• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Парламент 01 Қыркүйек, 2020

Шешімін күткен мәселелер бар

164 рет
көрсетілді

Сенат депутаты Н.Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік нысандарын аралады.

«Қазсушар» кәсіпорнының аймақтық филиалының басшылығымен кездесуде депутатқа Жайық өзеніндегі су дең­гейі­нің төмендегені айтылды. Депутат «Жа­йық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі Шаған өзені ағысындағы су көлемінің азаюына алып келеді. Ал Шаған өзенін бұру облыстың оңтүстік бөлігін сумен қамтамасыз ететін Жайық-Көшім ирри­гациялық жүйесінің негізгі көзі ретінде үлкен шаруашылық маңызға ие. Сондықтан Жайық өзеніндегі жағдайды өңірлік деңгейде емес, мемлекетаралық дең­гейде шешу қажет», деді.

 

Сенатор Жайық-Көшім ирри­га­ция­лық жүйесінің құрамына кіре­тін Киров суқоймасын жаңғырту қажет­тігіне назар аударды. Н.Төреғалиев ал­да­­ғы уақытта республикалық бюджет­тен қаражат бөлу туралы мәселені көтеретініне сендірді.

* * *

Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесті.

Кездесуде ол әлеуметтік-экономи­ка­лық мәселелер, соның ішінде автомо­биль жолдарын жөндеу, тұрғын үй салу және тұрғындарды жоғарғы жылдам­дық­ты ин­тернетпен қамтамасыз ету, ауыз су сияқ­ты бірқатар мәселелерге назар аударды.

Сапар барысында ол Абай ауданының Қарауыл ауылында жергілікті тұрғын­дармен кездесіп, таза ауыз сумен қам­тамасыз ету жұмыстарын, жаңадан салынып жатқан мектеп құрылы­сы мен тұрғын үйлерге барып, құрылыс­шы­лар­мен жүздесті. Ал Аягөз қаласында дәрігерлермен жүздескен Н.Са­бильянов ауданаралық ауруханада жа­­ңадан ашылған, заман талабына сай медициналық құралдармен жабдық­­­тал- ған ангиографиялық бөлімнің жұмысы­мен танысты. Іссапар барысында депутат Алғабас, Қайнар, Абыралы ауыл­дарында халықпен кездесті. Н.Саби­льяновтың сөзіне қарағанда, Семей ядролық полигонынан зардап шек­кен азаматтарға әлеуметтік, медици­налық көмек көрсетуді арттыру, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, таза ауыз сумен қамтамасыз ету (Алға­бас, Абыралы), электр жарығының қуаттылығын арттыру, көмірдің бағасын реттеу, тұрғын үй салу, жол жөндеу, пошта қыз­метін жақсарту мәселелері үнемі назарда болуы тиіс. Сондай-ақ депутат Семей – Қайнар автожолын жөндеу, жаңа көпір салу жұмыстарын көрді.

* * *

Сенатор Д.Мусин Шығыс Қазақстан облысында өңір басшылығымен, ветеринарлық қызмет мамандарымен және кәсіпкерлермен кездесуде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту проблемалары мен перспективаларына назар аударды.

Депутат алдағы сессияда Сенат «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне асыл тұқымды мал шаруа­шылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайтынын айтты. Сон­дай-ақ кездесуде өңірдің экспорттық әлеуеті, асыл тұқымды мал өсіру мен селек­ция жүргізуге субсидиялар беру мәсе­лелері және асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары талқыланды.

Депутат Ұлан ауданындағы 3500-ден астам ірі қара мен 1500-ге жуық марал өсіретін ірі шаруа­шылықтардың бірінің жұмысымен танысты. Шаруа қожалығы округ тұрғын­дарын жоғары сапалы өнім­дермен – ет және сүтпен ғана емес, ең бас­тысы – жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Се­натор «Қазақтың ақбас тұқымының Рес­­пуб­­ликалық палатасы» төрағасымен мал­шы­­лардың мәртебесін көтеру және олардың әлеуметтік жағдайын, ветеринария саласындағы мәселелерді талқылады.

* * *

Мәжіліс депутаты К.Мұсырман Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар әлеуметтік нысандарына барды.

Депутат Мамлют ауданының Бостан­дық ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Бар-жоғы 236 адам тұратын ауыл хал­қы туған жерлерінің болашағына алаң­даушылықтарын жеткізді. Қазіргі таңда ауылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектеп жабылып қалудың алдында тұр. Себебі білім мекемесінде тек 60 бала ғана оқиды, бұл белгіленген нормадан аз. Ауыл тұрғындары қашықтан оқы­тылатын жаңа оқу жылының бас­талуы­на орай, қашықтан оқыту мүмкін­дігінің төмен екендігін айтты.

