«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абайша айтқанда қалың жұртшылық тұғырына қонған ақын деп бағасын берген әрі лирикаға толы әуендерімен танымал тұлға Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері Исраил Сапарбай қоғамның бүгінгі рухани болмысына алаңдайды. Өмірін өлеңмен өріп, көңіл түкпіріндегі сезімдерді ізгілік, адамгершілік, қарапайымдылықпен байланыстыратын ақын күш-қайраты сарқылғанша еліне қызмет етуді мақсат етеді. Ұлт мұрасын насихаттауда тарих қойнауында жатқан, әлі де ғылыми айналымға енбеген шетел архивтеріндегі деректерді, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тұлғалар өмірін зерттеу ісін жалғастыру да ақын өмірінің бір парасындай. Ақынмен әңгімемізде бірқатар түйткілді жайттарға қаныққан едік.
– Исраил аға, «Мен алдымен ақынмын» дейсіз. Алайда сіздің әуезді әуендеріңізді естіген тыңдарман сазгерлігіңізге көңіл бөліп жатады. Көрермен драматургияңызға тәнті. Шығармашылықта қайсысына басымдық бересіз?
– Ақындық менің қаныммен келген, есейе келе саналы түрде таңдаған тағдыр-талайым. Негізі қазақ табиғатынан ақын халық қой. Сөздің нарқын, парқын білетін халық ретінде екі сөзінің бірі көркем үлгіге құрылады. Сонау Тоныкөк, Күлтегін заманынан қалған ұлттық мұрамыздың киесі – сөз. Осы сөздің құдіретін ұғына білген қазақ халқының бай мұрасы күні бүгінге дастандар, қиссалар, аңыз әңгімелер арқылы жетті. Тарихы тереңде жатқан талапшыл да, талғампаз халық үшін ақындық таңсық емес. Дегенмен бүгінде сөздің парқын қашырып алдық. Ақынбыз деп жүргендер көп. Кезінде Қадыр ағамыз Шығыстың жеті ақынын, Абайды туа біттіге жатқызса, тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен ғана келетін ақындық туралы да айтқан еді. Бала күнімде халық шығармашылығына қанығып өстім. Ал ақындық үздіксіз оқуды, зерделеуді қажет етеді. Бұл жолда жүздің ішінен озып шығу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ал мен көптің бірі болып қалғым келмейді.
– Өмірбаяндық деректеріңізге сүйенсек, «Қазақтелефильм», одан еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіндегі қызметтеріңіз жайындағы мәліметтер көзге түседі. Дегенмен, сіздің мақсат еткен салаңыз дипломатия болмаса керек деп топшылап отырмын.
– Дипломатиядағы қызметім кейінгі жылдардағы еңбек жолыммен байланысты. Ондағы мақсатым Өзбекстанға бару еді. Ол үшін үш ай тәжірибеден өтуім қажет екен. Содан 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша департаментінің IІ хатшысы болып істедім. Министр – қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Сегіз айғы жұмыс тәжірибемнен кейін істеген жұмысымды бағалап, Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдердің біріне баруымды мақұлдады. Арабия, Америка, Батыс елдеріне баруға тіл білмейтіндігімді айтып, Өзбекстанды таңдадым. Өйткені, Самарқан жерінде әкем жатыр әрі өзбектің тілін де, ділін де жете білемін. Сонымен қатар Ә.Бөкейхан, Н.Төреқұлов, М.Жұмабаевтай ұлт зиялыларының өмір-тарихын зерттеп, Кеңес Одағының Батыры, генерал С.Рақымов туралы кітап жазғым келген. Бұл елге барудағы мақсатым да осы еді. Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде екі жылдай ІІ хатшы болып қызмет еттім. Бірқатар зерттеулерге кіріскен кезімде белгісіз бір себептермен қысқарып қалдым. Кейіннен министрдің қабылдауына кірудің сәті түспеді... Көрші елде жасаған ауқымды еңбектерімнің бірі – «Имам Исмаил Бұхаридың «Ақиқи хадистері». Қазақстан Діни басқармасының сол кездегі Бас мүфтиі Ә.Дербісәлі менің аудармаларыммен жақсы таныс екен. Әбсәттар қажы әрі пединститутта бірге оқыған курстасым болып келеді. Елге оралғаннан кейін имандылық жайында журнал шығару туралы ойын білдірді. Бұл салада әжептәуір білімім бар, мүфтиятқа жұмысқа орналасып, «Иман» атты діни-рухани журнал шығарып, соған басшылық еттім.
