Балетті бекзат өнер дейтініміз де сол шығар, оның көрермендері көп емес. Алайда бұл ақсүйек мамандықтың бәсі басқалардан төмен дегенді білдірмейді. Мәдениеті мыңжылдықтармен тамырлас батыс елдерінде балетке бару үлкен рухани демалысқа баланады. Нарықтық экономикадан рухани жаңғыруға жаңа бет алған бізде балет театрына билет алу енді-енді қалыптасып келе жатыр.
Ақсүйек өнерге айрықша қолдау қажет
Бірақ бұл көрсеткіш тым төмен деңгейде дей алмас едік. Оны елордалық ұжым «Астана Балет» театрының тамаша жетістіктерінен де байқауға болады. Осы ретте біз сізге «Балетке барып жүрсіз бе?» деп сұрақ қойғымыз келеді. Осы сауал арқылы аталған өнер кеңістігіне сізбен бірге үңіліп көрмекпіз. Әлбетте, жетістіктермен қоса толғақты мәселелер де қозғалуы керек.
Осы жылдың басында Мәдениет және спорт министрлігі көп жылдан бері отандық балетке қатысты түйіні шешілмей келе жатқан бірқатар мәселеге оң қабақ танытқанын естіп, аталған өнер өкілдерімен бірге біз де қуанып қалдық. Министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев Халық әртісі Болат Аюхановтың сұхбатынан «45 жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шыққанмын. Ал 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын Үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін», деген сөзін айта келе: «Министрлік Мәдениет туралы заңын жаңа баппен толықтыру туралы ұсыныс енгізді. Бұл бастама қолдау тауып, Президент қол қойды», деп мәлімдеді.
Шынымен де бишілер балетке ерте жастан ден қояды. Мұны олардың өнер жолындағы тынымсыз еңбектері мен үздіксіз дайындықтарынан да көруге болады. Сәйкесінше, ерте басталған бұл өнер мансабын да ерте тоқтауың керек. Жаттығу кезіндегі көп жарақат маманның денсаулығына кәдімгідей зиянын тигізеді. Осыны ескерген ведомство енді балет бишілері 20 жылдық еңбек өтілімен жұмыстан шықса, зейнет жасына дейін жалақысының 60% көлемінде ай сайын мемлекеттен төлемақы алып отырады деп ұйғарыпты.
Сондай-ақ министрлік мәлімдегендей, бұл қаржыны соңғы жұмыс орнының 3 жылдағы жалақысының мөлшеріне қарай есептейді. Бірақ сол жылғы 109 АЕК-тен аспауы тиіс. Ал зейнет жасына толған балет әртісіне бұл әлеуметтік қолдау тоқтатылып, жалпыға бірдей зейнетақы төлеу тәртібіне көшеді.
Шынымен де бір қарағанға оңай сияқты болып көрінгенмен, балеттегі ауыр машақатты көбіміз сезіне бермейді екенбіз. Айталық, өткен ғасырдың ортасында хореограф Джордж Баланчин өзінің балериналарын тамақтан шектегені соншалық: «Мен сендердің құр саудыраған сүйектеріңді көргім келеді!» деп айқайлапты. Бір жағынан ол хореографты түсінуге де болатын сияқты. Себебі балеринаның салмағы көркемдіктен бөлек, оны бірнеше метр биіктікке көтере лақтыратын серіктесіне де қиындық келтіретін болса керек. Балеттанушылар көрсеткендей, сахнадағы бір қойылымда актер үш килоға дейін салмақ жоғалтады екен. Оның сыртындағы қалың уайым, отбасы мен өнерді үйлестірудегі қиындықтар сияқты небір нәзік мәселелер өнер иесінің денсаулығына әсер етпей қоймайды. Уайым деп айтып қалдық қой, сол Болат Аюханов өзі қойған «Анна Павлова» қойылымына 57 жылын жұмсағанын айтады. Осындай қиындықтарды ескере келе, министрлік «Мәдениет туралы» заңдағы кәсіптерінің айрықша ерекшелігі бар әртістерге ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде мемлекеттік-әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылатын жаңа 15-1-баптың тиімділігі зор екенін айтып жоғарыдағы жеңілдіктерді қарастырған. «Мәселен, балет әртістерінің сахнадағы 20 жылдық еңбегі еш кетпей, төлемақы алуы – бір жағынан еңбектің бағалануы болса, екіншіден, болашағына алаңдамауына септігін тигізеді. Әрі театрға әрдайым жас әртістердің келіп, сахнадағы жаңа буынның уақытылы алмасып отыруына жағдай жасалады. Бұл мамандардың еңбегі қолдауға толығымен лайық», дейді Е.Жұрынбаев.
