Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қолдауымен Заңнама және құқықтық ақпарат институты базасында Әділет министрлігі ұйымдастырған Конституциямыздың 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың іргелі негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.
Конференцияны Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Р.Сәрпеков салтанатты түрде ашты. Өзінің кіріспе сөзінде ол қатысушыларды Конституцияның 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің Негізгі Заңы мемлекеттің, қоғамның, адамның және азаматтың тіршілік әрекеті мен өзара іс-қимылы үшін негіз болатын, үстемдік пен негіз қалаушы рөлге ие әмбебап құқықтық акт екенін атап өтті.
Конституциялық Кеңестің төрағасы Қ.Мәмидің құттықтау сөзін Конституциялық Кеңестің мүшесі Ә.Темірбеков оқыды. Ол Конституцияның қазіргі қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінде ерекше орын алатынын атап өтті.
Конституциялық заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа идеялар мен тәсілдерді, жүргізілген конституциялық реформаларды жан-жақты талқылауды мақсат еткен конференцияға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының басшылары мен өкілдері және Германия, Ресей, Беларусь және Қырғызстанның халықаралық сарапшылары қатысып, баяндама жасады.
Конференция шеңберінде Конституциялық Кеңестің мүшесі Ә.Темірбеков «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жолдауындағы қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың кейбір аспектілері» тақырыбында баяндама жасады.
Әділет министрі М.Бекетаев елімізде жүргізілген конституциялық реформаларда қоғамымызды демократияландыру, халық билігінің негіздерін одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру бойынша негізгі қоғамдық сұраныстар ескерілгенін атап өтті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары, профессор И.Рогов, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қ.Сафинов, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы С.Бычкова құттықтау сөз сөйледі.
Конференцияда Қазақстандағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы өкілдігінің басшысы (GIZ), Берлин қаласының судьясы Й.Пуделька мемлекеттік құрылымның конституциялық принциптерін бекітудің мазмұны мен тәртібі, олардың арасында Германия мен Қазақстан заңнамасы мысалында құқықтық мемлекет принципі ерекше маңызды орын алатыны жөнінде баяндама жасады.
Конференция жұмысының қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, қоғамдық, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына жіберілетін ұсыныстар әзірленді.