– Әңгімеңізден бала күнде көңілге тоқыған ауыз әдебиеті үлгілерінің ақындыққа келуіңізге әсері көп болғанын әрі өзіңіз туып-өскен Самарқан жеріне деген сағыныштың табы байқалады. Өткен күндер сізді көп толғандыратын тәрізді.
– Туып-өскен Түркістан жерінен Самарқанға барғаннан әкемнің кәсібі ұсталық болыпты. Етік, мәсі тігіп бала-шағасын асыраған екен. Шамасы менің екі жасымда әкем өмірден озды. Бір анадан сегіз едік, көзі тірі төртеу ғана қалдық. Бейнесі есімде қалмағанмен, әкем жайлы ойлағанда көзіндей болған мына бір күміс құмғанға қарап, терең ойға шоматыным бар. Біздің балалық шағымыз ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Екі жарым жасымда сал болып қалған мені анам өзі емдеп алған екен. Жығылғанға жұдырық дегендей, бес-алтыға шыққанда асық ойнап жүріп екі аяғымды шоққа күйдіріп алыппын. Онда да анам бәйек боп жүріп ем-домын жасайды. Қатты күйіп кеткендіктен, аяғым қатты зақымданды. Балалардың келемежіне шыдамай, намысшылдығымнан түнде ай жарығында жаттығып жүріп, түзу жүруге машықтандым. Әйтпегенде, мүгедек болып қалуым әбден мүмкін еді. Есейе келе ағам Исмайыл Шымкенттегі Педагогикалық институтты тәмамдап, менің де жоғары білімге жолым түсті. Ал ақындығым ана сүтімен дарыған десем артық айтпаспын. Анамның айтуынша, нағашы ағайым Есалы суырып салма ақын екен. Мінезінің өткір, бет қаратпайтындығынан ауылдастары Шорағасы, Ожар деп атап кеткен. Артында не бір ауыз өлеңі, не перзенті қалмады. Ал он үш-он төртінде ұзатылған анам Айткүл барған жерінде атасымен де, қайнағасымен де, ауылдастарымен де айтысуға шебер болыпты. Анам «Нағашыңа тартқансың, бірақ оған жету қайда?» деп мені де жиі қайрап отыратын. Алла тағала ол күндерге жеткізсе, өмірімде ерекше із қалдырған анам жайлы, артта қалған сағыныш толы күндерімді де қағаз бетіне түсірмек ойым бар. Ал бала күннен қисса, дастандарды жаттап өскендігімнің ақындыққа келуіме әсері болмай қойған жоқ. Алғашқы ұстазым – Исмайыл ағам. Өзі де өлең жазатын. Пединститутты бітіріп келгеннен кейін аудандық газетте істеді. Бұл менің де өлең жазуға талпынған шағым. Қойын дәптерімде әжептәуір өлеңдерім бар. Бірде ағайым қолжазбамды көріп қалып, момындығыма бола ұрсып, өзі жетелей жүріп, аудандық газеттерде өлеңдерімді жариялады. Кейіннен «Лениншіл жасқа» шыға бастады. Содан бірде «Сенің жолыңды аштым, мен енді өлең жазбаймын», деп маған аманаттады. Әдебиет пәнінен берген Елтай ағайымды екінші ұстазым деп білемін. Ал Алматыға келгенде Кеңшілік, Жұмекен, Жарасқандардың мектебі ақындықтың тағы бір белесіне айналды.
– Ақындықтың аламан бәйгесіне түсу қанаты қатаймаған жас қаламгер үшін үлкен сынақ болғаны анық. «Аққу арман» атты алғашқы өлеңдер жинағыңыздың кештеу жарық көргендігі де көңіліңізге қаяу түсіргендей. Дегенмен, алдыңызда нақты мақсат тұрғанмен, ғылым саласы, журналистиканың да ауылын айналып өтпеген екенсіз.
– Уақыт тезінен қарағанда біраз жылдарымды үнемді пайдалана алмаған екенмін. Жиырма алтымда үйлі болдым. Әскері бар, студенттік шағым, журналистикадағы қызметіме байланысты шығармашылықпен толыққанды айналыса алмадым. Алматыға табан тіреген кезден бастап нағыз аламан бәйгеге түстім. Жоғарыда есімдерін атап кеткен жолдастарымның арасында, сондай-ақ әдеби ортада танылу жолында көп еңбектендім. Десем де, бала-шағасы жырақта, пәтерде жүрген ақында қандай күй бола қойсын. Облыстық газетте жүрген кезім. Бірде Алматыны аңсап жүргенімнен хабардар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Әмірсейіт Әлиев «партия мектебіне барасың ба», деді. Арманым қалайда Алматыға жету еді ғой, бірден келісе кеттім. Содан партия мектебіне түсіп, 1973-1975 жылдары білім алып шықтым. «Социалистік Қазақстанда» жинаған үш ай тәжірибем тағы бар. Осы кезде үй алатын мүмкіндік те туған еді, алайда жолым болмады. Енді қайда бармақпын, көңілім түсіп ауылыма қайта оралуыма тура келді. Ол кезде Жазушылар одағының үш облыста бөлімшесі ашылған еді, қызметімді сонда жалғастырдым. Ал аңсарым ауған Алматыға 1983 жылы қайта келудің сәті түсті. «Жазушы», «Жалын» баспаларында қызмет еттім. Ол кезде публицистикам да тәп-тәуір болып қалған. Содан мені «Қазақ әдебиетіне» Шерхан аға шақырды. Талапшыл еді ғой. Газетіміздің дүркіреп тұрған шағы. Сүйекті-сүйекті дүниелер береміз. Оралханмен де таныстығым осы кезден басталды. Бұл Шерағаның Оралханды Алматыға шақыртқан кезі болатын. Бүгінде журналистикада Шерхан ағаның орны ойсырап-ақ тұр... «Аққу арман» жинағым расымен де баспада бес жылдай жатып қалды. Өзі қалақтай ғана отыз шақты өлеңім енген жинақ болатын. Әне шығады, міне шығадымен уақыт сырғып өте берді. Мен де ақындығыма күмәндана бастағандаймын. Бір күні Жазушылар одағына келе қалған мені «Жалынның» сол кездегі бас редакторы Қабдікәрім Ыдырысов ағамыз кездестіріп қалып, «Өй, сен қайда жүрсің, кітабың шықты ғой», деді. Мен аң-таңмын. Қатты қобалжығаннан кітабымның сүйінші даналарын көре сала жанарыма жас келгенін де байқамай қалыппын. Осылайша қолтығымнан демейтін жан жоқ, Алматыға жалғыз келіп, күдерімді үзген сәтте «Аққу арман» маған үміт сыйлады. Осыдан кейін кітаптарым үздіксіз шыға бастады. «Аққу арманыммен» Одаққа мүшелікке өттім.
– «Қазақтелефильмге» «Қазақ әдебиетінен» кейін келдіңіз бе?
– Ойлап отырсам, еңбек жолымның қиыншылығы да, қызығы да жетерлік екен. Кейде жастық албырттықтан да көп нәрсенің парқын ұғына бермеген екенмін деймін. «Қазақ әдебиетінен» баспаға бардым, одан қайта айналып Шерхан ағаның қол астына оралғаннан кейінгі жұмысым «Қазақтелефильм» болды. Студияда деректі фильмдер түсірілетін. Тақырыптық жоспар бір жылға жасалады. Өндіріс толығымен орыс тілінде. Басшылық маған қазақ тіліндегі жобаларды дамытуды жүктеді. Сол кезеңде ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған үш бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілді. Одан кейін Шәмші Қалдаяқов туралы фильмді туған жері Шәуілдірге төрт операторымызбен бірге барып түсіріп қайтқан едік. Бүгінде осы фильмнің үзінділері көзіме оттай басылады. Студия жоспарында Шерхан ағамыз жайлы да деректі фильм түсіру болған еді. Бірақ «Қазақтелефильм» студиясы белгісіз себептермен тарап кетті. Дегенмен де халқымыздың маңдайына біткен Мұқағали мен Шәмшідей тұлғалар жайында түсірілген фильмдерде қолтаңбам қалды.
– Қадыр Мырзалиев ағамыз «Исраил біріншіден – ақын, одан кейін сазгер-драматургтігі бар, одан қалса публицистикасының өзі бір төбе» деп айтқанының негізі осындай еңбектеріңізге қарата айтылса керек...
– Алматыға орнығып өз-өзіме келген соң Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды тұлғалардың қасында жүріп, әкелік, ағалық қамқорлығын көп көрдім. Ақындықтың аңғал сәттерінде Сырбай аға мен Қасым аға қанатының астына алды. Тұмағаң – ақ көңіл баладай, ол кісіден жайсаңдықты үйрендім. Ал Қадыр ағадан мен көп керегімді алдым. Уақытқа үнемшіл, өзіне қатаң талап қоятын, өлеңдерін пышақтың жүзінен өткендей жылтыратып отыратын еңбекқорлығына қызықтым. Шашылып, төгіліп жүре беретін маған Қадыр аға бірде «Сен жолыңды ашып келесің. Ақын-сазгерсің, драматургияң бар, ал публицистикаң өз алдына» деп баға бергені шығармашылығымды шыңдай түсті.
– Аудармаларыңыздың ішінде сопылық ілімге қатысты шығармаларды көп кездестіреміз. Ал ұлы Абай жайында сөз еткенде, «өз Абайым – өзімде» дейсіз. Оның мәнісі неде?
– «Өз Абайым – өзімде» дейтінім, Абайды тануға, білуге тырыстым. Бірақ мен де, өзгелер де әлі күнге Абай философиясының кілтін таба алмай келеміз. Өлеңдері, қара сөзі қазақша бола тұра, байыбына бара алмадық. Ал өлең жазуда Абайдан, Мағжаннан жатық тіркес, шымыр ұйқасты қамтыдым. Ажарлы сөзді көңіліме тоқыдым. Абай шығармаларындағы қазақтың жазба әдебиетінің көркем үлгісін көрдім. Бала кезден бойыма дарыған халықтың ауыз әдебиетінің бай үлгілерін қаламыма арқау еттім. Ал аударма саласына келер болсам, иран, парсы тілін білмегендігім, шығыстың шайырларын аударуға көп кедергі келтірді. Аудармаларымның қатарында Омар Хайамның «Наурызнама», «Әмір Темір аманаты», Джордже Катичтің «Сәлемдемесі», «Лұқпан хакім», «Мың бір сауал» (Құранды тәпсірлеу), Әбдірахим Пратовтың «Бір тал гүл», Еркін Құшуақтовтың «Қызыл алма» драмасы және де Пушкин, Есениндей, т.б. орыс қаламгерлерінің еңбектері бар. Дегенмен, мың жылдық сопылық ілімнің кілті аспанда екенін айтқым келеді. Соңғы он-он бес жыл шамасында сопылық ілімді зерттеп, зерделеумен келемін. Бұл тақырыпқа кезінде Әбірәш Жәмішев, Фариза, Жарасқан да барды. Бірде Манкентке жолым түскенде музейден Қожа Ахмет Ясауидің еш жерде жарияланбаған хикметтерін қолыма түсірдім. Аударуға ұзақ дайындалғаныммен, кірісе алмадым. Мекемтас ағамыз бірде «Кілтін мен де таба алмай жүрмін. Естуімше Идирис Шах деген сопылық ақын бар екен. Соны іздестіріп көр», деді. Ол кітапты да қолыма түсірдім. Алайда, әзірге құпиясын таба алмай келемін. Гетенің өзі кезінде Шығыстың жеті шайырына қосылсам арманым жоқ деп бекер айтпаған. Шығыстың жеті ұлы шайыры Кеңес кезінде орыс тіліне аударылды. Ал қазақ тілінде аудармасы жоқ. Осы орайда Жазушылар одағы жанынан, болмаса дербес аударма орталығын ашудың қажеттілігі туындайды. Елімізде мықты деген тарихшылар да, философтар да, өзге салада ғалымдарымыз баршылық. Осы орайда, кезінде шетелдерге шашырап кеткен ғалымдарды жинау уақыт күттірмейтін мәселе деп ойлаймын. Әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл, Абайдың 175 жылдығы тұсында, сондай-ақ ұлттық мұрамыздың қайнарларын зерттеуде қазақ ғалымдарының бірлескен жұмысы қажет-ақ.
