толығымен шешілген. Сондықтан ол мекемеде біз кадрлық құрам жасақтауға бірден кірісе беруіміз керек. Инфекциямен күресте негізгі күш осы ауруханаға түседі. Сондықтан онда мықты кәсіби мамандар топтастырылуы тиіс. Сырттан тартылған мамандардың әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмауымыз керек, – деді А. Баталов.
Сонымен қатар облыс басшысы инфекциялық аурухананың ішкі безендірілуі мен сыртқы аумағын абаттандыру мен көркейту жұмыстарына кірісуді тапсырды.