• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Қыркүйек, 2020

Салтанаты жарасқан студенттер үйі (Талдықорғанда 13 қабатты жатақхана пайдалануға берілді)

715 рет
көрсетілді

Жетісуда студенттерге арналған 288 орындық көпқабатты жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» аясында жатақхана құрылысы өткен жылы қолға алынып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге жұмсалды.

Талдықорған қаласының «Қаратал» шағын ауданында ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған аяқсыз құрылысты облыс әкімі А.Баталов коммуналдық меншікке өткізіп, студенттер жатақханасы ретінде қайта салуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде айналасы бір жылдың ішінде 13 қабатты, сәулеті келісті жаңа жатақхана бой көтерді. Талдықорғандағы бірден бір жоғары оқу орны І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің сту­дент­тері үшін беріліп отырған бұл нысан білімгерлердің өмір сүру жағда­йын жақ­сартып, білім сапасын арттыру­ға ы­қпал ететін қадам болмақ. Жатақха­на­ның ашылу салтанатында облыс әкімі А.Баталов студент жастарға ізгі тілегін білдірді.

– Кезінде кәсіп иесі қонақүй саламыз деп, кейін құрылысын аяқсыз қалдырып кеткен нысанның бетоны үгіліп, арматурасы тозып, қараусыз жатқан болатын. Осы құрылысты студенттер үйі ретінде салсақ деп шешім қабылдап, бүгін, міне, пайдалануға беріп отырмыз. Ғимараттың жобасын марқұм, белгілі сәулетші Ақмырза Рүстембеков жасады. Талдықорған қаласының ажарын ашатын бұл нысан жетісулық жастар үшін үлкен сый деп білемін. Енді бұл жатақхана жа­лын­ды, жігерлі жастарымыздың өз үйіндей болады, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Жатақхананың ашылуында сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мем­лекет­тік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, студентер парламен­ті­нің спикері, құқық және экономика фа­культетінің 4 курс студенті Мадина Тұр­даш та жастарға деген қамқорлығы үшін ел ағаларына университет ұжымы­ның атынан, студенттердің атынан риза­шылықтарын білдірді. Мұнан кейін жиналған көпшілік ғимараттың ішін аралап, кітапхана, кинозал, өзіндік жұмыс бөлмесі, демалыс бөлмесі, асхана, жатын бөлмелерге кіріп көрді. Келушілерге «Bolashak Books» бұрышы таныстырылды. Әр бөлмеде студенттердің еркін білім алуы мен демалуына барлық қажетті жағдай­лар жасалған, тиісті құрал-жабдық­тармен толық қамтылған. Әзірге мұнда ­«Ай­налайын» балалар үйінің тәрбие­лену­шілері қатарындағы және интернет жыл­дам­дығы баяу шалғай елді мекендерден келген жалпы саны 13 студент орналасты.

– Талдықорғанда сонау тоқырау жылдарында иелері сала бастап, кейін бітірмей тастап кеткен құрылыстың тұрғанына жиырма жылдан асқан. Қараусыз жатқан соң әртүрлі адамдар үйір болады. Оған қоса қаланың сәнін кетіріп тұрған. Бүгін осы құрылыстың орнына студенттерге арналған зәулім жатақхана салынып берілгеніне қуанып жатырмыз. Өзіміз кезінде институтта оқығанда жатақхана дегенді білгеніміз жоқ, бізге мұндай жағ­дай жасалған жоқ. Қазіргі жастарға оқи­мын десе, өзін өзі дамытамын десе барлық мүмкін­діктері бар, – дейді студенттер үйі­нің сән-салтанатына таң болған Талды­қорған қаласының тұрғыны Дина Нұрғалиева.

Айтпақшы, жетісулық студент жас­тар­­дың жаңа қонысқа көшуі жалғаса бер­­мек. Бұйырса, жыл соңына дейін Тал­ды­қорған қаласының медициналық және поли­тех­никалық колледждерінің 280 және 200 орындық, Қаратал ауданындағы Бестө­бе сер­вистік-техникалық колледжі­нің 50 орын­дық жатаханалары қолданысқа бері­ліп, тағы 530 студент қуанышқа бөленеді.

– Мен оқуға түскенде маған жаңа жатақ­ханада тұрасың деді, бірақ алғашын­да сенбедім. Шынында да қазір осы студенттер үйінде тегін тұрып жатырмын. Өте қуаныштымын. Бізде кітапхана, кинозалдарды айтпағанда, тіпті кір жуатын машинаға дейін бар. Енді біз ештеңеге алаңдамай тек қана жақсы оқуы­мыз керек, – дейді Талдықорған қала­сын­дағы «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ журналистика бөлімінің 1 курс студенті Аяулым Қойшыбаева.

 

Алматы облысы