– Сіздің бүгінде жұртшылық сүйіп тыңдайтын екі жүзден астам әніңіз бар екен. Менің жобалауымша, бұл көрсеткіш бұдан екі есеге көп сияқты. Жасты да, кәріні де баурап ала кететін лирикалық туындыларыңызға әлі күнге сұраныс жоғары. Тыңдарман жүрегін қозғайтын әндердің өзегін қайдан аласыз, құпиясы неде?
– Сазгерлікке мен кейінірек келдім. Арнайы дипломым да жоқ. Өлең жазу үшін тебіренесің, еңбектенесің, ізденесің. Ал әуен маған ғарыштан келіп, аян береді. Рухани таза болмасаң өте кірпияз, үркітсең, қашырып аласың. Ар жағы маған да жұмбақ. Ән туа қалғанда дереу таспаға жазып ала қоямын. Бүгінде әлі сөзі жазылмаған алпысқа жуық әнім бар. Ал жарыққа шыққан әндердің статистикасын арнайы жүргізіп көргенім жоқ. Дегенмен деректерге зер салсам, сол төрт жүздің ар жақ-бер жағында сияқты... Өз басым көп түс көремін. Түсті періште, адами, шайтан түс деп жіктедім. Періште түс ғайыптан келеді. Жақында «Елес» деген поэма бастадым. Бұл сонау балалық шақта қалған оқиға. Жетінші сыныпта оқып жүргенде бір көшеде тұратын менен екі жас кішілеу қызбен арамызда бір сезім жылт етті. Осыдан үш төрт ай бұрын сол қыз баяғы кейпінде менің түсіме енді. Ол қандай сезім, түсінбеймін. Алдағы уақытта сахналық дүние жасамақ ойымда бар. Ал драматургияға мен саналы түрде қадам бастым. Бүгінде пьесаларым он беске таяп қалды. Кейде тақырып таңдаудағы ізденістерімде журналистикадағы қызметімнің де пайдасы болды деп ойлаймын. Қалаға келгенде жалғыз басты кемпірдің үйін жалдап тұрдым. Сонда ауылдан келген жас қыздарға пәтер тауып беріп, оқуға түсіргенсіп, алдап жүретін әйелдің кесірінен тағдыры бұзылған қазақ қызының өмірі «Ауылдан келген ару» шығармама арқау болды. Он жылдан астам жастар театрында қойылды. Жазылғанына да отыз жылдай болып қалыпты. Одан кейін «Әмір Темір», «Абай – Тоғжан», «Сыған серенадасы» жазылды.
– «Сыған серенадасы» пьесаңыздың жазылу тарихына қатысты екіұшты пікірлер көп айтылды. Пьеса төңірегіндегі әңгімелердің негізсіз екендігі де жиі көтерілгені белгілі. Көркем туынды үшін нақты фактілердің болуы маңызды ма?
– Ауруханада жатқанда Шәмші ағаның көңілін сұрай бардым. Палатада жалғыз өзі жатыр екен. Мені бірден таныды. Шай демдеп, жастығын ыңғайлап, сұрағыма жауап іздей келгенімді айттым. «Вальс королі» деген пікірмен келіспейтінімді әрі ырғақты әндерінің көп екендігін айтып, ой тастадым. Әсіресе, шығармашылығында өзге әндері бір төбе болса, «Сыған серенадасының» орны биікте екендігін жеткіздім. Осы бір бес минуттық әңгімеде осы әннің тарихына қанық болдым. Әсерлі кездесуден кейін көркем очерк, поэма жазсам деген ойдың жетегінде жүріп қалдым. Ақыры пьеса жазам деп шештім. Содан «Сыған серенадасы» пьесасын Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрына ұсындым. Өкінішке қарай екі жылдан астам жатып қалды. Одан кейін театр жариялаған бәйгеден іріктеліп, М.Әуезов театрында сахналанды. Пьеса сахналанғанға дейін Шәмші аға қайтыс болып кетті... Көпен кітап шығарды. Осы сәтте Шәмшіні де тани алмай жүрміз-ау деген ойға қалдым.
