• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қыркүйек, 2020

Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшқанына 5 жыл

12500 рет
көрсетілді

Айдын Айымбетов 5 жыл бұрын, 2015 жылғы 2-ші қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. 

«Союз ТМА-18М» басқарылатын ғарыштық кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов болды.

Қазақстандық ғарышкердің мәртебесі Қазғарыш ұсынысының арқасында өзгерткенділігін айта кеткен жөн. Себебі алдымен Айымбетов ашық кеңістікке қатысушы ретінде ұшады деп жоспарланған еді, алайда ұшатын уақыт таяғанда оның мәртебесі біліктілігіне сәйкес, «бортинженер-2» деп өзгертілді.

10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтың және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.

Жалпы ғарыштық зерттеу бағдарламасы 10 ғылыми тапсырмадан құрылған, оның ішінде Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу және «Дастархан-6» деп аталған ұлттық тағам өнімдерінің ғарыштағы пайдалы қасиеттерін зерттеу болды.

Қазіргі уақытта ҚР ұшқыш-ғарышкері, ҚР Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті.