• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қыркүйек, 2020

Ақтөбе облысында 195 мың тонна астық жиналды

688 рет
көрсетілді

Бұл –көктемде егілген барлық бидай алқабының 47 пайызынан, яғни 212 мың гектардан  жиналды. Биылғы астықтың орташа  шығымдылығы – әр гектардан 9,2 центнерден келіп отырса,  осы жылғы  түсім  өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары дейді шаруалар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдағы күндері күн бұзылып, жауын-шашын кедергі келтірмесе, барлық егіс алқаптарында жиын-терім  науқаны 25 қыркүйекте аяқталады деп хабарлады Ақтөбе облысының ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары – Асылхан Абтиев.

Үш-төрт жылдан бері қыста  қардың аз түсуі, жерде тоңның қатпауы, көктемгі жауын-шашынның аз болуы қатты қуаңшылыққа соқтырғандықтан,  диқандардың еңбегі зая кетіп,  егіс егуге  жұмсаған шығындарын өтей  алмай, қарызға батып  келді.

Биылғы көктемде егілетін дақылдардың әр түрлілігіне басымдық беріліп,   Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы, Қобда  аудандарында  445 мың гектар   жерге дәнді дақыл, 46 мың  200 гектарға майлы дақыл, 104 мың гектарға мал азығы, негізінен  жоңышқа,  арпа дәні себілген  болатын. Сондай-ақ өңір шаруалары 3310 гектар  жерге көкөніс, 1500 гектарға  бақша дақылдарын да екті.

Болжамды түсімі 450 мың тоннадан асады деп жобаланған биылғы астық өңірдегі  7 элеваторда сақталады деп жоспарланып отыр. Оның екеуі Ақтөбе қаласында,  5 элеватор Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Қобда  аудандарында орналасқан. Қолданыстағы жеті элеватордың сыйымдылығы 395 мың тоннаға  лайықталған.

Бұдан өзге өңірдегі жеке шаруашылықтардың меншігінде 184 астық сақтайтын қойма бар.  Биылғы  күзде өңір шаруашылықтары   4217  гектар жерге қара бидай егіп тастамақшы. Айта кету керек,  соңғы 15-20 жылдан бері өңірде күздік бидай егу мүлде ұмытылған еді.