Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Атырауда пәтер кезегінде 28 мыңнан астам тұрғын тұр. Биыл олардың 7 мыңға жуығына баспана бақыты бұйырғалы отыр. Осы мақсатта биылғы бес айда қаржыландырудың барлық көзі есебінен үй құрылысына 12,9 млрд теңге инвестиция бағытталды.
Әрине, тұрғын үй саласында қабылданған бағдарлама көп. Соның бірі – «Нұрлы жер». Биыл осы бағдарлама шеңберінде өңірде сатып алу құқығынсыз 157 пәтер жалға беріледі. Мұндай мүмкіндік халықтың аз қамтылған топтары мен көпбалалы отбасыларға арналып отыр. Ал кредиттік тұрғын үйге 500-ге жуық тұрғын қол жеткізбек. Бұл бағыттағы баспана құрылысына 5 млрд теңге қаражат қарастырылды.
Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 пайыздық несиемен берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру да жоспарланған. Бұған республикалық бюджеттен 239 тұрғын үй қарызы үшін 2,4 млрд теңге бөлінеді. Тұрғын үй құрылысы салынып жатқан аудандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу үшін 39 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 10,3 млрд теңге қаражат қаралған. Сонымен қатар Атырау облысында баспана құрылысы жұмыстарына 2 мыңға жуық адамды тарту жоспарланды. Жалпы бес айда 1 467 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 975 жеке үй бар.
Былтырдан бері өңір орталығындағы апатты тұрғын үйлер мен жатақханалардың тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру қолға алынған еді. Мәселен, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің дерегіне сүйенсек, былтыр А.Құнанбаев, Ж.Досмұхамбетов көшелеріндегі екі жатақхананың тұрғындары «Береке» шағын ауданындағы жаңа үйге көшірілді. Ал биыл екі апатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Атап айтқанда, М.Әуезов көшесінде орналасқан №22 үйдің тұрғындарына «Жұлдыз» шағын ауданындағы үйден пәтер берілді. Ал Достық көшесіндегі №14 үйдің тұрғындары «Береке» шағын ауданындағы жаңа мекенге көшірілді. Сондай-ақ «Бірлік» шағын ауданындағы АТП-1, АТП-2 мекен-жайындағы апатты деп танылған тұрғын үйлерден 32 отбасы «Жұлдыз» шағын ауданына қоныс аударды.
Енді міне, 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында 33 отбасы жаңа пәтерге ие болып отыр. Жаңа пәтерлер «Нұрсая» шағын ауданында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үйлердің бірінен берілді. Баспаналы болғандардың дені – 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар.
– Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалға берілген пәтерлер. Аталған бағдарламамен былтыр 257 отбасы пәтер алған еді. Ал биыл жыл басынан бергі сегіз айда жаңа баспана алғандардың саны 250 отбасына жетті, – деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Оның айтуынша, биыл қоныс тойын тойлайтын отбасылар қатары арта түспек. Жыл аяғына дейін тұрғын үй кезегіндегілермен бірге апатты жағдайдағы жатақханалардың тұрғындарын да көшіру көзделіп отыр.
Атырау облысы