Жаңа оқу жылы алматылық оқушылар үшін де, ата-аналарға да сан-сауал сұрақпен басталғаны белгілі. Қашықтан оқу режімі әсіресе үйде білім алатын бастауыш сынып оқушылары үшін Zoom форматына қосылуда өзіндік қиындықтар туғызды.
Биылғы оқу жылында оңтүстік астанада 193 кезекші топ ашылса, онда 1977 оқушы білім алуда. Мектептер дезинфекциялайтын әрі санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етіліп, сақтық шараларымен толық қамтамасыз етілген. Десек те, білім алушыларды толғандырып отырған басты мәселе – интернет желілердің жұмысы.
Балалары бірінші сыныпқа барған ата-аналармен әңгімемізде қоғамның цифрландыру бағдарламасы тек мектеп оқушылары мен студенттерді ғана қамтып қоймай, ересектерге де арналған арнайы бағдарламаның қажеттілігі мен гаджет, смартфондар тілін меңгеруде жеңілдетілген жедел онлайн курстардың, тетіктердің қолжетімді болуына меңзейді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктеріне тоқтала келе, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқтығын назарға алған болатын. Мемлекет басшысының бұл мәселені атап өтуі жалпы қоғамдағы цифрлы даму тетіктерінің көпшілікке қолжетімсіздігін көрсетсе керек. Жолдауда қалыптасқан дәстүрлі оқыту әдісіне қайта көшудің тәртібі де назарға алынған болатын. Осы орайда Алматыда 2020-2021 жылдары 16 жаңа мектеп және 23 қосалқы нысан салу жоспарланған, мұнда шамамен 47,5 мың орын қарастырылған. Биылғы оқу жылында Әуезов ауданының «Мамыр» шағын ауданында 1200 орынға арналған №202 мектеп-гимназия және Түрксіб ауданының «Нұршашқан» шағын ауданында 600 орынға арналған №203 жалпы білім беретін мектеп ашылды.
Бүгінде Алматы агломерациясының кеңеюіне байланысты әрі демографиялық ахуалдың жақсаруынан қала халқы жылына орта есеппен 12 мыңға артып келеді. Өткен оқу жылында оқушылардың жалпы саны 17 мыңнан астам балаға өссе, ағымдағы кезеңде оқушы орнының тапшылығы 30 мыңды құраған болатын. Қалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша
13 200 орынды тоғыз мектеп, мектептер жанынан 6550 орынды 13 қосалқы нысан, ал мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 5700 орынды бес мектеп салу жоспарланған-ды. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін орын тапшылығын 83 пайызға дейін қысқартуға уәде еткен қала басшысы сонымен қатар аз қамтылған отбасылардағы балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге көңіл бөлінгенін айтқан болатын.
Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы онлайн брифингтегі ақпаратында Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева техникалық диагностикалау қорытындысы бойынша интернет және ұялы байланыс деңгейі төмен 169 нүкте анықталғанын атап өткен еді. Бүгінгі таңда оның 141-інде жұмыстар аяқталған. Сонымен бірге қаңтар айынан бүгінге дейін мобильді байланыс операторлары қала бойынша базалық болып саналған стансалар негізінде 164 нүктені жаңартты. Тиісті мекеме басшысының айтуынша, осылайша, қабылданған шаралар сапалы және үзбей қашықтықтан оқытуда қажетті жылдамдықты арттырып отыр әрі интернетке қосылуға мұқтаж 22 мыңнан астам оқушыға арнап SIM-карталар мен роутерлер сатып алынған. Мұнымен қоса оқушыларды оқу материалдарымен жүз пайызға дейін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Ал қашықтықтан оқытуға жұмылдырылған мұғалімдер құрамы Bilimland.kz, Opiq.kz, Kundelik.kz, Microsoft.Teams сияқты цифрлы сауаттылықтың тиісті курстарынан өткен. Сондай-ақ 1-11-сынып оқушыларының қашықтан оқуы үшін видеосабақтарды дайындауда да тиісті жұмыстар жолға қойылған. Осы бағытта 400-ден астам бейнесабақ түсірілген. Ал қашықтан оқытуға техникалық дайындықты қамтамасыз етуде 75 мыңнан астам бала және 2,2 мың мектеп мұғалімдері компьютермен қамтамасыз етіледі. Қазір техниканың төрттен бірі қолға тиді. Ал ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мектептер компьютерлік құралдармен толық қамтамасыз етілмек.
АЛМАТЫ