Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша міндеттерді айқындап берді. Соның ішінде елдегі стратегиялық жоспарлау жүйесін одан әрі дамыту керектігін баса айтты.
Қазақстандағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі тәуелсіздік алғаннан бері жаһандық тәжірибелерге сәйкес үнемі жетілуде. Қазіргі таңда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мақсатына жетуге бағытталған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нормативті-құқықтық және әдістемелік негізі қаланды. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, стратегиялық жоспарлар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары әзірленіп, іске асырылуда. Құжаттардың тиімділігін арттыру мақсатында оларға жүйелі түрде мониторинг және бағалау жүргізіліп отыр. Сонымен бірге нәтижеге бағытталған бюджеттендіру қағидаттары енгізілуде.
Мемлекеттік жоспарлау саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан әлі де шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. Атап айтсақ, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауда үйлесімнің жеткіліксіздігі, құжаттарды әзірлеу және бағалау процестеріне халықтың белсенді қатыспауы, құжаттар санының көптігі. Бұл мәселелердің барлығы елдің стратегиялық мақсаттарына жетуіне кедергі келтіруде. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Осы орайда Президент Жолдауында айтылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру уақтылы шешім болып табылмақ. Қазіргі таңда ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге байланысты әлемдік және ұлттық экономикада болып жатқан өзгерістер Қазақстанда экономиканы дамыту бойынша жаңа реформалар мен бастамалар талап етуде. Бұл ретте стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша Президентке бағынышты жеке мемлекеттік құрылымның болуы елдегі мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңыздылығын арттырады. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға алып келетін сапалы экономикалық өсуді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Гүлнар ШАҒАМБАЕВА,
Қазақстанның жеке жұмыспен қамту агенттіктері қауымдастығының директоры