Бір жоқ бір жоқты табады дегендей, осы қарқынмен шетелдердегідей балет училищесінің түлектеріне, ұстаздарына, жұмыскерлеріне жеңілдікпен баспана алуға мүмкіндік туғызу жағын да қарастырған дұрыс. Себебі текті өнерге табан тіреп, тәуекел етіп баратындар көп болмайды. Оларды осындай қолдаулар арқылы балетке бейімдеген дұрыс деп ойлаймыз.
Бір ғана «Браво» үшін
Бұл сөз үшін талант иесі сахнаға өзінің тұтас ғұмырын тәрк етеді. Мың бұралған мінсіз қимыл, ғажайып музыкамен үндес сауатты қозғалыс, бәрі-бәрі кішкентай қателіктің өзін кешіре алмайды. Балеттің бір ерекшелігі оның қойылымы сахнада ғана емес, залда да өмір сүріп жатуында шығар. Тіпті өнер жолына енді аяқ басқан әртістерді клакерлер (арнайы жасақталған топ) қолдайтынын көбіміз біле бермейміз. Кейде қойылым хореографы өз қаражатына арнайы адамдар шақыртып, оларға қол шапалақтатып, «браво» деп айқайлатады екен. Қайталап айтқанымыз жөн, бұл жас әртістерді қанаттандыру үшін қолданылатын дәстүрлі әдіс. Ең қызығы, клакерлер отыратын арнайы орындар болады. Ол орындарда дыбыс қатты резонансқа түсіп, бір адам емес, бірнеше адам қол шапалақтағандай әсер қалдырады екен. Клакерлер акт соңында бишіге гүл лақтыруды да ұмытпауы тиіс.
Балеттегі біз білмейтін тағы бір мәселе, маман тапшылығы деуге болады. «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова газетімізге берген сұхбатында «Біздің академия – Орталық Азиядағы балет кадрларын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны», деген болатын. Бұл дегеніңіз, ұлт мәдениетінің бет-бейнесіндей биік өнерге кез келген адам қабылдана салмайтындығын көрсетсе керек. Маманға деген тапшылықты бір әртіс үшін бірнеше дублер қажет екендігінен-ақ байқауға болады. Егер қойылым үстінде әртіс жарақат алса немесе басқа себептермен өнер көрсете алмаса, олар кез келген уақытта бишіні ауыстыруға дайын болуы керек. Үлкен театрларда мұндай «командалардың» саны жиырмаға дейін жетеді екен. Сонда ойлай беріңіз, бір қойылым үшін 20 топ дайын тұруы керек.
Сахнадағы сәттер
Балет сахнасындағы бишілердің сұлулығына тамсанбау мүмкін емес. Бақайының ұшымен шыр көбелек айналған талантқа шынайы таңданбасқа шараң қалмайды. Күрделі пируеттер мен фуэттер сізді тылсым әлемге қарай ұршықша иірері анық. Егер драма театрында актер, айталық, мәтінді есіне түсіру үшін қысқа кідіріс жасай алса, балеттегі «мәтінді» ұмытып қалу – бұл қойылымның сәтсіздікке ұшырауы деуге болады. Әрбір музыкалық соққылар жоспарланған, тоқтап, тыныс алудың мүмкіндігі жоқ сахнадан сау шығуың керек. Биік өнер деуіміз де сондықтан шығар.
Алайда осыншама қиыншылықтар өз жемісін әлбетте береді. Музыка, ырғақ, өмірдің сазын сахнада сезінетін қайталанбас сәттерді былай қойғанда, тұрақты дұрыс физикалық жаттығулар бишілерге ғажайып сымбат сыйлады. Бұған бір ғана аты аңызға айналған Майя Плисецкаяның 80 жасқа толған мерейтойында Үлкен театр сахнасына би нөмірімен шыққанын айтсақ та жеткілікті сияқты.
