Сәуірдің 10-ы күні Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығына кіріскеніне 100 күн толады. Ал Ұйымның атының өзі айтып тұрғандай, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы қауіпсіздік мәселесі оған мүше мемлекеттердің қай-қайсысын да алаңдатады. Оның үстіне, төраға болған ел үшін ол аса маңызды.
Бізге дейін де төрағалық еткен елдер Оңтүстік Кавказ бен Днестр бойындағы ұзаққа созылып кеткен жанжалды жағдайларды шешуге ұмтылғаны мәлім. Десек те, халықаралық дипломатияда осы Қазақстан төрағалығы тұсында “сабырлы оптимизм” деген сөз тіркесі қолданысқа енді. Оның кірігуінің себебі – Қазақстан өзіне дейінгі төрағалық атқарған мемлекеттерге қарағанда жанжалдасушы елдерге бір табан жақын. Бізге бір-бірімізбен түсінісіп, ұғынысу үшін тілмәш қажет емес. Өйткені, біз бұрын бір тудың астында өмір сүрдік, ділімізде, тарихымызда ортақтық басым, бір-бірімізбен ұғыныса кететін ортақ тіліміз қалыптасқан. Сондықтан, өзгелерге қарағанда жанжалды жұмсартуда бізде “сабырлы оптимизм” бар.
Осы үш айдың ішінде жанжалдар орын алған Таулы Қарабақ, Оңтүстік Осетия, Днестр бойына Іс басындағы төраға сапары кезінде, мысалы, Молдовада: “О, мен Қазақстанда әскерде болғанмын!”, “Менің жұбайым қазақстандық”, деген сөздерді жиі естідік. Оның үстіне қаншама молдован, әзірбайжан, грузин, армян ұлтының ұл-қыздары Қазақстанның азаматтары. Сондықтан да біздің елдің мәселені ішкі қыртыстарына, яғни бүге-шігесіне дейін білуі де “сабырлы оптимизмге” шақырады.
Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы елдер ішінен тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет болғанымен, Ұйымға мүше мемлекеттер біздің елдің кикілжіңдерді шешуге деген ықыласына, ұмтылысына оң баға беруде.
Жағдайды сараптай келе, мысалы, былтырғыға қарағанда кейбір елдердегі ішкі жағдай да өзгеріске ұшырап отыр. Мысалы, Молдовада билік ауысқаннан кейінгі бүгінгі коалицияның бұрынғылардай емес, келіссөзді жалғастыруға деген пейілі бар. Дегенмен, Молдовада бүгінгі күні саяси дағдарыс орын алып отырғанын да естен шығармау қажет. Мемлекет басындағы Михай Гимпу бүгінде президенттің міндетін атқарушы ғана. Сол себептен де билікке бәсекелестік өршіп тұрған уақытта алда қандай өзгерістер болатыны да беймәлім. Олай болғанда бүгінгі қол жеткен уағдаластықтар басқа арнаға ойысуы да әбден мүмкін.
Мысалы, Тираспольде Молдовада кіммен келіссөзге отырамыз, өздері келісе алмай жатқан елден не сұрауға болады деген сауалды жиі естисің. Бүгінгі уәде берген адамдар ертең ауысып кетсе не істейміз дейді. Бұлай болған күннің өзінде біздің тараптың дауға түскен екі жақты жақындастыруға деген ұсыныстары бар. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қарапайым адамдарға қарай қарапайым 10 қадам” дегені тәрізді, алдымен сол жерлерде тұратын қарапайым халыққа бағытталған қадамдардың жасалуы. Басты мақсат – дауласқан жұрттардың бір-біріне жау ретінде қарамауына қол жетізу. Проблемалардың шешілмей қордалана түсуі, қарапайым адамдардың азаматтық құқықтарына байланысты қиындықтар көруі екі арадағы түсінбеушілікті ұлғайта түседі. Сондықтан Қазақстан төрағалығы тұсында осы кедергіні азайтуға күш салады. Кез келген дауды шешудің үнқатысудан өзге жолы жоқ.
Қазақстанның даулы аймақтардағы қайшылыққа қатысты ұстанымы біреу. Ол – Әзірбайжанның, Грузияның, Молдованың аумақтық тұтастығының сақталуы. Бұл халықаралық қағидаттарға сүйенгендіктен ғана емес, Қазақстанның өз тарихына да қатысты мәселе. Біз үшін, ғасырлар бойына осынау құтты мекенде өсіп, өркендеп жатқан Қазақ елі үшін аумақтық тұтастық – қасиетті ұғым.
Жалпы, әрбір кикілжіңді шешуге ұмтылыста өте байыпты болу, бір елдің көңіліне келетіндей қадам жасамау аса маңызды. Осы бір өте кірпияз мәселені орнынан жылжыту аса бір сезімталдықты қажет етеді. Ешкімге бұрмай, араағайынның бітістіретін сөзін айту үшін біз дауласқан жақтарды Астанаға келуге, бейтарап алаңда келіссөз жүргізуге шақырдық. Молдова мен Днестр бойы кикілжіңі бойынша келісімге келуге мамыр айында біздің елордамызға екі жаққа да шақыру бердік. Бұйыртса, 5 қосу 2 форматындағы жүздесу Астанада өтуі тиіс.
Болат НҰРҒалиев, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі.