Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев QAZAQSTAN телеарнасына берген сұхбатында сенаторлардың жазғы "каникулда" пандемиямен күреске өз үлесін қосқанын сөз етті, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттық каникул кезіндегі сенаторлардың жұмысына тоқталды.
"Биылғы жаз депутаттарымыз індетпен күреске өз үлесін қосуға тырысты. Депутаттарымыз өңірлерге барған кезде Президенттің тапсырмаларының орындалуын бақылады. Мемлекет басшысының қабылдап жатқан шараларын халыққа жеткізуге тырысты. Дәрі дәрмектерге, медициналық бұйымдарға қатысты мониторинг жүргізіп, туындаған мәселелерді мемлекеттік органдардың алдына қойды. Өңірлерде депутаттарымыз біраз олқылықтарды да, проблемаларды да көрді. Сол себепті сессиямыз басталғаннан кейін осындай олқылықтар мен проблемаларды шешу үшін Үкіметке арнайы сауалдарды жолдайтын боламыз, бұл мәселелерді Үкіметтің алдында көтереміз", - деді ол.
Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев депутаттардың алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру міндеті тұрғанын атап өтті.
"Біз Президентіміздің тапсырмасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіруіміз керек. Бұл мәселеге қатысты Президентіміз жақында үлкен жиналыс өткізді. Сонда біраз тапсырмалар берілді. Құқық қорғау органдарына, басқа мемлекеттік органдарға тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керектігін де айтты. Сондықтан біз Бас Прокуратурамен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті заңдарды қабылдайтын боламыз", - деді Сенат спикері телеарнаға берген сұхбатында.