Бұл ойымызды осы өнерге аттай жиырма жылдан астам уақытын арнаған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина да қуаттайды. «Сахнада шамамен 2-3 минуттай өнер көрсетіп, одан өнерсүйер көрермен шабыт алуы үшін таңнан қара кешке дейін жаттығу залынан шықпаймыз. Балет өнері – бүгін болып, ертең кете салатын нәрсе емес», дейді ол.
Біздің балет
Ежелгі Италияның сауық-сайрандарынан бастау алатын бұл өнер кейін Шығыс елдерінде де ерекше сұранысқа ие болды. Кез келген қойылымды хореографиялық образдар, қимыл-қозғалыстар арқылы ашатын кәсіби балет өнері елімізде XX ғасырдың 20-жылдары қалыптаса бастапты. Айта берсек, әрине тақырып аясы өте ауқымды. Сөзіміздің соңында отандық балеттегі бірқатар жетістіктер мен алдағы үлкен жоспарлар туралы қысқаша айта кетсек артық етпес.
Биыл «Астана Балет» театры ең қысқа, жетінші театр маусымын аяқтапты. Ұжым өткен маусымын Ташкент қаласындағы Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында өткен гастрольден бастағанын білеміз. Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» үш актілі балеті, сонымен бірге театрдың дәстүрлі «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «A Fuego Lento» бір актілі балетін өзбек көрермені ерекше ықыласпен қабылдаған. Театр қойылымдарын көрермен қауым ғана емес, шетелдік әріптестер де жоғары бағалаған. Оған Ресейдің халық әртісі Андрис Лиепаның «Астана Балет» – қабылдауға тұрарлық тәжірибе», деген сөзін мысал етуімізге болады.
Бұдан кейін театр Ұлыбританияға алғашқы сапарына дайындала келе, тәуелсіз Қазақстан тарихында аңызға айналған Ковент-Гарден театрының сахнасында өнер көрсеткен алғашқы ұжым ретінде зор табысқа жетіп отыр. Үш күндік көрсетілімге билеттер гастроль басталардан бірнеше ай бұрын сатылып, британ баспасөзі мен жергілікті сыншылар қазақстандық труппаның өнерін жоғары бағалаған. Айталық, британдық «Таймс» әртістердің келбеті мен өжет сымбатын, сонымен бірге «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық бағдарламасының әсемдігін ерекше атап өткен. «Broadway World» басылымы «Соломея» бір актілі балетінің баяндау тәсілін көлемді операмен салыстырып, хореограф Мукарам Авахридің пластикалық тіліне тәнті болғанын мақтанышпен айтуымыз керек.
Сондай-ақ маусымның алғашқы премьерасы – хореограф Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» қойылымын маэстроның шәкірті – Нанетт Глушак сахналады. Сол кезде Халықаралық балет күніне орай «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, кез келген адам театрға тегін кіріп, сахна шымылдығының сыртындағы сырға қанығып, «Еуразияның жеті шымылдығы» көрмесімен танысып, сонымен бірге балет пен оның тарихы жайлы қызықты дәрістерді тыңдай алғаны да болашақ көрермендердің қаперінде болғаны дұрыс.
Бұл ұжым, сондай-ақ АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Сан-Диего және Эскандидо сияқты төрт қаласына гастрольдік сапарын өткізіпті. Мұнымен қоса, театр әртістері Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі (АҚШ) «BarclaysCenter» аренасы мен Кремльдегі жеке концерті мен Мәскеудегі Қазақстан мәдениетінің күндері аясындағы фестивальге қатысты. Биылдың өзінде «Астана Балет» театрының шетелдік концерттерін ұзын-саны 30000 адам тамашалапты.
Жалпы аңғарғанымыздай, бүгінде қазақстандық балеттің қадамына көз қуанып, көңіл марқаяды. Осы ретте біз айтып өткен бірер мәселе аздаған қиындықтарға қарамай шешілгені жөн. Біздің халық әуелден әсем өнерді әспеттеуде танымы кең, талғамы биік жұрт. Балетке деген бетбұрыс – біздің рухани кемел келбетімізді кескіндейді.