– Сіз «рухани тойымсыз адаммын. Басымды тасқа да, тауға да ұрамын» дегенді жиі айтасыз. Қазір не жазып жүрсіз, шығармашылығыңызда оқырманыңызды, көрерменіңізді, тыңдарманыңызды селт еткізер қандай туындыларыңыз бар?
– Еліміз үлкен қиындықтар кезеңінде тұр. Індеттің салдары да оңай болған жоқ. Бірде Алматыға бара қалсам, қалада жан адам көрінбейді, жым-жырт. Содан пандемияға байланысты бірнеше өлең жаздым. Дегенмен, шығармашылық адамы тыныштыққа, үй жағдайындағы жалғыздыққа үйірсек келеді ғой. Соңғы уақытта «Қазына» кітап үйінен биыл жарық көрген «Ой тұмар» жаңа жинағымды мемлекеттік сыйлыққа ұсындым. Бұл он-он бес жыл бойғы еңбегімнің жиынтығы. «Әлем. Әйел және мен» кітабым мен бірнеше қолжазбам даяр тұр. Бүгінде әйел адамның құпиясын ашқан адам жоқ. Ел басына күн туған қандай кезеңдерде де қазақ қызы өз тұғырынан, биігінен түспеген. Ал қазақ жігіттерінің ұсақталып, көше сыпырып жүргеніне қынжыламын. Соңғы жазған «Адам ата – Хауа ана» пьесамды театр репертуарына ұсындым. Адам жаратылысы жұмбақ қой. Бұл ешбір драматург жазбаған рухани шығарма. Шет тілдеріне аударылса, әлемдік деңгейге шығар еді деп те ойлаймын. Ал «Сен ертең өлесің!» дейтін екінші шығармамның негізі осыдан жеті жыл бұрын қаланды. Ес пен түстің арасында аян болып келген пьеса да заман үдесінен шығады деп ойлаймын. Байлықтың соңында кеткен ақшақұмарлар үшін тәрбиелік мәні бар туынды. Осы орайда театрларға бүгінгі қоғам мәселесін, адам өмірін бейнелейтін көрерменге ықшам, шынайы қойылымдар керек. Дегенмен театр сыншысы, зерттеушісі сиреген қоғамда театрлардың да беделі төмендеп қалғандай көрінеді. Директор әрі көркемдік жетекшісі Е.Обаевтың шақыруымен М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында да екі жылдай әдеби кеңесші қызметін атқарғаным бар. Ал бүгінде драмаға арқау болатын тақырып көп. Драматургтеріміз де баршылық. Бірақ театрлармен арада байланыс кемшін.
– Әдетте әдебиет, өнер жолындағы тұлғалар отбасына, бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадым деген өкінішін айтып жататынын естиміз. Сіз балаларыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Өнер жолына келгендері бар ма?
– Қалам, қағаз ұстағаннан кейін отбасындағы тірлікке, бала тәрбиесіне көп араластым деп айта алмаймын. Өмірлік серігім Жұпардың арқасында балаларым өсіп, есейді. Қызым – Жанар Чайковский атындағы училищені бітірген. Ортаңғы балам Нұрлан Түркиядан білім алып келді. Бүгінде түрік компаниясында еңбек етіп жүр. Кенжем – Еркебұлан скрипкашы. Бала кезінен музыка тыңдап өскендіктен бе, тұла бойына музыка сіңіп кеткендігін байқаймын. Мәскеуден консерваторияны бітіріп келді. Алматыда консерваторияда сабақ береді әрі Жамбыл атындағы филармонияның солисі, симфониялық оркестрдің концертмейстері. Кішкентай екі немерем де осы өнер жолында келеді. Есейгенде болашағын өздері бағамдай жатар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»