Таяуда Көкшетауда «Игілік» туберкулез ауруының алдын алу және дерт деңгейін төмендету бағытындағы қоғамдық қоры мен «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» бірлесіп келелі кеңес өткізді.
Жиынды «Луч надежды» адам құқығын қорғау және туберкулезбен күрес мәселелерімен айналысатын қоғамдық қордың төрағасы Любовь Рубежанская ашты. Ол өз сөзінде төрткүл дүниені әбігерге салған пандемия кезінде өзге де жұқпалы аурулардың, оның ішінде туберкулез дертінің біршама бас көтергеніне тоқталды. Аурудың алдын алу мәселелері қандай жағдайда да атқарылуға тиісті. Әйтпесе, тым өршіп кетуі де әбден мүмкін. Қазір жұқпалы аурулардың бұл түрі қоғамды алаңдатып отыр. Жаңадан ауру белгісі табылған адамдар көбейіп келеді. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, жұқпалы ауруларды тарататын дерт ошақтарының азаймай тұруы. Облыс орталығында мекен-тұрағы белгісіз адамдар көп. Көкшетау қаласындағы бейімдеу орталығы бір мезгілде 50 адамды ғана қабылдай алады. Жыл басынан бері мұнда 200 адам әкелінген. Мекен-тұрағы белгісіз адамдардың медициналық талаптарды сақтамайтыны белгілі. Демек, олар әртүрлі жұқпалы ауруларды таратуы әбден мүмкін, оның ішінде құрт ауруы да бар.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мұндай әлеуметтік қиын түйінді мәселелердің бар екенін айта келе, мемлекет тарапынан кеселдің алдын алу барысында нақты жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Былтырғы жылдың соңында 409 науқас амбулаторлық жағдайда емделсе, карантин кезінде де 417 науқас ем алған. Сондай-ақ науқастарды бейнебақылау арқылы емдеу әдісі де қолданылуда. Қатерлі дертпен күрес нәтижелі болуы үшін 75 смартфон алынған. Дерттің алдын алу үшін кешенді жоспар түзіліп, облыстың қалалары мен аудандарындағы үйлестіру кеңестерінде өзекті мәселе жүйелі қаралады. Сөз арасында жаман тұмаумен жағаласқан дәрігерлер қауымына алғысын білдірді. Олардың карантин кезіндегі шынайы ерлікке пара-пар іс-қимылы дертке тосқауыл бола алғандықтан, туберкулез дертін де жеңетіндіктеріне сенім білдірді. Сонымен қатар елді елеңдетіп отырған бүгінгі мәселені тереңнен қаузап, қоғамның назарын аудару үшін жиын өткізіп отырған ұжымдарға ризашылығын айтты.
Ал қазіргі қалыптасқан жағдай алаңдатарлық. Туберкулез негізінен әлеуметтік дерт. 2020 жылдың жеті айы ішінде облыста 187 адамнан туберкулез дерті анықталған. Құрт ауруы Біржан сал, Бурабай, Ерейментау тәрізді аудандарда біршама көбейгені белгілі болып отыр. Емделіп жазылып шыққаннан кейін де екінші қайтара ауырғандар аз емес. Олардың саны – 82 адам. Бұл орайда ауру ошақтарының Біржан сал, Аршалы, Бұланды, Есіл, Жарқайың аудандарында бой көтеріп отырғаны айтылды. Талдау нәтижесіне қарағанда, дерт әсіресе жұмыс істемейтін адамдар арасында көбірек кездеседі. Цифр тілімен айтқанда – 51 пайыз. Сондай-ақ ішімдікке салынғандар мен мекенжайы белгісіз адамдар арасында да туберкулез дертіне шалдыққандар көп. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жоқтар арасында да бұл аурудың белең алатыны белгілі.
Бір өкініштісі, қауіпті дерт 18 жасқа дейінгі балалар арасында да көп кездеседі. Демек, ауру жасарып келе жатыр. Есепті кезең ішінде 17 оқиға орын алған. Балалар мен жасөспірімдер дертке шалдығу көрсеткіші жүз мың тұрғынға шаққандағы талдау бойынша 7,5 пайызды құрап отыр.
Дерттің алдын алу үлкен маңызға ие. Ол кезде емдеу де жеңілірек, дерт ошағын оқшаулау да оңай. Бүгінде облыста 526 сырқат адам бар. Олар ұзақ уақыт бойы емделу үстінде. Осы орайда, адамдардың да өз денсаулықтарына барынша мән беруі керегі жиын барысында екпін түсіре айтылды. Алаңдайтын негіз де бар, жыл сайын ем қабылдау қағидаттарын бұзатын алпыстан астам оқиға орын алады.
Карантин кезінде де туберкулез ауруының алдын алу және емдеу ісінде олқылық болған жоқ. Қазіргі заманауи техника арқылы қашықтан емдеу ісі үзбей жүргізілді. Алматы қаласындағы фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденовтің айтуына қарағанда, облыста туберкулез ауруының алдын алу және емдеу барысында кешенді іс атқарылып жатыр. Көкшетаудағы Қ.Құрманбаев атындағы облыстық фтизиопульмонология орталығының заманауи әдістерге сүйене отырып, соны ғылыми жаңалықтарды басшылыққа алып, бірегей іс тындырудағы еңбегі атап айтылды. Дегенмен, бұл дерттің бетін қоғам болып жұмылғанда ғана қайтара алуымыз мүмкін. Соңғы кезде карантин уақытында біршама қиындық туды. Әйтсе де, дәрігерлер қауымы дағдарып қалған жоқ. Соның нәтижесінде адам өлімі 2,5 пайызға азайды. Бұл дегеніңіз дәрігерлердің адал еңбегінің көрсеткіші.
Жиын соңында қоғам үшін аса қатерлі дерттің алдын алуға байланысты қорытынды жасалды. Ең алдымен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының назарын аударып, ведомствоаралық байланысты нығайту, сондай-ақ ішімдікке, есірткіге салынудың жолын кесу тұрғысында құнды пікірлер білдірілді. Дертпен тұтас ел болып күрессек қана түпкілікті нәтиже болмақ.
Ақмола облысы