Енді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖ) ұялы телефоннан хабарлама жіберуге болады, яғни азаматтар үшін WhatsApp мессенджерінде «жедел желі» ұйымдастырылды.
– Біз осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұрған, яғни сенім телефоны, электронды үкімет порталындағы төрағаның блогы секілді кері байланыс құралдарына қосымша азаматтармен байланысу үшін тағы бір коммуникация арнасын аштық. Хабарламаны ҚАЖ тарапынан заңсыздықтарға тап болған кез келген адам жібере алады. Бұндай байланыс бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың құқықтарын қорғау мен сақтауды жетілдіруге ықпал етеді, – дейді ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
Ол үшін хабарламаны немесе медиа-файлдарды WhatsApp мессенджеріндегі 8-776-677-80-77 телефон нөміріне жібереді. Оларға жауап осы нөмір арқылы жолданатын болады.
ҚАЖ комитеті төрағасының айтуынша, кері байланыстың бұл түрі азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарауды жеңілдетеді. Бұл жұмыс үшін оператор бекітілген, ол онлайн түрінде түскен хабарламаларға талдау және мониторинг жүргізіп, комитеттің тиісті қызметтеріне жолдайды. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды. Азаматтардың өтініштері жан-жақты әрі объективті қаралу үшін мүдделі органдардың және бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық бақылау жүргізетін ұйымдардың өкілдері шақыртылатын болады.