Жуырда Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қорғаныс және ішкі істер салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жеңілдету туралы ұсыныстар талқыланды. Бұл цифрлық комиссарлардың қатысуымен өткен алғашқы отырыс.
Отырыста әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оны тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды. Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады, ал әскери міндеттілігі туралы хабарлама «электронды үкімет» порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі.
«Бұл ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда азаматтардан әскери билеттің түпнұсқасы талап етілмейді және бюджеттік шығындарды 100% үнемдеуге мүмкіндік береді. Қажетті деректердің бәрін egov.kz. порталы арқылы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінен алуға болады. Біз сондай-ақ азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде біздің дерекқорымызға түседі де, бірден әскери есепке аламыз. Бұл үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жалпы, біз 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыруды ұсынамыз», дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді композиттік тәсілмен, яғни «бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені» қағидаты бойынша көрсету ұсынылды. Осылайша, азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезінде оған автоматты түрде «запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын (әскери билеттің орнына уақытша куәлік) беру» мемлекеттік қызметін көрсету туралы хабарлама жолданады.
Сондай-ақ отырыс барысында автокөлік құралдарын тіркеу, кепілді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға қатысты мәселелер талқыланды. Бүгінде бұл қызметтер порталда қолжетімді, алайда аталған мемлекеттік қызметтердің түрлерін көбейту, сол арқылы оны алу тәртібін жеңілдету ұсынылды.
«Бұл мәселе өзекті. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Қаралған ұсыныстар осы тапсырманы іске асыру шараларына өзек болады. Техникалық тұрғыдан бұған дайынбыз, ендігі ортақ міндетіміз – барлық бизнес-процестерді бірлесіп пысықтау және осы бағытта жұмысты бастау», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.
Отырыста цифрлық комиссарлар ішкі істер органдары көрсететін бірқатар мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетуді ұсынды. Бұл бойынша жауапты органдарға оны іске асыру тапсырылды.