Сапар барысында депутат Бостандық ауылында басқа аймақтардан келген аза­маттарды қоныстандыру бағдар­лама­сының орындалуын қадағалады. Жер­гілікті атқарушы орган өкілдері атап өткендей, мұнда көшіп келгендер жұ­мысқа орналастырылып, балалары мек­теп және балабақшамен қамтамасыз етілген. Былтыр Жамбыл облысының Қор­дай ауданынан жергілікті кәсіпкердің қол­дауымен салынған үйлерге үш отбасы көшіп келген. К.Мұсырманның айтуын­ша, тірек ауылдарға жатқызудың қол­да­ныстағы өлшемдері елдің солтүстік өңір­леріндегі демографиялық жағдайды ес­кере отырып, қайта қарауды талап етеді.

* * *

Сенат депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласы Көкбұлақ кенті тұрғындарының сапасыз байланыс пен интернеттің жоқтығына қатысты шағымдарын тыңдады.

Олар жергілікті билік пен байланыс операторына жүгініп, мәселені тез арада шешуді сұрады. Белгілі болғандай, ауданда қажетті құрылғы орнатылған, тек сигнал қажет болып тұр. Әкімдік мәсе­ленің жуық арада шешілетінін айтты. Себебі жаңа оқу жылы басталғалы тұр және Көкбұлақ мектебінде білім ала­тын 452 оқушының қашықтан оқуы үшін интернет қолжетімді болуы тиіс.

Бұған дейін мектеп екі 4G-модем құ­рыл­ғысымен жұмыс істеп келген, бірақ олар­­дың жылдамдығы төмен. Қазір де байланыс операторы интернет са­па­сын арттыру мақсатында WI-MAX опти­калық желісін қосу жұмыстарын атқаруда.

* * *

Сенат депутаты А.Лукин пандемия жағдайындағы құқық қорғау органдарының жұмысын Нұр-Сұлтан қалалық криминалдық полиция, жол-патрульдік қызмет полкі, жергілікті полиция қызметі және көші-қон полициясы қызметкерлерімен талқылады.

Депутат жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту, карантиндік шектеулер мен құқық бұзушылықтардың алдын алу кезіндегі көңіл көтеру орындарының жұмысы туралы айтты. Сонымен қатар ол жолдардағы жол-көлік оқиғаларын азайту, автокөліктер санының үнемі өсуі жағдайында жол оқиғаларынан болатын әлеуметтік және экономикалық залалды азайту, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін мамандар даярлау, халықты ақпарат- тандыру деңгейін арттыру және шектеу ка­рантиндік шаралары кезінде ойын-сауық орындарының жұмысын бақы­лауды күшейту бойынша жұмысты жақ­сарту қажет екенін атап өтті.

Әкімдік қызметкерлерімен әңгі­ме барысында депутат елорда тұрғын­дарына мемлекеттік қолдаудың қолда­ныс­тағы құралдары, мемлекеттік бағдар­ламалардың мүмкіндіктері және оларға қатысу ережелері туралы мүмкіндігінше көбірек айту керектігін жеткізді.

* * *

Сенатор В.Волков Қостанай облысының тұрғындарымен және басшылығымен кездесті.

Сенатор өңірдегі жедел басқару орталығында болды. ЖБО бастығының айтуынша, жыл басынан бері «102» пультіне 100 мыңнан астам дабыл қоңырауы түскен. Басты міндеттердің бірі қылмыстарға дер кезінде ден қою және ашу болып қала береді. Осы жылдың басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 66 қылмыс ашылып, 17 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Сенатор карантин және енгізілген шектеулер кезеңінде азаматтардың құ­қық­тарын қорғау, құқық қорғау жүйе­сін жаңғырту, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық заңнаманы реформалау мәселелерін қозғады. Ол заң шы­ғару саласында жүргізіліп жатқан жұмыс­тарға назар аударды. Облыстық Поли­ция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы төтенше жағдай режімі кезінде шетелдіктердің елде болу тәртібін заңнамалық деңгейде реттеу туралы ұсыныс жасады.

Өз кезегінде сенатор бұл ұсынысты Сенаттың профилді комитетінің алдағы отырыстарының шеңберінде талқылауға уәде берді.