Алматы – саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін қолайлы қала. Себебі табиғаты әсем шаһардың спорт сүйер тұрғындарына барлық жағдай жасалған. Бірер күн бұрын мегаполистің Жетісу ауданында «Айнабұлақ» жекпе-жек орталығы ашылды.
Ашық алаңқайдағы жаттығу залы атшаптырым аумақты алып жатыр. Қауіпті індеттің таралмауы үшін тиісті шаралар барынша қолға алынған. Мұнда кәсіби спортшылармен қатар әуесқой азаматтар да жаттығу жасай алады. Бес жүз адамға лайықталған маусымдық кешен демеушілердің көмегімен салынып отыр. Десе де пандемия жағдайына байланысты келушілер шағын топтарға бөлінген. Жаттығу алаңының жұмысымен танысуға келген қала әкімі таяу күндері аталған ауданда дәл осындай үш орталық іске қосылатынын мәлімдеді.
– Басты міндет – өскелең ұрпақты спортпен, шығармашылықпен жаппай қамту, өзін-өзі тәрбиелеу мен дамыту дағдыларын қалыптастыру. Қыркүйек айында тағы үш жаттығу орталығы Құлагер, Көкмайса және Көкжиек шағын аудандарында ашылатын болады. Сонымен қатар ауданның бес шағын учаскесінде балаларға арналған JetisyFootball тегін оқыту бағдарламасы жұмысын бастайды. Ол қиын жағдайда қалған жанұялардан шыққан 300 баланы қамтымақ. Ал жаттықтырушылар қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды, – дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жауапты мамандар Жетісу ауданының Айнабұлақ-2, Құлагер және Кемел шағын аудандарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысына құжаттама әзірленіп жатқанын айтты. Нысандарды бос жерлерге салу жоспарлануда.
АЛМАТЫ